Каспий құбыр консорциумының (КТК) Краснодар өлкесіндегі мұнай айдау станциясы дрондар шабуылы салдарынан ауыр зақымданды. Оның жөнделуі 1,5-2 айға созылуы мүмкін. Бұл туралы халықаралық консорциумның ресейлік акционері «Транснефть» компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
«КТК мамандарының пікірінше, аталған шабуылдың салдарын 1,5-2 ай ішінде жою жоспарланған. Бұл Қазақстаннан айдалатын мұнай көлемінің шамамен 30%-ға төмендеуіне әкелуі мүмкін…
Шабуылдың нәтижесінде нысанға ауыр зақым келді: шатыр бұзылды, жабық тарату құрылғысы, газ турбиналық қондырғысы (ГТҚ) зақымданды, кабельдер мен кабель эстакадасы, су резервуары, екі трансформатор, сүзгілер мен ГТҚ өрт сөндіру жүйесі жойылды», - деп атап өтті компания.
Қазіргі уақытта «Теңіз-Новороссийск» магистральдық мұнай құбыры арқылы мұнай тасымалдау апаттық схема бойынша уақытша тоқтатылған “Кропоткинская” мұнай айдау станциясын айналып өтіп жатқаны хабарланды.
“КТК жүйесі бойынша 2024 жылы тасымалданған мұнай көлемі 63 миллион тонна болды, оның 74 пайызы америкалық және басқа да батыс жүктерінің үлесіне тиеді”, - деп мәлімдеді «Транснефть».
«Консорциумның әлемдік энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі және қатысушы елдердің экономикалық мүдделерін жүзеге асырудағы рөлі барлық КТК акционерлері мен тиісті мемлекеттер басшылығы тарапынан бір ауыздан мойындалады. Бұл консорциумға ешқашан санкциялар немесе шектеу шаралары енгізілмегенінен айқын көрінеді», - деп баса айтты компания.
Еске салайық 17 ақпан күні Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдау нысаны — «Кропоткинская» мұнай айдау стансасы дрондар шабуылына ұшырағанын хабарладық.
Кейін Украина жасалған шабуылды ресми түрде мәлімдеген еді.