Президенттің кез келген тап­сырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды - Берік Уәли

848
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Президент кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәлиұлы “Айқын” агенттігіне сұхбат берді.

Үкі­мет­тің кеңейтілген отырысында Мемлекет бас­шысы еліміздің даму мақсаттарына сай ке­летін көптеген міндетті белгілеген. Берік Уәли бірнешеуін сұхбатта атап өтті.

“Бұл – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін өте кең форматтағы басқосу. Жиында Үкімет мүше­лері­нің алдағы жылы атқаратын қызметінің негізгі бағыт-бағдарына басымдық беріледі. Сондықтан кеңейтілген отырыстағы Президенттің кез келген тап­сырмасы мен бастамасы еліміздің дамуы үшін аса маңызды. Қасым-Жомарт Кемелұлы саясат­та­ғы ұтқырлықты әлеуметтік-экономикалық да­му­дағы нақты қадамдармен үйлестіруді жөн са­найды. Яғни, түбегейлі өзгерістерге жол ашқан ре­­­формалардың орындалуы еліміздің әл-ау­қатынан да көрініс табуға тиіс. Осы ретте бір жыл бұрын жаңадан жасақталған Үкіметке өте үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Өйткені Пре­зи­ден­тіміз айтқандай, қазіргі кезең жаһан жұртшылығына жеңіл тиіп отырған жоқ. Ірі державалар арасындағы әр­түрлі текетірес, соның ішінде экономикалық санкциялар саясатын күшейту, әр жерде маздаған кикілжіңдер мен бейбіт тұрғындардың мазасын қа­шырған қарулы қақтығыстар бүгінде әлем ел­дерін қатты алаңдатады. Сондай-ақ соңғы жыл­дары климаттық өзгерістер де анық байқала бас­тады. Технологиялық жарыс нәтижелері бұрын-соңды болмаған бәсекелестік тудырды. Міне, осы іспетті сын-қатерлер елімізді барлық салада бет­пе-бет келетін күрделі күрмеулерді дер кезінде, тіп­ті алдын ала шешіп отыруға міндеттейді. Шиы­рып айтқанда, көрпеге қарай көсілетін уақыт кел­ді. Мемлекет басшысы бюджет қаражатын оң­тайлы жұмсау, мемлекеттік құрылымның тиім­ділігін арттыру, артық шығынды болдырмауға баса мән беру керегін қадап айтты. Президент баян­да­ма­сының негізгі жүлгесі осыған саяды”, - деді Берік Уәли.

Сұхбат барысында экономикалық даму мәселел­ері де талқыланды.

“Экономика – мемлекеттік дамудың негізгі өзе­гі. Әлбетте, отандық экономика, жоғарыда айтқандай, күллі әлемде орын алып жатқан түрлі тартыстың салдарын сезініп отырғаны белгілі. Өйткені біздің басты қағидатымыз бойынша, Қазақстан – әлемдік қауымдастықтың белсенді мүшесі. Бұл экономикаға да тиесілі ұстаным. Сон­дықтан жаһандық сауда тізбегіне келтірілетін қандай да бір нұқсан біздің экономикамызға да әсер етпей қоймайды. Осы жағдайда орнықты дамуды қалай қамтамасыз етеміз деген орынды сауал туады. Бұл жөнінде Президент бұған дейін де айтып келеді. Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысында осы бағыттағы стра­тегияны тағы да пысықтап, Үкімет пен құзырлы органдар басшылары үшін не­гізгі мәселелерді қайтара еске салды. Мәселен, ел экономикасын әртараптан­дыру – өте маңызды бағыт. Соның ішінде осыған дейін оң өсім тіркеліп келе жатқан өңдеу өнеркәсібіне барынша жағдай жасалып жатқанына тоқталды. Ерекше назар ау­даратын дүние, ірі өнеркәсіп жобаларының іске асырылуы баяу жүріп жатқанын сынға алды. Оны елден шы­ғар­ылған заңсыз активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажеттігін айтты. Үкіметке орта буындағы кәсіпорын­дар шоғырын қалыптастыру туралы тап­сырма берді. Қазір әлем­де көптеген ел тиімді пайдаланып отырған туризм са­ла­сынан да қаржы табуды жөн санайты­нын жет­кізді. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арт­тыру бағытындағы маңызды бастамалар бар. Екін­ші деңгейлі банктердің экономиканы қаржы­ландыруы тұрғысынан нақты міндеттер жүктеді. Игерілуі күрделі кен орындарын эконо­ми­калық ай­налымға қосу туралы ойымен бөлісті.

Тағы бір мән беретін мәселе бар: Үкі­­мет­тің кеңейтілген отырысында қос­ымша құн салығын көтеруге қатысты ұс­ы­н­ыс айтылғаны баршаға аян. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланды. Қарапай­ым жұртшылықтан бастап сарапшыларға дейін осыған қатысты ойларымен бөлісті. Президент те аталған мәселеге жіті көңіл бөліп, өткен аптада отандық бизнес өкіл­дерімен кездесуде өзінің пікірін жеткізді. Мемлекет басшысы кез келген реформаны жан-жақты сараптап, бай­ып­пен жүргізген жөн екенін атап өтті. Пре­зидент бұл тарапта түрлі нұсқаны қарастырып, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс екеніне ерекше мән берді. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, сарап­шылар мен депутаттардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керегін қадап айтты.

Осылайша, Мемлекет басшысы стра­те­гиялық бағыттарды белгілеп, желдің қай жақтан соғатынын, оған қарсы амал­дарды санамалап айтып берді. Енді Үкі­мет мүшелері мен басқа да тиісті ор­гандар осы міндеттерді орындауға жан-тәнімен кірісіп, бүкіл күш-жігерін жұ­мыл­дыр­уы керек. Бұл ретте Президент эко­номиканың барлық саласына ин­вес­тиция тартудың өте өзекті екенін атап көрсетті”, - деп жауап берді Берік Уәли.

Баспасөз хатшысының сөзінше, еліміздегі қазіргі инвестиция­лық климат штабы құрылған.

“ Мемлекет басшысының бастама­сымен елімізде Инвестициялық штаб құ­ры­л­ғанын жақсы білесіздер. Бұл бюро­кратиялық кедергілерге, топтық мүдделерге қарсы тұратын, құқықтық тұрғыдан ин­вес­торды қорғай алатын қабілетке ие институтқа айналуға тиіс. Штабтың тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдай жасалып, оның орындалуын Қасым-Жомарт Кемелұлы тікелей бақылауында ұстап отыр. Дегенмен Президент Үкіметтің міндеті инвесторлар­дың жекелеген мәселелерін шұғыл шешу ғана емес, еліміздегі жалпы инвестициялық ахуалды жақсарту екенін ерекшелеп айтты. Былтыр жыл соңында республика­лық басылымдарға жазған мақаламызда да атап өткенбіз, Президент 2024 жылы жиырмадан астам мемлекетке сапармен барды. Көптеген халықаралық жиынға қатысты. Соның бәрінде ең әуелі мемле­кеттер басшыларымен және шетелдік бизнес өкілдерімен кездесіп, еліміздегі шешімін таппай жатқан салаларға қаражат тартуға тікелей бастамашы болып келеді. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан экономикаға инвестиция тарту көрсет­кіштері бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Бірақ Президент оған тоқ­мейілсуге болмайтынын жеткізді. Өйткені біріншіден, елімізде бюджет тапшылығы орын алып отыр. Инвестицияның азаюын бюджет есебінен өтеу қысқамерзімді ғана нәтиже беретінін тілге тиек етті. Сол себепті өңірлерге, Алматы қаласына құйылатын шетел инвестициясын арттыру міндеті қойылды. Үкіметтен барлық деңгейде, яғни орталық болсын, ірі қалаларымыз болсын, өңірлеріміз болсын, инвестор әкелуге қолайлы жағдай жасай­тын біртұтас экожүйе құру талап етіледі. Екіншіден, қазір әлемде сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеуге артып келе жатқан сұранысты тиімді пайдалану керек. Осы мақсатта еліміздің әлеуетін дұрыс іске асырған жөн. Мәселен, Үкімет басшысы елімізде аталған бағытта 17 кен орны ашылғанын айтты. Оның ішінде литийдің орны ерекше. Міне, осы салаға инвестиция тартылса, озық технологиялар келсе, шетелдік және отандық инвестор­ларға бірдей жағдай жасалса, еліміздегі инвестициялық климатты айтарлықтай жақсарта түсетіні анық. Қазір бұл тарапта геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін инвесторларға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Яғни, олар өз шығындары есебінен әрі барлау жүргізеді, әрі жер қой­нау­ын пайдалану құқығына ие болады. Осы ретте елімізде Жер қойнауын пайда­лану бойынша реформа жүргізіліп, оның заң­намалық платформасы әзірленіп жа­тыр. Жалпы былтырғы құйылған қар­жы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда шетелдік инвестицияның біршама кемі­генін көрсетеді. Бұл – түсінікті. Себебі қазір дүниежүзі бойынша инвестицияға талас жүріп жатыр. Елдің орнықты даму­ын қамтамасыз етуде инвестицияның рөлі өте үлкен. Мемлекет басшысы эко­номикаға инвестиция тарту еліміздің әлемдік картадағы орнын анықтайтынын айтып, бұл істің мәні зор екенін жеткізді”, - деді Берік Уәли.

Отырыс барысында Президент елімізді лақап атпен атаушыларға қатысты сөз сөйлеген.

“Әлбетте. Қазір адамдар әлеуметтік желілердегі қажетті-қажетсіз ақпарат тасқынынан өзін қорғай алмай, сана сүз­гісінен өткізбей, әртүрлі ойдың жетегіне оңай ілесетінін байқауға болады. Бұл, өкінішке қарай, кейбір азаматтарымыздың алтын уақытын тиімді пайдалана алмай­тынын, жеңіл-желпі бөстекі сөзге үйір екен­ін меңзегеннен айтылған пікір бола­­тын. Мемлекет азаматтардың қалауын шектемейді. Бірақ әлеуметтік желіні де тиімді пайдаланып, табыс табуға, қоғамдық ой-сананы озық ету үшін үлес қосуға болады. Сондықтан әлдекімдердің қарау ниетінен, тіпті қоғамдық пікірді манипуля­циялаудан туатын, мемлекет беделіне нұқсан келтіретін арзан сөздерді қоғам болып тыйған ләзім. Президент осыған үндеді. Еліміздің жақсы атын ел азаматтары шығарады. «Заң мен тәртіп» қағидаты да осыған негізделген. Біз өзіміздің құ­қығы­мызды қалай қорғасақ, мемлекетіміз­дің де беделін солай сыйлауға әрі қорғауға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің еңсесі кө­тер­­іледі. Сол үшін бір-бірімізді бекер жәбірлемей, ортақ игі іске жұмылып, мем­­лекетшілдік сананы орнықтыра бер­геніміз жөн. Қадыр Мырза Әлінің «Тәу­ел­сіздікті сәт сайын қорғау керек» деген қанатты сөзі бар. Мемлекеттің ар-намысы әр азаматының ұяты мен ожданына ай­на­луы керек”, - деп жауап берді Берік Уәли.

Сұхбат барысында көлік-транзит, әлеуметтік, цифрлық тақырыптар да қозғалды.

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Девушка из г Вашингтон опозорилась на всю Беларусь! Видео ошеломит
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Стальная потенция будет всю ночь! Вот что нужно сделать вечером
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Танец на выпускном взорвал сеть: смотреть без детей
Пікірлер