Қазақстан мен Франция Балқаш көлін сақтау туралы келісімге қол қойды

275
Adyrna.kz Telegram

Сауд Арабиясында өткен One Water саммитінде Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі, Францияның Даму агенттігі (AFD) және Францияның Геология және тау-кен зерттеулері бюросы (BRGM) үшжақты ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эммануэль Макрон қатысты.

Бұл құжаттың мақсаты – Балқаш көлін сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің атынан келісімге қол қою рәсіміне бірінші вице-министр Болат Бекнияз қатысты.

Келісім аясында Балқаш көлінің су ресурстарын басқаруды дамыту үшін Су ресурстары және ирригация министрлігіне 1,35 миллион еуро көлемінде грант бөлінеді.

Француз тарапы Балқаш көлінің бассейніне ауқымды зерттеу жүргізіп, оның нәтижелері бойынша 2040 жылға дейінгі ұзақ мерзімді бас жоспар әзірлейді. Бұл жоспар ішкі су ресурстарын сақтау шараларын қамтиды.

Сонымен қатар, министрлік BRGM ұйымымен су ресурстары саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

— AFD және BRGM ұйымдарымен үшжақты келісім Балқаш көлінің бассейніндегі су ресурстарын зерттеу мен тұрақты басқаруға бағытталған. Құжат су сапасын өлшеу мен талдау, климаттық және антропогендік әсерлерді модельдеу, сондай-ақ 2040 жылға дейінгі су балансының болжамын қамтиды.  Зерттеу нәтижесінде өзендерді тазарту, топырақтың деградациясы мен судың ластануын болдырмау, балық шаруашылығы мен экологиялық туризмді дамыту, сондай-ақ көлді қорғауға арналған нормативтік-құқықтық база құру бойынша шаралар жүзеге асырылады, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Пікірлер