Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов бірқатар шенеунікті қызметінен босатты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ферғана агенттігінің мәліметінше, 7 ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов бірқатар жоғары лауазымды тұлғаны қызметінен босатты.
Министрлер кабинетінің мүшесі, елдің экономика және қаржы министрі Сердар Джораев 2024 жылы атқарылған жұмыстар туралы есеп бергеннен кейін қызметінен босатылды. Ол мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігі 105,9%-ға, шығыс бөлігі 99,9%-ға орындалғанын мәлімдеген еді. Президент оның орнына министрдің орынбасары Мамметғұлы Астанғұловты тағайындады.
Мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі вице-премьер Мяхриджемал Маммедова да қызметінен босатылды. Ол Махтумқұлы Фраги ақынның 300 жылдығына арналған іс-шаралар, шығармашылық конкурстар мен мәдени жобалар туралы баяндаған. Бірақ президент оның жұмысына қанағаттанбағанын білдіріп, орнына Бахар Сейідованы тағайындады.
Ахал уәлаятының әкімі Солтанмырат Солтанмырадов та қызметінен айырылды. Оның орнына Тойғұлы Нұрмұрадов тағайындалды.
Президенттің айтуынша, 2024 жылы елдің жалпы ішкі өнімі 6,3%-ға өсті. Өнеркәсіп 1,5%-ға, құрылыс саласы 11%-ға, көлік және байланыс саласы 7,2%-ға, сауда 10,1%-ға, қызмет көрсету саласы 8,6%-ға артты. Сонымен қатар, жалақы 10,6%-ға өсіп, зейнетақы мен жәрдемақылар уақытында төленген.
2025 жылы Түрікменстанда 500 мың шаршы метр тұрғын үй, 4620 орындық мектептер және 2000 орындық балабақшалар салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, бірнеше халықаралық іс-шаралар өткізіледі.
Президент Сердар Бердімұхамедов елдің әрі қарайғы дамуына сенім білдіріп, халықтың еңбегі мен бірлігінің арқасында жаңа жетістіктерге жететінін атап өтті.