Бразилияның Формоза қаласының 69 жастағы тұрғыны өзін Илон Маск деп таныстырған алаяққа сеніп, оған 25 миллион теңгеге жуық қаражат аударған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DailyMail сайтына сілтеме жасап.
Әйел әлеуметтік желі арқылы "миллиардермен" танысып, онымен бірнеше ай бойы хат жазысқан. Ол алаяқтың сөзіне сеніп, тіпті оның нөмірін "Менің махаббатым Илон" деп сақтап қойған.
Біршама уақыттан кейін ер адам оған гүлдер мен зергерлік бұйымдар жіберуге уәде беріп, ақырында ақшалай көмек сұрай бастаған. Алдымен 172 және 517 доллар, кейінірек 10 696 және 15 865 доллар аударуға көнген.
Әйел үйін кепілге қойып, 86 мың доллар несие алуды жоспарлап жүрген кезде, оның балалары күдіктене бастады. Олар анасын сақтандыруға тырысты, бірақ әйел "Илон Масктың" адалдығына сеніп, ақшаны жіберуді жалғастырды.
Алаяқ оған үш күн ішінде 600 000 доллар аударатынын айтып, сендірген. Бірақ балалары араласқаннан кейін әйел байланысын үзді.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қылмыскерді іздеуде.