«Қазақстаннан да Илон Маск шығады»

75
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/hl37OW38g6NqkavBKERPROANyL8C0m3g6Dvglbaq.jpg

Белгілі қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің айтуынша, жастарға шабыт беретін, олардың арманын оятып, ізденуге жетелейтін тұлғалар туралы еңбектерді көбейту қажет. Ол әлемге жаңашылдығымен танылған Илон Маск секілді адамдардың табыс жолын зерттеумен қатар, Қазақстаннан да сондай ауқымды ойлайтын, технология мен ғылымда серпіліс жасайтын азаматтарды кеңінен насихаттау маңызды екенін атап өтті.

Бұл туралы ол "Адырна" ұлттық порталына берген сұхбатында айтты. 

Оның пікірінше, қазақ жастарының арасынан да өз Илон Маскі шығуы әбден мүмкін. Ол үшін жас ұрпаққа нақты үлгі болатын оқиғалар көбірек айтылып, ғылымға, технологияға және кәсіпкерлікке қызықтыратын тұлғалардың өмір жолы кеңінен таныстырылуы керек.

Сонымен қатар, бұл мәселе тек кітап жазумен шектелмеуі тиіс. Мұндай оқиғалар оқырманға қызықты форматта ұсынылып, қоғамға кеңінен насихатталғаны маңызды. Өйткені сапалы еңбек жазылғанымен, оны аз ғана адам оқыса, негізгі мақсатқа жету қиын. Сондықтан ғылым, технология және кәсіпкерлік саласында жетістікке жеткен тұлғалар туралы кітаптармен қатар, деректі фильмдер, сериалдар және білім беру жобалары да көбірек жасалуы қажет.

«Адам армандап, қиялдай білуі керек. Мысалы, қазір бір ғана Илон Масктың өзін алып қараңызшы. Осыдан 5-6, 10 жыл бұрын электрокарлар, болмаса Марсқа ғарыш кемесін ұшырып, зерттейді деп кім ойлады?! Маск адамзат көшінде бір өзінің жасаған идеясына жақында ғана 76 млрд доллар инвестиция құйып отыр. Айтқан сөзіне, оның үсынған жобасына Америка, Қытай қолдау білдіріп отыр. Қазір ғарышты, Айды игеруге де әлем елдері, адамзат баласы қызығушылық танытуда», - деп атап өтті қоғам қайраткері.

Айтуынша, ғарышты бағындыруға біздің жастардың да әлеуеті мен мүмкіндігі жоғары.

«Біздің Байқоңырымыз тұр. Ғарыш саласын оқып, зерттеп жүрген жастарымыз да баршылық. Қазір қазақ мойнын бұруы керек. Өйткені, ертең технологиясына ие болып, ашық тұрған кеңістіктерді меңгеріп, қазақ ұлты кіруі керек», - дейді Нұртөре Жүсіп.

Пікірлер