АҚШ президенті Дональд Трамп трансгендер спортшы әйелдердің әйелдер арасындағы спорттық жарыстарға қатысуына тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Бұл туралы ол Ақ үйде әйелдер мен қыз спортшылардың алдында мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
"Бұдан былай әйелдер спорты тек әйелдерге арналған", – деді Трамп жарлыққа қол қою рәсімінде. Сондай-ақ, АҚШ-тың трансгендер спортшыларға виза беруден бас тартатынын атап өтті.
Жарлық негізінен мектептік, университеттік және әуесқой жарыстарға қатысты болады. Алайда, Трамп 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына дейін Халықаралық Олимпиада комитетінен трансгендер спортшыларға қатысты ережелерді қайта қарауды талап ететінін мәлімдеді.
Жарлықта "Көптеген білім беру мекемелері мен спорттық қауымдастықтар ер адамдарға әйелдер спортында жарысуға рұқсат берді. Бұл әйелдер үшін қорлау, әділетсіздік және қауіп төндіреді, сондай-ақ оларды тең мүмкіндіктерден айырады" делінген.
Сонымен қатар, Трамп инаугурациясы кезінде АҚШ мемлекеттік саясаты тек екі жынысты – еркек және әйел деп танитынын жариялап, осыған сәйкес жарлыққа қол қойды.
CNN мәліметінше, жарлыққа қол қою алдында Трамп өткен жылғы Париж Олимпиадасында әйелдер арасындағы бокс жарыстарында алтын медаль жеңіп алған екі спортшының трансгендер екенін айтқан. Алайда, бұл мәлімет шындыққа сәйкес келмейді. Алжирлік Иман Хелиф пен Тайваньдық Линь Юйтин жынысын өзгертпеген және әрдайым әйелдер арасында жарысқан.
Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах бұл екі спортшының әрдайым әйел ретінде танылғанын және олардың гендерлік сәйкестігіне ешқашан күмән туындамағанын мәлімдеді.