Тараздан шыққан тарланды жерлестері құрметтеді

3653
Adyrna.kz Telegram

Тараз топырағынан түлеп ұшып, исі қазаққа танылған азаматтар жетерлік. Солардың бірі һәм бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков.

Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековпен рухани кездесу өтті. Басқосуда әңгіме арқауына айналған тақырып – облыстың 80 жылдығына орай жарық көретін көптомдықтың дайындалу барысы болды.

Биыл Жамбыл облысы өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Осы мерейтой қарсаңында Жамбыл облысының 80 жылдық тарихынан сыр шертетін көптомдық шығару жоспарланып отыр.

Облыстық мемлекеттік архивтің мұрағаттанушысы Мақұлбек Рысдәулеттің айтуынша, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен дайындалып жатқан көптомдықтың алғашқы легі дайындалып, баспаға жіберілген. Ардагер журналист аталған көптомдық облыстың 80 жылдық мерейтойына арналған айрықша тарту болатынын ескертті.

Ал Мырзатай Жолдасбеков болса көптомдықты әзірлеу барысында асығыстыққа жол беруге болмайтынын жерлестеріне айтты. Сондықтан да ол бұл істе асқан жауапкершілік таныту керектігін жеткізді.

«Жас ұрпақ елдің, өңірдің тарихын, өзінің түп тамырын біліп жүруі тиіс. Сондықтан сіздердің жасап жатқандарыңыз – алғыс айтуға, құрмет көрсетуге тұрарлық ізгілікті бастама. Бірақ асықпау керек. Жан-жақты саралап, жеті рет өлшеп, бір рет кескен жөн. Мәліметтердің бұрмаланбауына назар аударыңыздар. Білмегенді сұраудың ешқандай да сөкеттігі жоқ. Білмегендеріңіз болса ақыл-кеңес айтып, көрген-түйгеніммен, қолымда бар деректермен бөлісуге дайынмын», – деді Мырзатай Жолдасбеков.

Кездесуде келелі кеңес айтқан ғалым өзінің бірқатар құнды еңбектерін Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қорына сыйға тартты.

Бұдан кейін ол Тараз қаласындағы «Мөлдір» мейрамханасында өңірдің белгілі тұлғаларымен, зиялы қауыммен, мәдениет пен өнер, әдебиет, руханият саласының өкілдерімен жүздесті. Жиында облыс әкімі Асқар Мырзахметов сөз сөйлеп, еліміз Тәуелсіздігінің қалыптасу жылдарында Елбасының сенімді серігі болған, көрнекті ғалым Мырзатай Жолдасбековтің мемлекеттің дамуына қосқан зор үлесіне тоқталып, жерлестері атынан деніне саулық, отбасына амандық, жұмыстарына табыс тіледі.

Сондай-ақ жиынға қатысқандардың барлығына М.Жолдасбековтің «Тәуелсіздік тағылымы», «Күндерімнің куәсі», «Кіндігімді кескен жұрт», «Асылдарым», «Шіркін, дәурен!» кітаптары таратылды.

«АДЫРНА»

ұлттық порталы

Пікірлер