Қазақстандық боксшы Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бокстан Азия чемпионы атанды. Бұл жеңісі Қазақстан қоржынына алтыншы жүлдені сыйлады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Махмұдтың қарсыласы өзбекстандық Шахзод Музаппаров болды. Алғашқы екі раундта қазақстандық боксшы 4:1 есебімен басым түсті. Қорытындысында төрешілер шешімі бойынша жеңіс Сабырханға берілді.
Айта кету керек, Махмұд Сабырхан өткен жылы әлем чемпионатын жеңіп алып, 2022 жылы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған болатын. Бұл жеңісі оған Азия чемпионатының алғашқы алтынын алып келді.
2024 жылғы құрлық біріншілігінде Сабырхан Тайваньдық Ян-Лин Лайды бірінші раундта нокаутпен жеңсе, 1/4 финалда Шри-Ланкалық Джаянатха Кумарды нокаутқа түсірді. Финалға шығу жолында тайландтық Саравут Сукхетпен кездесіп, бірауызды шешіммен жеңіске жетті.
Азия чемпионаты 30 қарашада Таиландтың Чиангмай қаласында басталып, бүгін, 11 желтоқсанда аяқталады. Ерлер арасындағы финалдық кездесулер өтуде. Қазақстан құрамасы финалдық кездесулерге он үш мүмкіндіктің тоғызына қатысып отыр.