18 жастағы қазақстандық Диана ханшайым атындағы сыйлыққа ие болды

918
Adyrna.kz Telegram
Фото: Дарья Андреева
Фото: Дарья Андреева

18 жастағы қазақстандық Диана Мұрзағалиева әлеуметтік саладағы айрықша еңбегі үшін Диана ханшайым атындағы беделді сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы 2024 жылдың 6 желтоқсанында Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі хабарлады.

Диана Уэльс ханшайымының құрметіне арналған бұл сыйлықты оның атындағы қайырымдылық ұйымы табыстайды. Сыйлықты ханшайым Диананың ұлдары – Уэльс ханзадасы Уильям мен Сассекс герцогы Гарри қолдамақ.

Елшілік мәліметінше, Диана Мұрзағалиеваға бала кезінен Семей қаласы маңында жүргізілген ядролық сынақтардың салдарынан пайда болған дизартрия диагнозы қойылған.

«Диана Мұрзағалиева сөйлеу қабілеті мен денсаулығында қиындықтарға тап болған адамдарға қолдау көрсетуге өз өмірін арнады. Ядролық сынақтардың салдарынан пайда болған дизартриямен күресіп, мектептегі келемеждеулер мен көптеген операцияларды бастан өткерді. Балалық шағында сөйлей алмаса да, өз ойын жазу арқылы жеткізіп, кейіннен мүмкіндігі шектеулі балалардың армандары туралы оқиғалар жазды. Бұл оқиғалар оның «Үміт әрдайым жанымызда» («Надежда всегда с нами») атты анимациялық фильміне негіз болды», – деп атап өтті елшілік.

Диана Мұрзағалиева «Инклюзив академиясын» және жасанды интеллектке негізделген SpeakUp қосымшасын құрды. Бұл қосымша сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға көмектеседі. Оның жұмысы білім, технология және сторителлинг арқылы жаһандық инклюзияны алға жылжытуға бағытталған. Елшілік Диананы «кедергілерді бұзып, бүкіл әлемде инклюзияны дамытып жатқан тұлға» деп сипаттайды.

Сыйлықтың 25 жылдығына орай принц Уильям Дианаға арнаған хатында:

«Премияның 25 жылдық мерейтойында әлемнің түкпір-түкпірінен келген жастардың еңбегінің танылғанын көру керемет. Кейде әлем белгісіз әрі күрделі көрінуі мүмкін, бірақ сіздер көп күш жұмсап, кедергілерді жеңіп, оң өзгерістерге үлес қосып жатқандарыңыз анық. Сіздерге сыйлық табысталған кезде, менің анам, ханшайым Диана, сіздермен мақтанар еді. Бұл сыйлық сіздердің әрі қарай да адамдарға көмектесіп, айналаңыздағы әлемді жақсартуға күш беруін тілеймін», – деп жазды.

Диана бұл күннің өзі үшін өте маңызды екенін айтып, бұл сәтті өмір бойы есінде сақтайтынын жеткізді.

«Бүгін мен үшін ерекше күн. Мен Сассекс герцогы Уильямнан алғыс хат алып, ханшайым Диана сыйлығының иегері атанғанымды мақтанышпен жариялаймын!» – деп жазды ол Instagram парақшасында.

Диана өзінің бала кезіндегі арманы – ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесу екенін еске алып, осы арман оны бүгінгі жетістікке жеткізгенін айтты.

«Принцтің хатын оқығанда, менің көзіме жас келді. Мен бір кездері күнделігіме ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмектесу туралы жазған кішкентай қызды еске алдым. Ол кезде мұндай уәде мені осындай керемет тануға жеткізеді деп ойлаған емеспін», – деп бөлісті қазақстандық бойжеткен.

Соңында Диана өзіне қолдау көрсеткен ата-анасына, ұстаздарына, достарына, ЮНИСЕФ үйлестірушілеріне және Diana Award ұйымының ұжымына алғыс айтып, барша адамдарды әлемді жақсартуға үлес қосуға шақырды.

Пікірлер