Фото: Arsip AP
АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп президент Дональд Трамптың айналасында оның барлық пікірін қолдайтындар тым көп екенін және оған шындықты жеткізетін адамдар қажет екенін айтты, деп хабарлайды "Адырна".
Оның пікірінше, мемлекет басшысына үнемі келісім білдіретін емес, шындықты ашық айтатын адамдар қажет.
Бұл туралы Мелания Трамп күйеуімен бірге Amazon MGM Studios түсірген Melania, The Series деректі сериалына берген сұхбатында айтты.
Сұхбат барысында Дональд Трамп өзімен тіл табысу оңай екенін айтып, жұбайының мінезі күрделірек екенін әзілмен жеткізген. Бұған Мелания күлімсіреп жауап беріп, кейін күйеуіне шындықты ашық айтатынын түсіндірді.
«Ол менімен тіл табысу қиын дейді. Бірақ мен оған шындықты айтамын», – деді бірінші ханым.
Сондай-ақ Мелания президенттің айналасында оның пікірімен үнемі келісетін адамдар көп екенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай жағдай дұрыс емес әрі президенттің айналасында өз көзқарасын ашық жеткізе алатын адамдар болуы керек.
Айта кетейік, аталған сұхбат АҚШ-тың бірінші ханымы туралы түсірілген жаңа деректі сериалға енген.
