Тоқаев: Қытай Азияға үлгі бола алады

4099
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Пекинге 11 қыркүйекте ресми сапармен барар алдында Қытайдың орталық мемлекеттік телеарнасына (CCTV) берген сұхбатында "қазақ-қытай қатынастарының даму перспективаларына қатысты ой-пікірімен бөлісті" деп хабарлады Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Құрманғали.

"Күн тәртібіндегі екіжақты мәселелерден бөлек, қытайлық журналистерді Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазіргі халықаралық қатынастардағы Қытайдың рөліне, ҚХР-ның 70 жылдық мерейтойы қарсаңындағы жетістіктеріне берген бағасы аса қатты қызықтырды" деп жазды баспасөз хатшысы Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында.

Тоқаевтың "жеке мәселелерге қатысты сауалдарға да жауап бергенін" жазған Берік Құрманғали журналистердың не жайлы сұрағанын ашып айтпаған. Оның хабарлауынша, сұхбат CCTV телеарнасынан көрсетіледі. Бұған қоса баспасөз хатшысы өз парақшасына Тоқаевтың қытай иероглифтерімен жазған хатының видеосын жариялаған.

Қытайдың CCTV телеарнасы Қазақстан президентінен алған сұхбаттың үзіндісін жариялаған. Онда Тоқаев Қазақстан үшін "Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайтудың аса маңызды" екенін, екі елдің әртүрлі салада "достық ынтымақтастық қатынас" пен "өзара сенім мен пайдаға негізделген" берік байланыс орнатқанын айтады. Тоқаев Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы "біздің маңызды мақсаттарымызбен тиімді үйлесе алатын" ғаламдық дәрежедегі концепция екенін атап өткен.

"Қытай елеулі табысқа қол жеткізді және Азия мен тіпті бүкіл әлем үшін үлгі бола алады. Қазіргі Қытай – инновация саласында прогресске және жаңа технологияларды әзірлеуде табысқа жеткен ел. Мен Қытай Халық Республикасының негізі қаланғанына 70 жыл толуымен құттықтаймын, бұл шын мәнінде тарихи оқиға. Ұлы қытай халқына бұдан да зор табыс пен өркендеуді және біздің екі елдің арасындағы достық пен ынтымақтастық мәңгі жалғассын деп тілеймін" деген Тоқаев.

Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында тұратын этникалық азшылық өкілдерінің, солардың ішінде қазақтардың ауыр жағдайы туралы тараған хабарламаларға байланысты Қазақстанда Қытай саясатына қарсы көңіл-күй күшейіп тұрған шақта президент Тоқаев Пекинге ресми сапармен барғалы отыр.

Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда билік миллионға жуық этникалық ұйғыр, қазақ және өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбиелеу лагерьлерінде" мәжбүрлеп ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Этникалық азшылық өкілдеріне қысым жайлы хабарларды жоққа шығарған Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, әлгіндей лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.

Өткен аптадан бері Қазақстанда "қытай экспансиясына" қарсы наразылық акциялары өтіп жатыр. Оған қатысушылар Тоқаевты Қытай сапарынан бас тартуға шақырған. Сонымен бірге наразылар үкіметтен Қытаймен бірлескен өндірістік жобаларды Қазақстанда іске асыруға жол бермеуді талап етеді.

Қытай – Қазақстанға ең көп инвестиция салған - төртінші, ең көп қарыз беруші үшінші ел.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер