Адам саудасына жол берілмейді

282
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда 5 қыркүйекте  «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң күшіне енді. Қылмыстық кодекске «сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер», оның ішінде қашықтан, «нақты уақыт режимінде интернет арқылы» деген жаңа ұғым енгізілді.  Бұл туралы БҚО ПД ҰҚҚКБ жедел уәкілі полиция аға лейтенанты Әділ Смағұлов  айтып берді.

Енді адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту, жеңгетай болу, жеңгетайлық мақсатында жезөкшелікті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтерді насихаттау және жарнамалау, жыныстық сипаттағы тұғырларды ұйымдастыру немесе ұстау, телекоммуникация желілерін, оның ішінде интернетті пайдалану арқылы жезөкшелікпен айналысу, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсеткендерге қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Бұдан басқа, кәмелетке толмаған адам көрсеткен жезөкшелік қызметін, өзге де жыныстық сипаттағы қызметті алғаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Адам саудасына байланысты қылмыстар бойынша татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату алынып тасталды.

Әділ Смағұловтың айтуынша, Батыс Қазақстан полициясы басқармасының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Орал қаласындағы сауналар мен жалдамалы пәтерлерге жедел-профилактикалық іс-шаралар мен рейд жүргізді.  –  Өткен жылдың қараша айында Орал қаласының 1988 жылы туған тұрғыны ұсталды, ол бірнеше ай бойы қаладағы әртүрлі жалдамалы пәтерлерде тұрып, 2006 жылы туған кәмелеттік жасқа толмаған қызды интернет-сайт арқылы жезөкшелікке тартып келген. Күдіктінің әрекеті алдау және қорқыту түрінде болған. Ағымдағы жылы Батыс Қазақстан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен күдікті 134-баптың 2-бөлігімен, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабы 1-бөлігімен 7 жылға бас бостандығынан айырылды, – дейді аға лейтенант. 

Сондай-ақ ағымдағы жылы 26 адам ҚР ӘҚБтК-нің 450-бабы «жезөкшелік немесе сутенерлік үшін көрінеу үй-жай беру» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Полицейлер мұндай фактілерді, сондай-ақ адам саудасына қатысты басқа да қылмыстарды анықтау бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдауда. Егер сіз осындай құқық бұзушылықтардың куәгері болсаңыз бейжай қалмауыңыз керек. 102 немесе «116 16» сенім телефонына дереу қоңырау шала аласыз. Сонымен бірге, әр облыста зардап шеккендерге тегін көмек көрсетуге және құжаттарын қалпына келтіруге, уақытша тұруға және басқа да арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге көмектесуге дайын үкіметтік емес ұйымдар бар екенін еске саламыз.

Кәусар Байғалиева

 

Пікірлер