Балуан Шолақтың «қорқуы»

2842
Adyrna.kz Telegram

Бiрде Төле би ауылында тұратын Пернебай Жүнiсбекұлы шежiрелi-көнекөз қариялардан төмендегiдей әңгiме естiптi:

“ – Киелi Шу топырағында кiндiк қаны тамған Нұрмағанбет (Балуан Шолақтың азан шақырып қойған аты) Көкше өңiрiнен Сәмбет ауылындағы ағайындарына ат арылтып келiп тұруды ұмытпапты.

Ертеректе iргелес жатқан көршiлес рудың бiр жiгiтiн Сәмбет ауылының тентек-есерсоқтары оңдырмай сабап тастапты. Таяқ жеген жiгiттiң он-он бес жерлес ағайындары атқа қонып, күтпеген жерден атойлап Сәмбет ауылына басып кiрiп, көпшiлiгiн таяққа жығады. Сол сәтте ағайындарына қыдырып келген Балуан Шолақ жасырынып тығылып қалыпты. Кек алушылар мақсаттарына жетiп, абыр-сабыр басылған соң туыстарының бiрi:

– Балуан аға-ау, мұныңыз қалай? Оншақты бозөкпе жiгiттен қорқып бұғып қалғаныңыз не? – дептi. Сонда Балуан Шолақ:

– Мен олардан сескенген жоқпын, өз күшiмнен қорықтым. Жасырынбағанда “көздерiне қан толған” жiгiттер маған да қол көтеретiн едi.  Ал менiң ашуым қозса, дүлей күшпен олардың екi-үшеуiн өлтiрiп қоюым ғажап емес  едi. Қайғылы оқиға болса, дау-дамай, айтыс-тартыс басталып, құн төлеп әуре-сарсаңға түсетiн едiк қой. Мұндай келеңсiздiк болса, маған ренжiмегенде кiмге кiнә артар едiңдер, – дептi жарықтық Балуан атамыз”, – дегендi естiп, таң-тамаша қалғанмын.

Иә, Құдайдың тумысынан жаратқан таңғажайып балуандығы мен сал-серiлiгiнiң арқасында Нұрмағанбет атамыздың атақ-даңқы Алашқа кеңiнен мәлiм. Сондай-ақ Балуан Шолақтың тұла бойында көпшiлiк бiле бермей­тiндей дархан жүректi мәрттiгi де жетерлiктей болған екен.


 Мәкен Уақтегi, Төле би ауылы, Шу ауданы, Жамбыл облысы.

Пікірлер