Жамбы ату

6671
Adyrna.kz Telegram

Жазда Алматыда халықаралық этнофестиваль өтті. Дәстүрлі ән-күйі мен ұлттық спортын паш етуге Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Венгрия, Моңғолия, Тыва Республикасы және тағы да басқа елдерден өнер иелері қатысты. Этнофестиваль қала сыртында өтетіндіктен арнайы автобус та жалдап қойыпты. Аптадағы екі демалысымызды да осы фесивальдің көрермені болуға арнадық. Ұлттық спорт дегеннен жамбы атуға ерекше қызығып, бірнеше сағат тамашаладық. Қарасақ, ат үстінде садақ керіп, нысана дәлдеген үш-ақ қыз шауып барады. Үшеуі де қазақ. Қалған қатысушының бәрі ерлер. Жамбы ату туралы білетініміз шамалы болғандықтан қыздардың қатысатынын да білмедік. Үзіліс уақытында жарасымды, атқа отыруға ыңғайлы қазақша киінген бір мерген қызбен таныстық. Есімі Әлия екен. Қазір Сәрсенбай Құлбаевтің командасында жаттығады. Жамбы атушылардың жарыстан қолы тимей, тек күздің соңында ғана сұқбаттасудың сәті түсті.

Жамбы ату – ат үстінде шауып келе жатып, екпінді бәсеңдетпестен белгілі бір қашықтыққа қойылған нысананы атып құлататын спорт түрі. Мергендікті талап ететін бұл спорт түрі б.з.б. ІV-ІІІ ғасырларда пайда болған деседі.

Көш­пенділер жамбы ату ойынын жауынгерлердің мер­гендік қабілетін жетілдіру үшін өткізген. Бірінші мақсаты, әскери-жауынгерлік дайын­дықты жетілдіру болса, екіншіден ел арасындағы мергендерді (са­дақ­шыларды) анықтау болған. Үшіншіден сол мергендерден арнайы топ құрып, соғысқа арнайы күш еткен. 1225 жылы Шы­ңғыс хан Хорезмді толық бағын­дырған соң, Бұғылы-шашақ дейтін жерде ұлан-асар той жасапты. Алыс-жақындағы мергендерді шақырып, жамбы атқызған дейді. Сайыста Есей мер­ген 335 құлаш (502 метр) жер­дегі ны­сана-жамбыға оғын дәл тигізіпті. Әрине, қазіргі жамбы атудың шарттары мен талаптары бұрынғыдан әлдеқайда жеңілірек. Әлемде жиі қолданатын түрі мынау. Жеті метр жерден үш нысана қойылады. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен ату керек. Бір нысанаға бірнеше рет атуға болады. Нысанаға ататын 120 метр жерді шауып өтуге 16 секунд уақыт беріледі.Тигізсең, оқтың қай түске тигеніне орай ұпай аласың. Сары түске, яғни дәл ортасына тигізсе үш ұпай, қызылға тигізсе екі ұпай, ал жебе көк түсті тесіп өтсе бір ұпай беріледі. Жамбы, яғни нысана қола, күміс, алтын жамбы деп бөлінеді. Қола жамбыны 6 метр, күміс жамбыны 8 метр, алтын жамбыны 10 метр қашықтыққа қояды. Қолаға тигізсе, 5 ұпай, күміске 10 ұпай, алтынға 15 ұпай беріледі. Жамбының диаметрі 29 сантиметр болуы керек. Қазақша жамбы атудың ережесі негізі осындай. Биыл бұл стилге ерекше қызығушылық білдіріп жатыр екен. Жалпы жамбы атудың түрлері біраз. Бірақ шын мергенге, сұр мергенге жамбының алысы мен жақыны бірдей.

Сәрсенбай Құлбаев садақшыларын Алматы маңындағы Қырғауылды ауылында жаттықтарады. Осындағы мектептің спорт залына кішкентай балаларға бөлек, ересектерге бөлек нысаналар тұр. Олардың садақтары да екі түрлі болады екен.

– 2015 жылы Меркі қаласында Моңғолиядан арнайы жатықтырушы шақыртып, 28 спортшыны жамбы атуға жаттықтырды. Шетелдерде ат үстінде садақ ату өте жақсы дамыған. Алматылық Алдияр Нұрғазиев есімді жігіт садақпен айналысып жүргенін естіп, садаққа қызығып, жамбы атуды үйрене бастадым. Бұл 2014 жыл болатын. Меркідегі жаттығудан соң садақ атудың жай-жапсарынан хабары бар деп Алдиярға, маған тағы бірнеше жігітке топ берді. Бірақ оның бәрі жамбы атумен айналысып кетпеді. Кей облыстарда тіпті жамбы ату басталмай жатып тоқтады. Ал қазір бұл спорт түрі қайтадан қолға алынып жатыр. Жыл сайын Қазақстан чемпионаты 18 жасқа дейінгі балалардың арасында, 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасы мен үлкендердің арасында өтіп келе жатыр. Жамбы атуға кез келген жастағы адам қатыса алады. Өйткені бұл ақыл-ой спорты емес, аса үлкен күшті не салмақ қууды талап етпейді. Тек атқа міну мен қол мергендікті үйреніп алса болғаны. Қол мергендік деген ата-бабамыздан қалған. Нысанаға дөп тигізу – көз мергендік емес, қол мергендік, – дейді жаттықтырушы.

Жамбы ату – әзірге кенжелеп тұрған, дамудың жолына енді ғана икемделіп жатқан спорт түрі. Сәрсенбай ағай чемпионатқа 18 жасқа дейінгі тек бір-ақ спортшыны алып бара алады. Ал ұлттық спортты дамыту үшін осы шектеуді алып тасап немесе чемпионатқа қатысатын спортшы санын көбейту керек деп есептейді. Өзінің айтуы бойынша, әр жас категориясында үш балаға дейін чемпионатқа қатыстыруға мүмкіндігі бар. Сонда бір жылда 9 балаға жарысқа қатысып, бақ сынай алар еді. Ал қазір тек 3 баланың ғана жылына бір рет келетін чемпионатқа қатысуға мүмкіндігі бар. Қалғандары өз кезегін ұзақ күтуіне тура келеді.

 

ЖАМБЫ АТУҒА ҚАТЫСҚЫҢЫЗ КЕЛСЕ...

Алматыда ұлттық спортқа тек №19 спорт мектебінде дайындайды. Ал Астанадағы орталыққа өңірлерден келген спортшыларды жинап, халықаралық жарыстарға жібереді. Жоғарыда жамбы атуды кез келген адамның үйрене алатынын айттық. Сәрсенбай Құлбаев №19 спорт мектебіндегі шәкірттерінен бөлек қатысушылар үшін жамбы атудан «Салсері» қоғамдық ұйымын ашып жатыр. Тіркеуден өтіпті. Спорт мектебіндегі оқушылардың жаттығуына мемлекеттен қаржы бөлінгендіктен олар тегін жаттығады. Ал жаттықтырушының өзі ашып жатқан үйірмеге ақылы қатыса аласыз. Басында барлығы жерде тұрып садақ атудан бастайды. Оның бағасы айына 10 мың теңге болмақ. Аптасына үш рет, екі сағаттан дайындаласыз. Ал атқа мініп садақ ату үшін дәл осындай режимде 20 мың теңге төлейсіз. Атқа міне алмайтын болсаңыз, алдымен соны үйретеді. Қазір үйірмеге адам жинап жатыр. Менің де қатысқым келіп алдын ала хабарласқаным бар. Бірақ адам толық жиналмайынша жаттығудың Қырғауылды ауылында өтетінін білгенде әзір қатыса алмайтынымды түсіндім. Өйткені ауыл қаладан әжептәуір алыс. Қатысушыларға ыңғайлы болуы үшін қаладан жаттығу залын іздеп жатыр екен. Бірақ аттың үстіне жаттығуға ауысқанда бәрібір қала сыртындағы ипподромдарға баруға тура келеді.

– Үйірмеден түскен қаражатқа қаладан залды жалға аламыз, ипподромдағы аттардың ақысын төлеу керек. Садақ пен оқты сатып алу мәселесі және бар. Жаттығуға пайдаланып жүрген садақ пен жебе өзімізде жасалмайды. Шетелге шыққанда алып келеміз. Бір жебенің бағасы 1800 теңгеден басталады. Бүгінгі жаттығуға 30 жебе пайдаланылды. Оның бесеуі осы екі сағатта сынып қалды. Он мыңға жуық ақшам кетті деген сөз. №19 спорт мектебі жаттығуға деп 100 оқ әперген. Ал негізі кемінде 150 оқ болуы керек. Онда да ол 3 айға жететін жебе болып саналады. Үш айдан соң жаттығу мен жарыс тоқтап қалмайды ғой. Өзіміздің сатып алуымызға тура келеді. Осы жердегі он бір садақтың тоғызын сатып алғанмын. Екеуі мектептікі. Жақында Чехиядан 30 мың теңгеден 3-4 садақ және сатып алдым. Садақтың бағасы сапасына қарай 30 мың теңгеден басталып, 5000 долларға дейін кете береді. Екі атым бар еді, біреуі аяқтан қалды. Енді 15 балаға екі ат деген өте аз, – дейді жаттықтырушы.

Жалпы, мылтық оғын 200 рет атқанда нысанаға дәл тигізуге болады деп жатады. Садақты нысананың қақ ортасында тигізу үшін 2000 рет атып үйрену керек дегенді естіген едік. Бірақ Сәрсенбай ағай қатып қалған заң жоғын айтады. Әркімнің мүмкіншілігі мен тыңғылықты дайындығына байланысты екен.

Аттың үстінде нысанаға ату үшін қол мергендік керек. Адамның барлық іс-әрекеті мидың бұйрығымен орындалатынын білеміз. Ми бұлшық еттерді қалай жиі қимылдау керегіне бұйрық берсе, бұлшы ет сол қимылды үйреніп алады. Қол мергендік те сол сияқты. Бұрынғы қимылдарды есте сақтап қап, садақ алғанда-ақ жебе тартуға икемделе қалады. Спорттық садақ атудан әлем чемпионы болған корей спортшысының көру қабілеті өте төмен болған екен.

Садақ атудың ең танымал екі түрі бар. Оқты садақтың сол жақ бетіне қойып, екі саусақпен атуды еуропалық тәсіл дейді. Көшпенділер болса жебені садақтың оқ жағына қойып, бармақпен атқан. Оны азиялық тәсіл деп атайды. Садақтың керілу салмағы қанша ауыр болса да, азиялық тәсілді пайдаланып, бармақпен ата аласың. Көшпенділер атқан бұл тәсілдің тағы бір артықшылығы аттың үстінде атқанда бармақ пен екі саусақпен жебені орап алатындықтан, жебе сырғып түсіп қалмайды. Аттың үстінде де маңыздысы – жебенің садақтан бөлініп қалмауы. Тартылу күшіне байланысты садақтар да бөлінеді. Әдетте аттың үстінде тартылу күші 16-18 келі болатын садақтар қолданылады. 5-6 жастағы балаларды үйрететін оқу-жаттығу садағының тартылу күші 6-7 келі. Тартылу күші 18 келі болатын садақты қыздар алғысы келмейтінге ұқсайды. Екі келінің өзі үлкен рөл ойнайды дейді Сәрсенбай Құлбаев.

 

АЛМАТЫЛЫҚ МЕРГЕНДЕР КІМДЕР?

Сәрсенбай Құлбаев 2001 жылы Өскеменде өткен алғашқы ұлттық ат спортына, соның ішінде көкпарға қатысады. Көкпарда жаттықтырушы болып жүріп, 2015 жылы жамбы атуға ауысыпты. 15 шәкірті бар. Шәкірттерінің арасында Жамбы атудан өткен Қазақстанның бірінші чемпионатында үлкендер арасында 2-орын алған Саян Қыстаубаевты атады. Ресейдегі жарыста 3-орын иеленгені бар. 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Темірлан Шәмен жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Жамбы атудан Қазақстан құрама командасына мүше болды. Қазір әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жатыр екен. Келген соң садақ атуды қайта жалғастырмақ. Қыздардан Әлия Камалова біраз жетістікке жетіп жүр. Алматыда ұлдар мен қыздар қатар қатысқан алғашқы «Алтын мерген» чемпионатының чемпионы атанған. Республикалық Нұрмағамбетов атындағы турнирде де нысанаға бәрінен көп оқ тигізе алды. Жаттықтырушы «Ұлы дала рухы» атты халықаралық фестивальге Әлия Камалова, Гүлдана Алыбаева, Рамина Дидаровадан құралған команда алып барыпты. Қазақстанда садақ атудан тек қыздар ғана қатысатын жарыс жоқ. Оған мерген қыздардың саны да жетпейді. Сондықтан ұлдармен бірге қатыстыруға тура келеді. Жігіттермен қатар шауып, нысанаға қатар көздесе де талайын шаң қаптырып, командалық есепте үшінші орынның жүлдесіне ие болған. Бұл чемпионат аяқтала сала осы жазда Қырғызстандағы «Салбуурун» халықаралық жарысына аттанады. Енді үш қызға Серік Алыбаев пен Саян Қыстаубаев қосылады. Үш қыз алғашқы үш орынды қанжығаға байлап қайтыпты. Саян да үшінші орынның ұпайын жинаған екен.

 

Әлия Камалова, мерген қыз:

«АТТАҢ ҚҰЛАСАҢ, БАТЫЛДАНЫП БІРДЕН ҚАЙТА МІНУ КЕРЕК»

Атқа қатты қызығатынмын. Ал Сәрсенбай ағаймен көрші тұрамыз. Атқа қызығатынымды білген соң, мені жамбы атуға қатысып көруімді сұрады. Қуана келістім. Жамбы атып жүргеніме екі жыл болыпты. «Алтын жебе» чемпионатында Румыниядан келген атақты мерген Михаил Козми бірінші орын алды. Бір нысанаға алты жебе атқан. Әзірге жамбы атудан сол кісіден мықты адам көрмедім. Өзім де Михаил сияқты болғым келеді. Әр жарысқа барғанда әртүрлі ат береді. Михаил өзіне түскен атпен адаммен сөйлескендей тілдесіп, өзіне бейімдейді. Тек сонан соң барып жамбы атуға шығады. Сонан кейін атқа отырғанда қандай да бір дұға жасайды екен. Атқа отырғанынан өзіне деген сенімділігі байқалып тұрады. Мінезі салмақты. Жарысқа кіріспес бұрын атпен машықтануға уақыт беріледі. Сонда атты өзіңе икемдеп, әрі оған өзің де үйренуге үлгеру керексің. Сипалап, мейіріміңді көрсету керек. Атты жұлқылай бергеннен ол саған көнбейді. Дайындықтағы аттар бізге әбден үйренген. Басын бұра қойсаң, нысанаға атар жолды өзі шауып өтеді. Нысана біткен соң сенің бұйрығыңды күтпей-ақ өзі кері қайтады. Аттарды үйрету оңай болған жоқ. Садақты көтергенде үркіп шыға келетін. Бірнеше рет аттың алып қашқаны бар. Бірақ садақ атып жүргенде аттан құлаған емеспін. Ең алғаш мінгенде құлағаным бар. Сонан соң атқа ұзақ жолай алмай жүрдім. Түсінгенім, құласаң да, батылдықты бойға жинап бірден қайта міну керек. Атқа мінгенде өте сенімді екеніңді байқатып, бұл жерде кімнің «бастық» екенін сездіру керек. Сонда ат та сізге бағынады. Әйтпесе, басынып, иесін тыңдамай жүрмей қояды немесе алып қашып кетеді, – деді Әлия.

Сәрсенбай ағайдың орнына кейде жаттығуды Әлия өткізеді. Үйірмеге келген адамның қолына бірден садақ беруге болмайды дейді. Ең алдымен жерде тұрып атуға қалай тұру керегін көрсетеді. Сонан соң резеңке жіпті қайта-қайта тартып қолын жаттықтырады. Өзіңе сенімсіздіктің кесірінен оң қолмен жебені тартқан соң, садақтың қылы сол қолға тақ ете қалуы мүмкін. Ол жер көгеріп шыға келеді. Сондықтан сол қолдың шынтағын ішке қарай керіп ұстамау керек. Мерген қыз басында еуропалық тәсілмен атып үйреніпті де, көшпенділердің тәсіліне ауысуға тағы уақыт кетіпті. Садақты жерде атып үйренген соң, ендігі кезек – аттың үстінде ату. Кейіпкеріміз атқа күнара мініп жүрген. Атқа бойын үйретіп, жүгенді ұстамай шаба бастайды. Аттың үстінде садақ атуды үйренуге жарты жыл уақыты кетті.

Әлия аттың үстінде садақ атуға қатысамын дегенде анасы қарсы болыпты. Азиялықтар өзге елге қарағанда ертерек тұрмыс құрады. Шеше деген қызының қияға қонуын тілейді. Әлияның анасы да «атқа қону қыздың жұмысы емес, қазіргі жасыңда ересек дүниелерді ойла» деп қызының жамбы атуға барғанын құптай қоймапты.

– Бірақ келе-келе қызығушылығымды түсінді. Қазір қарсы емес. Әр жетістігіме қуанып отырады. Тұрмыс құрған күнде де болашақ серігім қолдаса, осы спорт түрін қуана-қуана жалғастырар едім, – деген шын пейілін жасырмады.

Мектеп жасындағы спортшылары айналасы бір жылдың ішінде жақсы нәтиже көрсетіп жүр екен. Соның бірі – 11-сынып оқушысы Еділ Тәукеш. Еділ мамырдан бастап садақты қолға алған. Көкпар шауып жүрген жігіт екен. Садақ атуды жерде үйреніп алғаннан кейін аттың үстінде жамбы ату аса қиын бола қоймаған сыңайлы.

– Жерден атып үйренуге біраз уақыт кетті. Аттың үстінде жамбы атқанда жылдамдық керек. Көбіне оқты салып үлгере алмай қалуың мүмкін. Ал берілгені 16 секунд қана. Тамыздың 22-не Астанада «Ұлы дала рухы» фестивалі өтті. Әр облыстан біреу, кейде екі қатысушыдан бардық. Алматыдан мені апарды. Үшінші орын алдым. Шығыс Қазақстаннан келген жігіттер мықты екен. Көбі солақай. Негізі спортта солақайлар икемді келеді әрі тез үйреніп алады. Атпен шауып келе жатқанда орныңнан тұрып ату керек. Отырып атсаң, аттың шабысымен нысананы көздей алмайсың. Ал мен басында орыннан тұруды ұмытып кете беремін. Бірақ отырсам да жақсы ататын сияқтымын, – дейді мерген жігіт.

Тоғызыншыда оқитын Нұрсұлтан Бірлікбаев та Еділден кем түспейді. Колледжге түскен Хизат Ералыдан да жаттықтырушысы үлкен үміт күтіп отыр. Керілу салмағы 6-7 келі болатын кішкентай садақтармен үш ұл, бір қыз жаттығып жүр екен. Алыстан бақылап тұрсам, ешқайсысы кезегін бұзбайды. Бірі атып болған соң, нысанаға қадалған оқтарын жинап әкеп, келесісіне жебелерін дайындап береді. Ішінде Ерғазы есімді бала көзге түсті. Көп дайындалатыны көрініп тұр. Садақты еркін кереді. Ұзақ көздеп тұрмайды. Жебені садаққа қоя салысымен, тарс еткізеді. Кезегін күтіп тұрғанда әңгімеге тартық.

– Б.Соқпақбаев атындағы мектепте 5-сынып оқимын. Жеті-сегіз жасымда атам Сәрсенбай: «Жарыстарға барғың келе ме? Барғың келсе, садақ атуды үйретемін», – деді. Қуанып кеттім. Үйде өзімнің садағым, жебем және арнайы нысана бар. Күнде дайындаламын. Данияр деген досым да жаттығуға қатысады. Біз бұрыннан доспыз. Бұл жердегі ең мықты мергендер – Данияр екеуміз. Сегіз жасымда атам атқа мінгізді. Басында жүгенді өзі ұстап жүретін. Кейін өзіме бере салды. Асау атқа да бір рет мінгенім бар. Аттан құламау үшін үзеңгіден аяқты шығарып ойнамау керек. Үзеңгімен атты қысуға да болмайды. Ер-тоқымнан ұстап отыруға болмайды. Тек жүгеннен ұстау керек, – деді атты бір адамдай біліп қалған Ерғазы.

Ерғазы өскенде атасы сияқты жаттықтырушы немесе ағасы сияқты әскери адам боламын дейді.

Қазақтың ұлттық спорты дегенде көкпар, теңге ілу мен аударыспақтан ары аспайтынбыз. Елімізде осы ат спорт түрлерінен жарыстар да көптеп ұйымдастырылып, көкпар шауып, теңге ілушілер халықаралық сайыстарға жиі қатысып жүр. Бірнеше жылдан бері бұл қатарға жамбы ату қосылды. Қазақ үшін ат спортының жамбы ату түрі қайта түледі десек болады. Әзір кенжелеп жатқандықтан жанкүйерлері қалыптастпақ түгілі, көрермені енді пайда бола бастады. Ал сіз көрермен де, жанкүйер де тіпті жамбы атушы мерген де бола аласыз. Ол үшін жамбы атуды көріңіз, жамбы атудың жарыстарына келіңіз!

Таңшолпан БЕГАЛЫҚЫЗЫ

Пікірлер