Күллі әлемді дәргейіне келтірген арғы бабаларды қозғамай-ақ қояйық, бізге бергі тауарихтың өзінің айтар хикметі мен берер нығметі жетерлік. Кейбір тарихи деректерде Қасқа жолды Қасым хан тұсында Ұран от жағылғасын-ақ Қиян даланың түпкір-түпкірінен бөрілі байрағы желкілдеген, көксауыт құрсанған аламан бір жетіде Ту түбінен табылғаны айтылады. Кешегі Байбақты Сырым мен Қаһарман Кенесары, Сыдық сұлтанның сарбаздары да қаруы қапысыз, күші басым Русия әскеріне қарсы тең емес шайқастарда десі басым шығып отырды. Ол жеңістер, әрине Құдайға байланған асқақ Рух, далалық даналық, есепсіз ерлікке қоса, құрсағы су тағы суынның сәулесімен суарылған, құлан-домбай, тарпаңдарға будандастырылған көкмойнақ тұлпарлардың да арқасында бұйырған. Талай аяғын әр жерден басқан орыстың паң қолбасшылары қазақ ләшкерлерінің әбжілдігіне қайран қалып, төтеннен тап бола кететін қанды құйынға қарсы қылар қайран таппай ойлары ойран, ақылдары айран болған.
Тарих таразысы шайқалған бір тұста, Абыл ұрпағының жүрегіне арам қан айналды, сол-ақ екен ішіне алалық кірді, ісінен береке қашты. Кешегі байтақ дүниені әруағы басқан, алапаты асқан Абыл ұрғыны Қабыл әулетінен оңбай жеңілді. Заман азды, заң тозды. Күллі кепиет-қазынаңды жат қолды қылды. Соның ішінде зауал жылқыға да ала-бөле төнген. Себебі айлалы дұшпан қазақтың аттан түссе, әруағы қашатынын жақсы білді. Сондықтан да біз заманында:
...Тұяқтарында Ай жанып,
Кешегі жүрген бәйгі алып –
Сыдыру арқа, сылу төс
шарагөз алмауыттарым
Айдалып жатты, айдалып.
Жал-құйрықтары сүзіліп,
Жанары көкке үзіліп –
Қасапханаларға жосылды
Қанаты қанды аққулар сынды тізіліп.
Түсті де зауал құрығы,
Құландар құсап құрыды –
Бабамның мінген күлігі,
Қамбар-Атаның түлігі,
Су тағы – суынның құлыны, – деп зариғапқанбыз.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары да тұлпарларымыздың тағдыры тәлкектен құтылмады. Ат спорты қайдағы бір сақалды саудайы – салафит-сатқындардың қолында кетті. Олар өңшең өздері сықылды тексіз «иномарка» аттарды әкеліп, даламызды ала шаң қылды...
Бүгін Мәдениет министрі Д.Абаев «Ұлы дала жорығы» атты 1200 шақырымдық марафон-бәйгені жариялағанда, обалы не керек, төменшік еңсем тікейіп, төлежіген жалым күдірейіп-ақ қалды. Әңгіменің ашығы, біз дүниеге төл бедерлерімізді айшықтап қана таныла аламыз. Жалында күн аунаған, құйрығында құйын ойнаған жылқыны алғаш қолға үйреткен бабалардың зәузатымыз. Түпбастауды танып, хас өнерімізді игерсек, Ұлттық код та, мәдениет те, тіл де, дін де, денсаулық та, инвестиция да, экономиканың күллі кілтипан-кілттері де сонда! Өткізілгелі отырған осынау шара игі істің бастамасындай көрінді. Бұдан бұрын Ресейде «Черкес дербиі» атты 1000 шақырымдық жарыс өткен. Онда кабардин жылқысын мінген 11 шабандоз қатысып, үшеуі 10 күнде мәреге жеткен. Біздің сайыстың межесі – 1200 шақырымды 12 күнде алу. Астана мен Созақ кентінің кеңістігі қамтылады. Бұл баяғы бабалар дәуірінен бері естілмеген дүбір. Мұның және бір символдық мәні бар. Бұдан 181 жыл бұрын, яки 1841-дің дәл осы қыркүйегінде Хан Кенесары мен Ер Жанғожаның сарбаздары Қоқан ханынан Созақ қамалын тартып алған. Сөйтіп «қайда барсаң Қоқан бар, қоқаңдаған әкең бар» деп бүгежектеп қалған бейшара қандастарымызды уақытша болса да ерлік дәурендерін еске түсіріп, азаттыққа шығарған. Бәлкім, бұл шара да Ұлы даланы дүр сілкінтер ізгі істердің бастамасы болар?.. Тұлпарларымыздың дүбірін естіп, өсиетті қара шалдарымыз айтып кеткен: «Әруақтың сесі шығар, әулиелердің көші қайта оралар» мынау қасиеті көшкен, кепиеті қашқан далаға? Кім біліпті?..
Светқали Нұржан