Кітап оқу адамға пайдалы әдет сыйлайды. Неден бастау керек, кітап оқудың қазіргі ерекшелігі неде? Сарапшымен сұхбатта осы туралы айтылады.
Әдет – адамның күнделікті тіршілік қажетіне байланысты қалыптасқан іс-қимылы. Әр күні қайталайтын істерге ми энергияны аз жұмсайды. Сондықтан өмірімізге пайдасын тигізетін спортпен айналысу, кітап оқу сынды тұлғалық дамуға көмектесетін әрекеттерді әдетке айналдыру маңызды. Қазір адамдар кітап оқу керекгін білсе де, оны әдетке қалай аналдыру керек екенін білмей жатады. Осы мақсатта жоспарлау эксперті Азамат Сқақовпен кітап оқуға байланысты болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
- Кітап оқуға қызығушылығыңыз қашан басталды?
- Мен кітапты университетте тапсырма етіп бергендіктен мәжбүрлі түрде оқыдым. Кішкентай кезімде кітап оқу ауыр болып көрінетін. Ең алғашқы соңына дейін қызығып оқыған кітаптарым Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» және «Балалық шаққа саяхат» кітаптары болды. 2016 жылы 26 жасымнан бастап өз еркіммен саналы түрде оқи бастадым. Оған өзіме «мен кіммін?», «мақсатым қандай?» деген сұрақтарды қоюуым себеп болды. Сөйтіп Қуаныш Шонбайдың «Екінші болма» кітабын оқыдым. Содан кейін осы кітаптың артында оқу керек кітаптардың тізімі бар, сол жердегі кітаптарды оқып бастадым.
- Кітап оқу арқылы жеткен жетістіктеріңіз туралы айтып берсеңіз.
- Бүгінгі күнгі жетістіктерімнің барлығына кітап оқу арқылы жеттім. Мысалы, Шон Стивенсонның «Здоровый сон» кітабын оқығанннан кейін ұйқымды реттедім. Оған дейін ұйқы режимін сақтамайтынмын. Содан бері тоғыз жыл осы режим сақталып келеді. Кешкі оннан өте ұйықтап қаламын, таңертең 04:45-те оянамын. Бұл маған 18 килограмм артық салмақтан арылуға көмектесті. Жай ғана дұрыс ұйықтап осындай жетістікке жеттім. Одан кейін өміріме спорт қосылды. Кейіннен тіл үйренуді бастап, сегіз тіл меңгеріп алдым. Кітаптан оқыған ақпаратым өмірімді осылай өзгертті. Кітап менің әдеттерімді қалыптастырды. Кітап мені шетелге апарды. Бәрі кітап оқудан басталды. Әлі күнге дейін оқыған кітаптарым мен жазған кітаптарым маған көп мүмкіндіктер беріп жатыр.
- Баланың кітапқа деген қызығушылығын қалай арттыруға болады?
- Бізде әр қазақ «Абай жолын» оқу керек деген қатып қалған қағида бар. Келісем, оқу керек. Мен оны университетте қиналып оқыдым. Егер, қазір оқысам қызығушылықпен оқитын едім деп ойлаймын. Қазір тақырыптық кітаптар өте көп. Менің екі ұлым күнде кітап оқиды. Біз оларға өздері қызығатын қазақша ертегілер, комикстар аламыз. Егер мен олардың орнына әр қазақ «Абай жолын» оқу керек деп, қинап оқытсам, кітапқа деген махаббаты жоқ болып кетеді. Қызығушылығын ояту үшін, шынымен де балаға қажет әрі қызық кітап болу керек. Ұлдарыма әр кітапты оқып бітірген сайын сыйлық беремін.
Қазір мотивациялық кітаптар тез әрі жеңіл оқылады. Дегенмен, алғашқы кітаптар классика болу керек екеніне көзім жетті. Бізде фундаментіміз мәжбүрлі түрде классика болды. Бірақ, мүлдем кітап оқымаған жас адам бірден мотивациялық кітаптан бастап оқыса, фундаменті әлсіз болып қалатын сияқты. Ал ол мықты болу үшін классикадан бастау керек. Өйткені олар өмірдегі оқиғалармен түсіндіріп сабақ берсе, мотивациялық кітаптар «олай істеме» деп айтып, тек қана сабақ береді. Негізі көп адамдарға мысалмен түсіндірсе ұғымды болады.
- Кітап оқуды қалай әдетке айналдыруға болады?
- Көп адамдардан «кітап оқуды бастау керек еді» дегенді жиі естимін. Оларға бүгін баста десем, ертеңнен бастап елу бет оқимын дейді. Ешқашан кітап оқымаған адам бірден елу бетті ешқашан оқи алмайды. 3-4 күннен кейін оқуды тастап кетеді. Сол үшін асықпай күніне 5 бет оқуды әдетке айналдыру керек. Әрине, одан көп оқуға рұқсат, бірақ аз оқуға болмайды. Күніне 5 бет кітап оқыған адам жылына 14-17 кітап оқиды екен. Ең қызығы адамдар бес беттен кейін қызығып тоқтай алмай жатады. Бұл өзіңді кітапты оқуға көндіру үшін өте жақсы тәсіл. Кітап оқудағы ең қиыны – кітапты қолыңа бір алып бастап кету. Өзіңді көндіріп оқып бастасаң, ары қарай оқып кете бересің. Тағы бір маңызды қағида кітап көзіңізге көрініп тұру керек. Мәселен, менің көлігімде, сөмкемде, жұмыс орнымда кітап тұрады. Жақында кездесулерге барғанда келу керек адам кешігіп келген кездерде кітап оқимын деп эксперимент жасап көрдім. Нәтижесінде екі аптада бес кітап оқып бітірдім. Күтуге кеткен уақытымда кітап оқымағанда, сол уақытым бәрібір телефон қараумен өтіп кетер еді. Сол себепті әр қашан жаныңда кітап болғаны дұрыс. Кітапты бос уақытымда оқимын деген – қате түсінік. Күніне үш мезгіл тамақты ұмытпай ішкеніңіз сияқты, кітапқа да арнайы уақыт бөлуіңіз керек.
- Қазір кітап талдайтын ютуб жоба бастадыңыз. Мақсаты қандай, қандай нәтижелер күтесіз?
- Бұл жоба университеттегі ұстазым, профессор Ұлан Еркінбайдың «ұлтымызға пайдалы дүние істейік» деген ұсынысынан басталды. Ол кісі «сен психологияны зерттегенсің, кейіпкерлерді осы тұрғыдан талдасаң, мен әдеби тұрғыдан талдайын» деп ұсыныс білдірді. Кітаптағы кейіпкерден қандай сабақ алуға болатынын айтамыз. Қазақша кітаптардың психологиялық маңыздылығын түсіндіргіміз келеді. Әлемдік жүз классиканы таңдадық. Оның ішінде қазақ авторларының кітабы өте көп. Шетелдік шығармалардың қазақшаға аударылғандарын таңдадық. Бұл жерде ештеңе сатпаймыз, ниетіміз шынымен пайдалы болу.
- Енді өзіңіз жазған кітаптар туралы айтсақ. Кітап жазуыңызға не себеп болды?
- Өзім үшін зерттеп оқыған ақпараттарымды өміріме енгізгеннен кейін менің айналамдағылар өзгергенімді байқай бастады. Содан кейін оларға қалай жасағанымды түсіндіріп бердім. Әңгімелескен адамдарға жеке-жеке айтып жүрдім. Кейіннен адамдар топ болып бізге де айтып берші деп сұрай бастады. Бір кісі «сіз қазір бір кездесуге барып жүз шақты адамға айтарсыз, неге кітап етіп жазбайсыз» деп идея тастады. Содан жазамын деп жүргенде үш жыл өтіп кетті. Америкаға оқуға барғанымда, ұстаз кейінге қалдырып жүрген істеріңізді қазір бастаңыздар деген тапсырма берді. Сол кезде кітаптың алғашқы сөйлемін жаздым. Нәтижесінде үш жыл созған кітап, Қазақстанға келгеннен кейін үш айдың ішінде жарыққа шықты. «Sen» 26 мың данамен таралып, 2023 жылы ең үздік кітап атанды. Егер тек ауызша айтар болсам мұншалықты көп адамға айтып үлгермес едім деп ойлаймын.
«Sen» кітабында әдет, спорт, ұйқы техникалары туралы жазылған. Статистика бойынша мұндай дүниелерді әлемде 30% адам өміріне бірден енгізе алады. Ал 70% адам тастап кетеді. Енді оларда «неге мен істей алмаймын» деген сұрақ туындайды. Сол сұрақты зерттеп жүріп, Канадада бір жыл оқып, жауабын таптым. Содан кейін адамдарға семинар ретінде айтып көрдім, ұнады. Нәтижесінде «Men» кітабы жарық көрді. Шыққанына 2 ай болды, әзірге 10 мың данамен таралды.
Алдағы уақытта «Biz» деген кітап шығару жоспарда бар. Ол қарым-қатынас жайлы. Менің үйленгеніме 12 жыл болды. Психологияда үйленген соң 10 жылдан асқаннан кейін дағдарыс болатыны айтылады. Үйленудің этаптары бар. Маған келетін адамдардың көпшілігінде осы мәселемен келеді. Өзімнің басымнан өткен қиыншылықтар, артылықшылықтар бар, соның барлығын ескеріп зерттеп, қарым-қатынас жайлы жазып жатырмын.
- Осы күнге дейін жастар кітап оқымайды, қазақ тілді кітаптар аз деген сөздерді жиі естіп келдік. Қазір елімізде кітап оқу мәдениеті қалыптасып келе жатыр деп ойлайсыз ба?
- Кітап оқу мәдениеті қалып келе жатыр. Қазақша жазатын авторлар да қазір жеткілікті. Әдеби, мотивациялық, психологиялық болсын, қай бағытты алып қарасаңыз да кітаптар өте көп. Өзіңізге керек кітапты таба аласыз. Халықтың да көзі ашық. Жыл өткен сайын бізде оқырмандар да, авторларда көбейе береді. Мысалға қазір Америкада кітап жазатын адамдар өте көп қой, бізде де солай болады.
- Ал оның зияны болмай ма?
- Кітаптың зияны болады деп айта алмаймын. Кітаптың барлығы пайдалы. Бәрібір ол заман және оқырман фильтрынан өтеді. Оқылмай қалса өзі-ақ жоқ болып кетеді.
- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Мерей Мырзағалиқызы
«Адырна» ұлттық порталы