Ерлан Төлеутайдың жаңа кітабы жарық көрді

3912
Adyrna.kz Telegram

Белгілі өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутайдың «Үкілі Ыбырай» атты кітабы жарық көрді. Бұл туралы ол өзінің facebook.com-дағы жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды adyrna.kz Ұлттық порталы.

Аталған жазбасында автор: "2006 жылы "Баянауыл өңірі әндерінің тарихы" атты алғашқы кітабымды жаздым. Бұл кітабымның жарық көруі жатқан бір қызық хикая. Тұңғыш кітап – алғашқы махаббат тәрізді ыстық келіп, әр "қылығы" естен еш кетпейтін көрінеді.

Қысқаша айтсам, бұл кітабым іні досым  Жанбота Тасболатұлы Кәріпбаевтың демеушілігімен 2006 "Қазақпарат" баспасынан басылып шықты. Жанбота Тасболатұлы ол кезде Қарағандының дөкей бизнесмені, пілдей кәсіпкері болатын. Қалтасында ақша үнемі пора-пора боп жүреді. Кітап жазып жатқан маған күн сайын әбден бабымен ылжырап піскен бір тауық, басқа да дәмді тамақтар әкеп береді. Әлгі байқұс тауықтар сол кездегі Парламент депутаты Шаекиннің құс фабрикасының тауықтары ғой деймін, әйтеуір қыркүйектің суырындай сұмдық семіз болатын. Жалғыз өзім күніне үш мезгіл жәукемдегенде нән тауықтан қос уыс сүйек қана қалушы еді. Қалтай ағамыз айтпақшы, әлгі тауықтардың әтештен кейін қызығын көрген мен шығармын. Содан кейінгі қорегім қара шай, сақырлатып қайнатып қойып дембіл-дембіл сыңғытамын. Жастық-ай, осылайша күніне кемі 18 сағаттан жұмыс істегенде еш шалдықпаушы едім. Ақыры битімді салып қысқа уақытта жазған сол еңбегім жаз ортасына тамам жазылып бітті. Бірден Алматыға тарттық. Жанбота бауырым баспаның ақшасын қолма-қол төлеп, аз күнде кітапты қолыма тигізді.

Бұл кітабым жайлы жылы пікірлер (ауызша) біршама айтылды. Әсіресе, мені қанаттандырған Дидәр Амантайдың бүкпесіз айтқан пікірі болды. Риза болған Дидекең тіпті кітаптың кей тарауларын сол кезде өзі басқарып отырған газеттеріне етектей-етектей қылып жариялап, жиі-жиі оқырман назарына ұсынып отырды. Марқұм Таласбек ағам да бір кездескенде мақтап, көңілімді демдеп қойды.

Маралтай құрдасымның да ризашылық тілегі есімде. Оқығандар тарапынан осындай тілеулес көңілден туған жүрекжарды пікірлер оқтын-оқтын айтылып қалатын. Бірақ мен шынымды айтсам мұндай бағалауларды күтпеген едім.

Одан кейін бір-екі жылдан соң Жанбота бауырым банкрот болды. Қарағанды тарихында қазақ тілінде кітап шығару ісіне тұңғыш демеуші болған алғашқы және ақырғы меценат банкротқа ұшыраған соң, бұл пақырларыңыз тағы да кітап жазғысы келіп, қанша жерден шабыты шарықтап тұрса да, еріксіз бөгелуіне, тізгін тартуыма тура келді. Жанбота болса, бәрін тастап ғылымға кетті. Бұл заманда ғылым деген кедейшіліктің ауылы ғой, сол ауылға Жанбота да келіп, біржолата қоңсы қонды. Қазір әдебиеттанумен айналысуда. Жанбота бауырымнан соң мен кітап бастыруға биылғы жылға дейін бір спонсор таба алған емеспін. Айналайын мемлекетімнің көмегіне, оның ішінде Мәдениетімізді басқарған мемлекетшіл, ел іші өнерпаздарына қамқоршы министрлеріне жүгініп келемін. (Нашар министрлер де болды)

Арада аттай алты жыл өтті. Бұл жылдар ішінде кітап жазуға, шығаруға еш мүмкіншілік болмады. Қарағандыдан Астанаға, одан Алматыға қоныс аударып, пәтерден соң пәтер жалдап жүру себепті күн көрістің өзі қиындап кетті. Тек 2012 жылы ғана Жүсіпбек Елебековтың аяулы жары, сол кезде жасы 96-ға келіп отырған Хабиба Елебекова апам Жүсекең туралы кітап жаз деп қолқа салды. Хабиба апам жалғыз емес еді, жанында атақты режиссер Болат Атабаев ағамыз бар-ды. Ұлттық өнеріміздің екі бірдей көрнекті тұлғасы қолқа салып отырған соң жан қала ма, 24 баспа табақтық "Жүсіпбек Елебеков" кітабын бір жылда жазып шықтым. Оңай болған жоқ, күндіз "Қазақфильмнің" жұмысын істеп келесің, кешке көзің талып түннің бір уағына дейін кітап жазасың. Таңертең қанбаған ұйқың давлениеңді көтеріп, көзің қызарып жұмыста отырасың. Сөйтіп 2013 жылы "Жүсіпбек Елебеков" "Өнер" баспасы арқылы оқырманға жол тартты.

Бұл еңбегім сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхамедтің көзіне бірден түсті. Мұхтар аға мені Алматыдан ұшақпен жедел Астанаға алдырып, арнайы қабылдап, жазған еңбегіме ризашылығын жеткізіп, көп-көп ізгі тілектерін білдірді. Мұхаңның айтқандарының тоқ етерін түйіндеп айтсам, былай болып шықпақ: "Ерлан, сенің баспасөзде жазған мақалаларыңды, телеарналардан айтқан пікірлеріңді оқып, көріп жүремін. Көп мәселелерді дұрыс көтеріп жүрсің. Мына еңбегіңді де оқып шықтым. Сен Ахмет Жұбанов сияқты ғылыми әрі көркем жазады екенсің. Ұлттық музыка тарихын Жұбановтан кейін ешкім былай жазған жоқ. Біз сені ұзақ күттік. Ақаң (Ақселеу Сейдімбеков) жаза ма деп едік, ол кісі тек күйлердің тарихын ғана жазып кетті. Енді сен Жұбанов сияқты, бірақ жаңа көзқараспен қазақ әндерінің тарихын осылай оқылатын қылып жазып шығуың керек. Ахаңнан кейін біраз зерттеушілер жазды да, бірақ қасаң жазылғандықтан жұртшылықтың жүрегіне жетпейді. Сен оқылатын қылып, осы кітабыңдағыдай көркемдеп жазып шық. Мен жылына бір кітабыңды шығарып беріп отырайын", – деді. Менің зәрем ұшып кетті. "Қазақфильмдегі" жұмысым да күні-түні жазуды тілейді, оның үстіне жылына кем дегенде жиырма баспа табақ кітап жазу – мұндай жан төзгісіз еңбекке шыдай аламын ба, шыдауын шыдармын-ау, үлгере аламын ба? Осы ойларымды министрге айтып едім, Мұхаң ол жағынан өзінің көмектесетін, бұл үшін қам жемеуімді айтты. Мұның барлығын екеу ара әңгімемізге арнайы шақырып алған вице-министр жазып алып отырды. Министр өзінің орынбасарына мен жайлы, менің бұдан арғы шығармашылығыма үздіксіз қамқорлық жасау жөнінде көп-көп тапсырмалар берді және бұл тапсырмалардың орындалуын өзі қадағалап отыратын қадап айтқанда, осынау көл-көсір қамқорлықтың барлығы маған жасалып жатқанына сенер-сенбесімді білмей, аңырып отырып қалыппын.

Вице-министр, бастығы Мұхтар аға айтқан тапсырмаларды тәптіштеп жазып алумен болды. Егер сол жолғы министрдің тапсырмалары жүзеге асқанда, ай, білмеймін, қазір қайда жүрерімді...

Сөйтіп, "Мұншама берген дәулетті көтеріп тұра алар ма екенбіз", – деп ыңылдай өлеңдетіп, сол күні түнгісін Алматыға қайыра ұштым. Көк жүзінде келе жатып, Мұхтар Құлмұхамед ағамыздың ақыл-парасатына, көргенділігіне, зерделі білімпаздығына, биік эрудициясына, пәрменділігіне риза болып әрі министр айтқан ұлан-ғайыр тапсырманы қалайда жүзеге асыру жолдарын іздеп, тынымсыз ойланумен келдім. Алайда, "Тілекші құдай бермеді" – деп Махамбет ақын айтпақшы, арада аз уақыт өтпей жатып, Мұхтар аға басқа қызметке ауысып кетті. Сөйтіп бұл жобалар аяқсыз қалды. Оның үстіне көп ұзамай "Қазақ Хандығы" тарихи фильмі мен осы туындының 20 сериялы тарихи сериалының сценарийін жазуға кірісіп кеттім және бұл үлкен, күрделі жобаға мен төрт жыл ғұмырымды аяусыз сарп еттім. "Қазақ хандығынан" мен қатты қажып, қалжырап, бұған дейінгі темірдей берік болған денсаулығымды беріп шықтым содан әрі оңала алмай келемін. Киноның сені лимон сорғандай сорып-сорып далаға лақтырып кететін осындай жауыздығы һәм екі жүзділігі бар...

Хош, сонымен биылғы жылы Мәдениет және спорт министрлігінен тапсырыс алған мен осы жылдың басында "Үкілі Ыбырай" атты кітабымды бастап кеттім. Бұл кітаптың жазылуына да алдыңғы министр Мұхтар Құлмұхамед сияқты қазіргі Мәдениет және спорт министр Ақтоты Райымқұлова ханым зор қолдау көрсетті, өз бақылауына алып, қадағалап отырды. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде менің жиырма бес жылғы ізденісімнің жемісі - "Үкілі Ыбырай" атты кітабым жарық көрді. Мен бұл еңбегімнің денін төсек тартып, ауырып жатып жаздым әрі жазуға қызу, құлшына кіріскен кезім еліміздегі бірнеше айға созылған карантинге тұспа-тұс келді. Сондықтан қолыма жаңа тиген бұл еңбегімді "карантинде жазылған кітабым-ай" деп сипап, еркелетіп отырған жайым бар.

Осылайша, қадірлі оқырман, қазақтың ұлы композиторы Үкілі Ыбырай туралы еңбегім Өздеріңізге жол тартты. "Біткен іске сыншы көп қой", десек те бұл ұлы композитор туралы ендей-тегжейлі жазылған тұңғыш кітап. Бұл еңбекте Үкілі Ыбырай туралы айтылмаған ештеңе қалдырмадым десем де болады. Соның айғағындай кітапта оқуға ауыр мәліметтер бар, бірақ тарихи шындық үшін мен мұның барлығын жаба сіркелемей, анық айттым, ашық жаздым. Әйтсе де мемлекеттік тапсырыстың көлеміне байланысты "Үкілі Ыбырайдың даулы әндері" және " Үкілі Ыбырайдың шәкірттері" тараулары, сондай-ақ ұлы композиторың қырық шақты әнінің нотасы кітапқа енбей қалды. (Әндерінің канондық нұсқаларының нотасы түгел енді) Ештеңе етпес, ең бастысы еңбектің ұлы денесі аман! Сөйтіп биылғы жылдың бірінші жартысында бітірген ісім осы болды.

Жолың болсын, "Үкілі Ыбырай"! Ендігі тағдырыңды оқырманға тапсырдым!", деп жазды.

 

Пікірлер