Бүгін, 25 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев 3 бірдей министрді қабылдады. Атап айтсақ, мемлекет басшысына Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова және Ішкі істер министрі Ержан Сәденов есеп берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Светлана Жақыпова еліміздегі әлеумет және еңбек салаларын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Айтуынша, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды лицензиялау жүйесі енгізіледі. Бұл мақсатта кәсіби стандарттар мен оқыту модульдері әзірленген. 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында мүгедектіктің әлеуметтік-құқықтық қорғау моделіне көшу енгізіліп жатыр.
Ал Ішкі істер министрі Ержан Сәденов еліміздегі криминогендік жағдай туралы айтты. Ол жыл басынан бері қылмыстың төмендеуі байқалатынын мәлімдеді. Министрдің мәліметінше, қылмыстық құқықбұзушылық – 5,5 мыңға, қылмыс 10 мыңға азайған. Сондай-ақ Сәденов Қазақстанда «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру, құқықбұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» және оның алдын алу шаралары туралы хабарлады.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Бұған дейін президенттің ҰҚШҰ саммиті алдында Қорғаныс министрін қабылдағанын жазған едік.