Тоқтасыновтың өмірден өткеніне 40 күннен асты. Жақиянов қайта арыз берді

546
Adyrna.kz Telegram

Марқұм Төлен Тоқтасыновтың өмірден өткеніне енді қырық күннен асса да, оның үстінен Ғалымжан Жақиянов арыз беруін доғарар емес. Бұл жолы істі Талғар аудандық соты қарастыруда. Тоқтасыновтың адвокаты Гаухар Салимова бұл туралы  “Адырна” ұлттық порталына айтып берді. 

Айта кетейік, былтырдан бері 2000 жылдардың басында оппозициядан орын тауып, халықтың сөзін сөйлеген жандар, дос болып, жақсы араласқан белгілі тұлғалар Төлен Тоқтасынов пен Ғалымжан Жақияновтың арасында дау орын алады. Ол туралы бірнеше рет жазған едік. 

Қысқаша айтқанда, Тоқтасынов пен Жақиянов 30 жыл дос болып, бірге жүріп, біраз жыл жұмыс істеген. Бірге компания басқарып, кейін Тоқтасынов өз үлесін Жақияновқа сатқан. Ал Жақиянов келісілген ақшаның біраз бөлігін төлегеннен кейін, досын «алдады» деп, арыз жазған. Сот қорытындысы Тоқтасыновтың шешіміне шығарылса да, Жақиянов арыз беруін доғармады. Тіпті, Тоқтасынов ауыр хәлде жатқанда да Ғалымжан Жақиянов пен Тагир Сисинбаев Жоғарғы cотқа Медеу және Алматы қалалық соттарының Жақияновтың Тоқтасыновтан ақша өндіру туралы талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан шешімдеріне кассациялық шағым түсірген еді. Кейін 6 қазан күні Мемлекет және қоғам қайраткері Төлен Тоқтасынов 61 жасында өмірден озды. Міне, саясаткердің жер қойнына тапсырылғанына қырық күн өтпей бұрынғы досы Ғалымжан Жақиянов пен Тагир Сисенбаев тағы да арыз түсірді. 

ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ СОТЫ ЗАҢДЫ БҰЗЫП ОТЫР”

2024 жылдың 2 қазанында Талғар ауданы сотының шешімі шықты. Сот шешімі бойынша, Жақиянов пен Тоқтасынов арасындағы келісімшартты заңсыз деп тану туралы Сисенбаев Тагир талап-арыз жіберген. Одан бөлек, Quinton компаниясы да арызданған. Неліктен Талғарға? Өйткені, осыдан аз уақыт бұрын Жақиянов Бостандық ауданында тұратын, қазір Талғар ауданына ауысып, осы ауданның сотына жүгінен. Сол талап-арызды Талғар сотына Тоқтасыновтың адвокаттары ретінде қаншама наразылық тудырсақ та, біздің өтініштерімізді қанағаттандырусыз қалдырды. 

Сот шешім шыққаннан кейін Төлен Тоқтасынов бірнеше күннен кейін өмірден өтті. Оған дейін Бостандық ауданына Жақиянов арызын жіберген болатын. Бостандық ауданының соты оны қанағаттандырусыз қалдырды. Олар аппеляциялық шағым жазды. Жақында аппеляциялық сот алқасы Тоқтасыновтың өмірден өткеніне байланысты мұрагерлер танылуға уақыты бар екенін алға тартып, алты ай ішінде мұрагері анықталуын тапсырып, ол істі тоқтатқан еді. Бірақ біз Талғар ауданына да дәл осындай өтініш жаздық. Дегенмен, бізді кері қайтарды. Оларға “сотты тоқтата тұрыңыз, Алматы қалалық соты мұрагерлер табылғанша, сотты тоқтатты” деп,өтініш білдірдік. Алайда, Талғар ауданы заңды бұза отыра, Алма Тоқтасынованы өз бетінше мұрагер ретінде танып, өзі қаулы шығарды. Тоқтасыновтың басқа мұрагерлері, яғни балалары бар екенін ескерген жоқ.  

Біздіңше, мұның барлығы заңсыз. Өйткені шешімнің өзі де заңсыз. Бұрын Жақияновпен “ақшасын қайтарсын” деген талап-арыз бойынша соттасқанда, сот үш қаулы шығарған болатын. Бірінші сатысы, екінші сатысы және жоғары сот ісінің қаулылары. Сол жерлерде барлығы жазылған. “Келісімшарт дұрыс, заңды” делінген. Соған қарамастан, Талғар ауандық соты келісімшартты заңсыз бұзып жіберді. Сондықтан біз аппеляциялық шағым дайындап, Талғар ауданына жібердік”, дейді қорғаушы Гаухар Салимова. 

ӨЛГЕН АДАМДЫ АҚША ҮШІН ТАПТАУҒА БОЛА МА?”

Бұған дейін Төлен Тоқтасыновтың жұбайы Алма Тоқтасынова да әлеуметтік желідегі парақшасына Талғар аудандық сотының заңсыздығы туралы жазған еді.

“Төленмен 2019 жылғы келісім бойынша төленген ақшаны өндіру туралы Жақияновтың талабы туралы Жоғарғы Соттың 2024 жылғы 29 шілдедегі қаулысында Жақиянов талап қою мерзімін өткізіп алу арқылы процессуалдық әрекетсіздікке жол бергені көрсетілген.

Бірақ Жақиянов бұл шешімді айналып өту үшін басқа схеманы қолдануды ұйғарды. Ол Талғар қаласына тіркелді, ал Сисинбаев дереу Талғар сотына шартты жарамсыз деп тану туралы талап-арызбен жүгінді. Бірақ Жоғарғы Сот оның бұл мәселе бойынша шағымын бұрын қабылдамаған болатын.

Кейінірек Quinton оффшорлық компаниясы Жақиянов Төленмен келісім-шарт жасасқаны туралы 2022 жылы ғана білгенін айтып, сотқа шағым түсірді. Бірақ бұл да өтірік. Жақиянов 2017 жылдан бастап,  оның сыныптасы және досы,  оффшордың бенефициары Денисов қол қойған оффшорлық сенімхат негізінде әрекет етті. Соттың Сисинбаевтың Шартқа еш қатысы болмаса да, оның талабын қабылдағаны, сонымен бірге Шартта аты аталған Оспановтың үшінші тұлға ретінде қатысуына рұқсат беруден бас тартқаны кереғар. Төленнің адвокатының судьяға қарсы шағымы, әрине, қабылданбады. Шамасы, шешім шығарудың сомасы қомақты болған секілді. Өлген адамды ақша үшін таптауға бола ма?

Олардың қандай қатты қарсылық көрсеткені қарамастан, мен күйеуімнің құқықтарының өрескел бұзылғанын біліп, өзім араласуды шештім.

Осы жерде бірнеше сұрақ туындайды: Экс-судьялар заңды айналып өту үшін қашанға дейін клиенттерден алған ақшаға  қалтасын толтырып алып, сот дәліздерінде кердеңдеп жүреді? Неліктен,  “Хасандар” тағайындаған адамдар әлі күнге дейін Талғарда жұмыс істеп, аймақтағы заңсыздыққа жол беріп отыр?” - деп жазды Алма Тоқтасынова.

”Адырна” ұлттық порталы

 

Пікірлер