“Жұмыс беруші жалтарып отыр”. Түркістан облысында көлік жүргізуші тірідей жанып кетті

6619
Adyrna.kz Telegram

11 маусым күні Түркістан облысы Төлеби ауданы Ақбастау ауылы маңындағы жолда жүк көлігі аударылып, жүргізуші тірідей жанып кетті. Көлік ішінде Шымкент цемент зауытына қарасты тау кен сервисінің қызметкері Қуаныш Сербаев болған. Марқұмның артында жұмысқа жарамсыз науқас әйелі мен кәмелетке толмаған екі қызы қалды.  ”Адырна” тілшісі оқиға орнына барып, марқұмның туыстарынан мән-жайды біліп қайтты.

Қуаныш Сербаев цемент зауытына қарасты тас өндіретін карьерге екі жыл бұрын жұмысқа орналасқан. Күнделікті нәпақасын тауып, онкологиялық дертке шалдыққан әйелін емдетіп, екі қызын асырап, үй тұрғызу үшін жұмыстың қиындығына қарамай, адал қызмет еткен. Дегенмен, 11 маусым күні тілсіз жауға төтеп бере алмады.

“Түскі үштерде інілерім жылап кіріп келді. Баламнан айырылып қалғанымды естідім. Мен сол жерге барайын дедім, мені барғызбады. Міне енді жылап-жылап отырмыз”, дейді әкесі Жаңаберген Сербаев.

Марқұмның әйелі Алматыда ем алуда. Қатерлі ісік ауруының 4 сатысы, метастаз бас миы, ішкі органдарына және сүйекке өткен. Кәмелетке толмаған 14 және 13 жастағы екі қызы аңырап, салынып-аяқалмаған үйі артында қаңырап қалды. Қайғыдан қан жұтқан анасы Қарлығаш Мұханжанқызы қос немересі мен науқас келінінің болашағын уайымдайды.

“Балапанымнан айырылып қалдым. Түс көргендей жағдай болды. Азанда жұмысқа кетіп, күндіз  түскі асқа келіп, одан кейін қайта оралмады. Баламнан айырылдым, келінім ауру, екі қызы бар. Соған көмектессін. Балам кеткеннен кейін, бұлардың тағдыры қалай болатынын білмеймін”, дейді марқұмның анасы.

Марқұмның өмірден өткеніне екі апта өтсе де, тау кен сервисінің басшылығы көмек қолын созуға талпынбаған. Оқиға болғаннан кейін жетісіне бір келіп, одан кейін қараларын көрсетпеген көрінеді.

“Карьерде азаматымыз тірідей жанып кетті. Машинаны бұрын ешкім қарамаған. Әйтеуір ақша табу үшін білгендерін істеп жатыр. Төлейтін айлықтары да мәз емес. Мекеме басшысы Нұржан Мамытов алғашқы қайтыс болғаннан кейін бір келді, кейін хабар-ошарыз кетті. Орынбасары, не көмекшісі келмей отыр. Біз олардан өмір бойына қамтамасыз етсін, деп талап етпейміз, мына жерге келіп жағдайды білу керек еді.

Машинаның бірден аударылып кетуі мүмкін емес, миға қонбайды. “Біреуге жан қайғы, біреуге мал қайғы” демекші, мында әкесі баласы үшін шырылдап жатыр. Тергеушілері анаған-мынаған тартады. Қане,әділдік! Біреуді жылатып қойып отыра алмаймыз. Мен көп жыл көлік жүргізушісі болдым. Мына көлік жарамсыз болған, азанда тексермей шығарған. Көліктің бөлшектерінің барлығы ескі. Басшыларын да ұят бар ма?”-дейді Шымкент қаласының бас биі Толыбай Исахұлы.

Марқұмның туыстары апатқа қауіпсіздік талаптары сақталмағаны себеп болды дейді. Төлеби ауданының бас биі Мейрамхан Әуелханұлының айтуынша, көлікте техникалық ақау болған.

“Бұл жерде көлік құлағаннан кейін үш секундтың ішінде өрт шығып, ішінде Қуаныш бауырымыз тірідей жанып кеткен. Өрттің неден болғаны белгісіз. Бірақ осыдан 300 метр жерде камера тұрған. Сол камерадан жазбасын көрген кезде үш секундта өрт шыққан. Бұл көлікте ақау болған.

Ал енді қазіргі уақытта Қуаныштың әкесі қиын жағдайда отыр.  Қуаныш бауырымыздың әйелі Алматыда онгологиялық жаман аурумен ауырып отыр. Артында екі қызы, соғылып бітпей жатқан үйі қалды. Жұмыстағы басшыларына айтарлықтай талабы жоқ. Тек артында қалған отбасына қолғабыс қылып, көмек қолын созса, салынып жатқан үйін бітіріп, ауырып жатқан әйеліне ем алуға көмектессе дейді. Әкесі күн демей, түн демей баласының уайымымен, келінінің ауруын, немерелерін уайымдап, жүрегі қақ айырылуда. Ол кісінің қиналғанын көріп, біз де отыра алмадық. Ол кісі біздің Төле би ауданының билер құрамында”, дейді Мейрамхан Әуелханұлы.

Ал мекеме басшылары бұл іске қатысты жауап бермеді. Тек тау кен сервисінің бөлім басшысы Айтқұл Мақсат оқиға болған күнді еске алды.

“Сағат үш жарымдар шамасында күзеттен хабар келді. Осында түтін шығып жатырғанын айтты. Біз үш жігіт болып келсек, көліктің өртеніп жатқанын көрдік. Алғашында ішінде адамның бар-жоғына көз жеткізе алмадық. Жарты сағаттан кейін жедел жәрдем, төтенше жағдайлар, полиция қызметкерлері келді. Денесін экспертизаға алып кетті. Біз кештетіп тергеушілерге ақпарат бердік.

Сербаев Қуанышпен біз екі жылдай қызмет атқардық, Өте көңілді тиянақты кісі болатын”, деп еске алды бөлім басшысы.

Түркістан облыстық еңбек инспекциясы мәйітке сот-медициналық сараптамасы жасалатынын, соның қоытындысы бойынша жұмыс жүргізілетінін хабарлады. Ал марқұмның туысқан ағасы Үсен Сербаев қылмыстық істе бір шикілік барын айтады.

“Аталған мәселе бойынша, Төле би ауданындық ішкі істер басқармасында тергеу әрекеті жүргізілуде. Қылмыстық кодекстің 156 бабының 3-ші бөлігімен қылмыстық іс қозғалған. Алайда осы кезеңге дейін бізге ол қылмыстық іспен танысуға ешқандай мүмкіндік берген жоқ. Себебі, заңға сәйкес бізде құқық жоқ екен. Қоғамдық қорғаушы ретінде туысы қатыссын деп өтініш жасасақ да, ол қабылданбай жатыр. Жақын туысынан сенім хат керек дейді. Заңда көрсетілген -  ең жақын туысы фамилиясы бірдей болса, ол қабылдану керек, бірақ ондай болмай жатыр. Қазіргі таңда осы іс бойынша қорғаушы тағайындадық. Кеше барып, ұсыныс тастадық. Жәбірленуші ретінде әкесі танылды. Ал істе жәбірленуші деп қайтыс болған Сербаев Қуаныш деп жазып қойған. Сонымен қатар, күдікті ретінде ешкім танылмаған. Осы мәселе бойынша бір құқықтық шара қолдану керек деп ойлаймын”, дейді Үсен Сербаев.

Дана Нұрмұханбет

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер