Комитет экс-министр Қуандық Бишімбаевтың жазасын қай колонияда өтеп жатқанын жарияламады

982
Adyrna.kz Telegram
Фото: Tengrinews.kz | Тұрар Қазанғапов
Фото: Tengrinews.kz | Тұрар Қазанғапов

Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қай колонияда жазасын өтеп жатқанын атаған жоқ, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz тілшісіне сілтеп.

Бұған дейін сотталған министрдің адвокаты Ерлан Ғазымжанов Бишімбаевтың Степногорск қаласындағы максималды қауіпсіздік мекемесінде отырғанын айтқан. Сол уақытта БАҚ-та Қуандық Бишімбаевтың Степногорск қаласындағы №5 мекемеде жазасын өтеп жатқаны туралы бейреми ақпарат тарады. Комитет бұл ақпаратты ішінара растаған. Алайда нақты колонияны атамады.

"Сұрауда көрсетілген сотталған азамат сот белгілеген жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің максималды қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатыр. Жазасын өтеу орны туралы оның жақын туыстары қолданыстағы заңнамаға (Қылмыстық-атқару кодексінің 25-бабына) сәйкес хабарландырылды", — деп жауап берді комитет.

Естеріңізге сала кетейік, Қылмыстық-атқару кодексінің 25-бабына сәйкес, мекеме немесе жазаны орындайтын орган сотталған азаматтың келіп түскенін оның жұбайы, туысы немесе заңды өкіліне екі жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Комитетте Қуандық Бишімбаевтың колонияда жұмыс істемейтінін де мәлімдеді.

"Мекемедегі күн тәртібі барлық тұтқындар үшін бірдей. Жұмыс орындарының болмауына байланысты ол еңбекке орналастырылмаған", — деп хабарлады комитет.

Айта кетейік, экс-министр 24 жылға сотталған болатын. Алайда Қуандық Бишімбаевтың адвокаты сот үкіміне шағымданатынын айтты.

Пікірлер