Бишімбаев ісі. Айыпталушы тараптың қорғаушылары үкіммен келіспейтінін айтты

1735
Adyrna.kz Telegram
Фото: orda.kz
Фото: orda.kz

24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың адвокаты сот үкіміне шағымданатынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Адвокат Ләйлә Рамазанова сот отырысынан кейін Orda.kz тілшісінің сот үкіміне байланысты сауалына жауап берді.

«Иә, біз шағымданамыз. Әрине, біз үкіммен келіспейміз. Жоспарымыз қандай екенін айта алмаймын, біз әлі құжаттарды алған жоқпыз. Сот үкімі шыққаннан кейін бес күннен кешіктірмей оларды қабылдауымыз керек»,- деді Ләйлә Рамазанова.

Ал, жәбірленуші тараптың адвокаты болған Жанна Оразбақова әлеуметтік желілерінде әділқазыларға объективтілігі мен әділдігі үшін алғысын білдірді.

"Қазылар алқасына объективтілігі мен әділдігі үшін алғыс айтқым келеді! Алқабилер арасында көптеген әйелдер болды, мен оларға қаншалықты қиын екенін көрдім. Жұмыстарыңызға рақмет!" - деді адвокат желідегі парақшасында.

13 мамыр күні сот әйелін қатыгездікпен өлтірген Бишімбаевты 24 жылға бас бостандығынан айырды. Егер үкім өзгеріссіз қалса, экс-министр жазасын Ақмола облысындағы Аршалы колониясында өтейтін болады.

Сот процесі екі айдан астам уақытқа созылған болатын. Нәтижесінде Қуандық Бишімбаев кінәлі деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін төрт жылға сотталды.

Пікірлер