Кинодағыдай хикая. "Қазақфильмді" сақтап қалудың жолы бар ма?

4463
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы – қазақ киноөнерінің қара шаңырағы, қазақ мәдениеті мен тамыры терең  тарихтың дәлелі. Алайда, киелі шаңырақта соңғы жылдары түрлі қиындықтар болып, шешімін таппаған мәселелер қордаланған. Бұл киностудияның қазіргі күйі, тіпті, отандық кино саласының беделіне нұқсан келтіруде.

Бүгін, 2 қарашада киногерлер мен кино ардагерлері бас қосып, қара шаңырақтағы мәселені билікке естіртуге тырысты.

Жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселелер қатарында ең алдымен ғимараттың жағдайы айтылған. Алғашқы проблема – Қазақфильмге тиесілі ғимараттың тағдыры. Кеңес дәуірінен бері тұрған мықты "Қазкинопрокат" ғимараты қазақ киносының өткенін сақтап, қазіргі ұжымның қажетін өтеп келген. Онда осы уақытқа дейін кино студияның архив бөлімі, құрал-жабдықтары мен қызметкерлерге арналған жатақханалар болған. Ал кейінгі жылдары 2 қабатты ғимарат компанияларға келісімшарт бойынша белгілі мерзімге жалға беріліп, киногерлердің жыртығын жамаған екен. Алайда соңғы айда бүтін ғимарат қалалық әкімдік тарапынан «апаттық жағдайда» деп танылыпты.

Бұл ғимарат - көненің көзі, тарихтың дәлелі. Шәкен Айманов сынды талай мықтылардан қалған аманат – Рысқұлов көшесіндегі ғимарат ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі мүмкін екені айтылды.  1 гектарды қамтитын ғимаратта тұрып, жұмыс істейтін халық та зарын айтып, көмек сұраған.

«Компаниялардың бәрін қуып шығып отыр. Қазір Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті қызметін уақытша атқарып отырған Айдар Омаров, вице-президент болып тағайындалған Әсет Ерназаров ғимаратты «апаттық жағдайда» деп сылтауратып, әкімшілікке әперіп жатыр. Ғимаратты әкімшіліктің балансына өткізеді, сол жақтағы бір топқа сатылады. Бұл ғимараттан айырылған соң «Қазақфильмнің» жағдайы мүшкіл болады. Өйткені киностудия Үкіметтен ақша алмайды. Арендада тұр. Ескі Қазақстанның кланы Әл-Фараби мен Гагарин көшелерінде тұрған үлкен, 17 гектар аумақты алып тұрған «Қазақфильмді» алу мақсатында тұр. Қазақфильмге барлық күшті жұмылдыруда. Егер біз қазір Рысқұлов көшесіндегі ғимараттан айырылсақ, онда бітті. Қазақфильм де кетеді. Осындай үлкен сұмдықтар болып жатыр», - дейді қоғам қайраткері, «Қазақанимация» ШБ редакторы Ерлан Төлеутай.

КИНОСТУДИЯҒА КІРЕ АЛМАҒАН КИНОГЕРЛЕР

Рысқұлов көшесінде орналасқан 101нөмірлі 2 қабатты ғимаратта қойма, архив, жатақхана мен жалға да берілген бөлімдер болған. Киногерлердің сөзінше ғимарат қазіргі таңда жалға беріліп, одан түскен 5 миллионға жуық қаражат студияның қаржылық тапшылығын аз да болса жабуға көмектесіп отыр. Алайда, әкімдік бұл ғимаратты апатты деп таныған. Ал кино майталмандары әкімдіктің бұл әрекетін «ғимаратты басқа мақсатта пайдалануға тырысып жатыр» деп күмәндануда. Тіпті студияда жұмыс істейтін кино саласының мамандары жұмыс орнына кіре алмады. Ардагерлерге де кіруге рұқсат болмады.

«Негізі осы үндеуге қатысуды ұйымдастырмастан бұрын киногерлер «Қазақфильмнің» қазіргі басшысынан өтінген. Павильонға кіруге рұқсат сұрап, мәселені іште шешуді ұсындық. Басында қарсылық білдірмеген. Бірақ бүгін студияға да, ішке де кіргізбей жатыр. Проблема өте көп. Біздің саламыз жылдан жылға нашарлауда. Кино азайып жатыр. Әділеттілік жоқ, үздік фильмдер өтпейді. Бұрын «Қазақфильмде» өмір қайнап тұратын. Қазір ішке кірсеңіз  жұмыс күні зиратқа ұқсайды. Себебі жұмыс жоқ, адам жоқ. «Қазақфильм» қазір бірде-бір фильм шығарып жатқан жоқ. Киноға өмірін арнаған тұлғалар студияға кіре алмай жүр. Киногерлер одағы, академия, лига, бәрі-бәрі Президентке, тиесті орындарға бірнеше хат жолдаған. Ешқандай реакция жоқ. Енді тек жалғыз жол қалды. Президентке ашық үндеу жолдасақ сонда ғана мәселе шешілер ме. Проблема өте көп. Ұлттық кино студиясын басқарып отырған адам қазақ тілін білмейді. Оны қалай басқармақ? Бізге жаны ашитын адам болса дейміз», - деп түйіндеді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қанат Төребаев.

Қанат Төребаевтың сөзінше, «Қазкинопрокат» ғимаратының сапасы өте жақсы екенін айтады. Көпшілік әкімдік «апаттық жағдайда» деп таныған ғимараттың ертеңі не боларына алаңдаулы.

КРЕДИТТЕН - КРЕДИТКЕ

«Қазақфильм» басына төнген қара бұлт мұнымен сейілмейді. Күн тәртібіндегі екінші өзекті мәселе – кино саласының мамандары мен шығармашылық ұжымының жалақы алмауы. Тамыз айынан бері еңбекақыларын ала алмай жүрген кино қызметкерлері мен техникалық мамандардың жағдайы күрделі. Ұзақ уақыт бойы төленбеген жалақы олардың күнкөрісіне ғана емес, студия жұмысына да кері әсерін тигізуде. Қарызға белшеден батып, кредит арқылы күн көріп жүргендердің бірі көп балалы әке – Нұрзат Әшімханұлы.

«Айлық алмағанымызға 4 айдай болды. Мен мысалы осы Ұлттық киноны қолдау орталығының үшінші киносын істеп жатырмын. Үшінші киноның ең алғашқы киносын мамыр айында аяқтап қойғанбыз. Алайда толық ақшаны алмадық. Бізге ешқандай себеп айтып отырған жоқ. Тек «ақша түспей жатыр, министрлік ақша жібермей жатыр» деп ауызша айтады. Алайда біз оны қағаз түрінде талап етсек, ешқандай жауап болмайды. Қазірге дейін ақшаның не себептен берілмей отырғаны белгісіз. Мен «Қазақфильмде» жұмыс істеп жатқаныма 15 жыл болды. Соңғы Ұлттық киноны қолдау орталығы пайда болғалы жалақыны бермеу мәселесі пайда болған. Осыған дейін басымызда мұндай мәселе жоқ еді. Айына келіскеніміз бойынша әртүрлі суммада ақша аламыз. Оның бәрі кино мен түсірілімнің қиындығына байланысты. «Қазақфильм» шамамен маған 1 миллион 500 мыңдай теңге қарыз. Кредитті кредитпен жауып жүрміз. Бізде бір топта 70 адамдай жалақымызды ала алмай жүрміз», - деді режиссер орынбасары Нұрзат Әшімханұлы.

Жобаның атқарушы продюсері де бұл мәселенің қашан шешілетінін білмейтінін жеткізді.

«Бізде Ұлттық киноны қолдау орталығынан 18 жоба бар. Осы күнге дейін тамыз айынан бастап 18 жоба бойынша ешкім ақшасын ала алмай жүр. Түсірілім топтары жалақы алмады, актерлеріміз гонорарын ала алмай жүр. Ақшаның берілмеу себебі бізге айтылмайды. «Мемлекетте, қазынада ақша жоқ, биыл бөлінбеді, ақша әлі келмеді» деп айтады. Бірақ ол қағаз түрінде дәлелденбейді. Ақшаның нақты түсетін мезгілі де белгісіз. Бір жобада 30-40 адамдай бар. Ал бізде 18 жоба бар. Соның бәрі өз ақшасын ала алмай жүр», - дейді атқарушы продюсер Ардагер Сантыбаев.

ҚАЗАҚ ТІЛІН БІЛМЕЙТІН БАСШЫЛЫҚ

Айта кетейік, тамыз айында да «Қазақфильмде» үлкен дау туып, экс-басшы Азамат Сатыбалдыға үндеу жасау үшін қызметкерлер бас ғимараттың алдына жиналған еді. Сол кезде қаншама ай бойы жалақысын ала алмаған «Қазақанимация» мамандары ашуланып, басшының сыртқа шығуын талап еткен. Наразы жұртты жаңбыр астында күттіріп, туындаған мәселеге байланысты басшының орынбасары Айдар Омаров сөз сөйлеген болатын. Қазақ тілінде қойылған сұраққа қазақша білмейтінінен «еш қымсынбай», орысша жауап берген Омаров бүгінде Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмнің» басшысы қызметін уақытша атқарып отырғаны айтылды.

«Бұл қазақ кинематографиясы айналасында соңғы жылдары басы шудан айырылмай жатыр. Қаншама үндеу жасап, хат жолдасақ та мәселе шешілер емес. «Қазақфильмнің» басшылығында отырған қазіргі «бастықтары» Ұлттық киностудия деп атайды. Бірақ, мына «Ұлттық киностудия» мен «Ұлттық» терминіне ешқандай жақындығы жоқ адамдар билікте отыр. Қазақ тілін, мәдениетін, мамандықты, киноны білмейді. Оның бәрінде әкімшіліктің адамдары отыр деуге болады. Бүгінде «Қазақфильмге» кірудің өзі қиын. Сол себепті бүгін жиналып, Президентке үндеу жасауға мәжбүр болып отырмыз», - дейді Адай Әбілдинов.

Кино – тек өнер емес, халықтың руханиятын қалыптастыратын қуатты құрал. "Қазақфильм" киностудиясы еліміздің мәдени мұрасының маңызды бөлігі, ал оның тағдыры қоғамның назарында болуы керек. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет тарапынан жедел әрі әділ шаралар қолданылып, өнер шаңырағының жұмысын қалпына келтіру қажет.

Айта кетейік, "Қазақфильмнің" алдына жиналған жұртты бұл жолы да қаруланған күзет пен бір топ полиция күтіп алды.

Мәселеге байланысты бүгін студия қызметкерлері мен ардагер киногерлер Мемлекет басшысына үндеу жасады. Үндеу мәтіні:

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа!

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы, біз, кино саласының күллі қызметкерлері, амалымыз мүлде таусылғандықтан, Сізге Үндеу жасап, "Әділетті Қазақстанның" "Еститін Үкіметіне" бар шындықты тікелей жеткізуге мәжбүрміз.

Үкімет пен "Қазақфильмнің" кино ісіне жауапты шенеуніктерінің бассыздығы мен біліксізді және жауапкершіліксіздігі салдарынан кино саласындағы ахуал күннен күнге күрделене түсуде әрі дер кезінде шешілмегендіктен шегіне жеткен бұл проблемалар одан әрі ушығып барады

Мәселен, 2021-2023 жылдары “Қазақфильмді” модернизациялауға жұмсалған миллиардтаған теңгенің қайда кеткені белгісіз, нәтижесі бұлыңғыр.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы басшыларының көбінің киноөндірістен түк хабары жоқ, бұл саланы мүлде білмейтін дилетанттар болып отырғандығы – кино саласындағы асқынған проблемалардың түпкілікті шешілуіне ең басты кедергі болып тұр.

Кино түсіру мамандары бірнеше айлап жалақы алмай жұмыс істеуде, ал ұлттық орталықтың енді ғана жұмысқа тұрған кейбір басшылары өздеріне жиі-жиі сыйақы тағайындап алуды қалыпты жағдайға айналдырған.

Мұндай бассыздықтан “Қазақфильм” басшылары да қалыспай, студия қызметкерлерін қысқарту арқылы өздеріне жоғары жалақы тағайындап алудан жарысуда. Қазіргі уақытта, “Қазақфильмге” тиесілі Рыскұлов көшесі – 101 үйде орналасқан бұрынғы “Казкинопрокат” кешенінің жер телімі бөгде қолға берілейін деп жатыр. Мұндай проблемалар жетіп артылады, оның бәрін бір видео-үндеумен жеткізу мүмкін емес.

Сондықтан Сізге үндеу жолдап, елдегі кинематография саласындағы заңсыздықтарды тоқтату үшін, жағдайды өз бақылауыңызға алуыңызды сұраймыз! Жауапты басшылар киногерлермен кездесуден басын алып қашуда. Біз бұл мәселелерге қатты алаңдаулымыз және ұлттық киноның келешегі мен талапайға түскен "Қазақфильм" киностудиясының тағдырына бей-жай қарап отыра алмаймыз. Сол себепті Сізді халқымыздың ұлы тұлғалары мен даңқты киногерлерінің ізі қалған “Қазақфильм” киностудиясына арнайы келіп, киногерлермен ашық кездесу өткізуге шақырамыз.

Қазақстан Республикасының Президенті, қадірлі Қасымжомарт Кемелұлы, Сіз, бізді естисіз деп үміттенеміз.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер