Дауда қалған «Қазақфильм». Қазақ аниматорларының жанайқайы

2631
Adyrna.kz Telegram

90 жылдық тарихы бар, қазақ киносының қара шаңырағы болған «Қазақфильм» шудан арылар емес. Бұл жолы ай сайынғы жалақыларын  бір жыл бойы ала алмай келген анимациялық фильм мамандары наразылыққа шықты.

16 шілдеде Ш. Айманов атындағы“Қазақфильм” киностудиясы алдына бейбіт шеру жасаған қызметкерлер саны 30-ға жуықтады.

ЖҰМЫСТАН КҮШТЕП ШЫҒАРУ ЖӘНЕ ЖАЛАҚЫ ТӨЛЕМЕУ

Жиналғандардың бәрі тек жалақы мәселесі мен жұмыс орнын қайтаруды сұрайды. Себебі әйгілі киностудия “Алтын адам”толықметрлі анимациялық фильмінің түсіріліміне қатысқан 50 шақты аниматор маманның еңбекақысын бір жыл бойы төлемей келген. Студияның мамандар алдындағы қарызы 70 млн теңге көлемінде. Шыдамы таусылған ұжым 4 қаңтар күні-ақ бейбіт шеруге шығатыны жайлы басшылыққа хабар бергені айтылады.  Алайда “Қазақфильм” басшылары бір жылдан астам уақыт бойы аталған мәселені шешуге ынта білдірмей отыр дейді жиналғандар.

Олар киностудия басшыларының 15 шілде күні міндеттелген жұмысты соңына дейін атқарған қызметкерлерді  жұмыс орнынан күштеп шығарып, бөлмелерін құлыптап тастағанына айрықша наразы. Ал ұжым мүшелері қысымға ұшырап, жобалар сотталып жатыр дейді.

- Былтыр біздің штатта жалпы 18 адам болды. 18 адам Үкіметтен бөлінген 500 миллион теңгені ала алмай отыр. Бұл кем дегенде наурыз айынан бастап түсуі керек еді. Наурыздан бастап, 25 желтоқсанға дейін мемлекеттік тапсырысты орындауымыз керек еді. Қазір не ақша жоқ, анимациямызды тінтіп жатыр. Басшылық аниматорларды жұмыс орнынан шығарып, оларды қылмыскер көріп отыр. Неше түрлі құйтырқы әрекеттер ұйымдастырып жатыр. Киностудия басшысы Азамат Сатыбалдының орынбасарлары мен сақшылар келіп, анимация бөлімін жауып тастады. Бұл құлақ естіп, көз көрмеген шындық?! Аниматорлардың жүрегі аппақ қағаздай. Олар – балалар үшін жұмыс істеп жатқан адал жандар. Жалақыны ала алмай жүргеніне 7 ай болса, «Алтын адамда» жұмыс істеген 40 аниматор бір жылдан бері ақша бетін көрмей келеді. Одан бөлек, бес жоба сотта жатыр, - дейді Қазақ анимация шығармашылығының редакторы Ерлан Төлеутай.

«БАСШЫЛЫҚТЫҢ ТӘЖІРИБЕСІЗДІГЕНЕН ТУҒАН ҚАТЕЛІК» ПЕ?

Несие алып, қарызға батып күн көріп жүрген өнер иелері “Қазақфильм” басшыларынан мардымды түсініктеме, жауап ала алмай жүргендіктен, әл-Фараби даңғылы, 176 орналасқан Киностудия алдында бейбіт жиын ұйымдастыруға мәжбүр болып отырғанын айтады. Мұндағы мамандардың сөзінше, мемлекеттен бөлінген қаражаттың түспеуіне басшылықтың құжаттан жіберген қателігі себеп болып отыр.

- «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы «Алтын адам» деген жоба бойынша қызметкерлерге 84 миллион теңге қарыз. Бұл былық басшылықтың білімсіздігінен болып отыр. Бітіп тұрған «Алтын адам» деген сақ қорымынан табылған үлкен идеологиялық  жобаның 84 млн теңгесі жоқ. «Қазақфильм» басшылығы мен Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы ерегесіп, мемлекетке аударып жіберді. Ал енді 7 ай жұмыста отырған қызметкерлер тағы бар. Мемлекетке өкпеміз жоқ. Олар ақшаны бөліп тұр. Бірақ ақша тиісті жерге түспей тұр, - деді Ерлан Төлеутай.

Айлығын ала алмай шарқ ұрғандардың арасында студенттер мен тәжірибелі мамандар бар. 1 жыл бойы жұмыс орнынан бір тиын да алмаған аниматорлар мәселе тезірек шешілмесе, әл-Фараби көшесін жауып, үлкен митингке шығатындарын да айтады.

- Осы «Қазақфильмде» жұмыс істегеніме 10 жылдан асты. Бізге жоба бойынша қателіктер айтты. Біз оны өзгертіп, жобаны толығымен қайта дайындадық.  Оны «Қазақфильмге» бердік. Бірақ басшылықтың тәжірибесіздігінен Киноқорға есебі дұрыс берілмей, біз айлық ала алмай келеміз. Ақша мемлекетке қайтарылып кетті. Біздің ұжымда тәжірибеден өтуге келген студенттер, жаңадан үйреніп жүрген стажерлер, талай жылдық еңбек өтілі бар мықты мамандар бар. Алайда ешқайсысы тиісті жалақысын ала алмай жүр. Біз фильмнің қазақ балаларына дұрыс жетуі үшін барымызды салдық. Бұл жоба біздің баламызға айналған. Алайда «Қазақфильм» біздің кішкентай баламызды жөргегінде тұншықтырып жатыр, - дейді «Алтын адам» толықметрлі жобасының режиссері Тілек Төлеуғазы.

«БҰҒАН ДЕЙІНГІ МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕТІН»

Одан бөлек, анимторлардың жұмысына қойылған қатаң тәртіп те бар.  Биыл 13 пилоттық жобаны жасап жатқандар оны теледидардан не кинотеатрдан көрсетуге болмайтынын айтады. Қызметкерлер жоба анимациясын неге істейтінін де түсінбей дал.

Мамандар басшының кім болғаны маңызды емес, тек адал еңбекпен тапқан айлығын алуды сұрайды.

- Азамат Сатыбалдыға дейін де проблема болатын. Алайда екі-үш айда басшылықпен мәселе шешілетін. Біз бір келісімге келетінбіз. Бірақ мынандай үлкен проблема болған емес. Бұрындары тым болмаса ұлттық анимация өлімсіреп жұмыс істейтін, қазір мүлдем өлді, - дейді Ерлан Төлеутай.

«ҚҰРҒАҚ УӘДЕГЕ ТОЙДЫҚ»

Мұндағы жұрт бір жыл бойы күнін көру үшін несие алып, қарызға белшесінен батқанын да жасырмады.

- Біз бұл мәселеге қатысты қанша рет айттық, хат жолдадық. Басшылық тек құрғақ уәде беріп қояды. «Алда болады, күтіңіздер, шыдаңыздар» дейді. Неге төлемей жатқанын білмейміз. Бізде айлық көлемі істелген жұмысқа қарай төленеді. Арамызда 3-5 миллиондық жылдық жалақысы ала алмай жүргендер бар. Студенттер өз алдына. Олар жазғы демалыста. Студенттер күнде хабарласып жатыр. Біз сыртта қосымша жұмыс істемейміз. Қанша мамандар күнкөріс үшін кредит алып кеткен, - дейді бас аниматор Жанәділ Байдарбеков.

Басшылық мәселені шешуге уәде де беріпті. Жиналғандардың арызын басшылыққа жеткізу үшін БАҚ өкілдерінен бөлек Қазақстан киногерлер одағының төрағасы Адай Әбелдинов та келген.

- Басшылық «бәрін шешеміз, бәрін төлейміз, бәрін басамыз,- деп уәде беріпті. - Алайда қанша уақыт өткен, ешқандай жұмыс жасалмады дейді, - дегенді айтты Адай Әбелдинов.

Анимация бөлімінің қызметкерлері басшылықтың құжаттарға қол қою құқығын өзінен алып та тастағанын айтады. Бар уәкілеттік Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының өндіріс жөніндегі вице-президенті Айдар Омаровтың қолында.

Қарайған уақыт өтсе де “Қазақфильм” басшысы Азамат Сатыбалды жұмысшылармен кездесу өткізіп, түсініктеме берген емес. Ашынған жұрт бүгін айғайға басып, басшы Азамат Сатыбалдыны шақырды.

Алайда есік алдындағы күзет журналистер түгілі, өз қызметкерлерін киностудияға кіргізбеді. Ішке кіруге ұмтылған оператордың камерасына жармасып, журналистерге «болмайды» деп дүрсе қоя берді.

СОТТАСУШЫ «ҚАЗАҚФИЛЬМ» ЖӘНЕ ҚАРУЛЫ КҮЗЕТ

Соңғы жылдары басы даудан арылмаған «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы аниматорлардың мәселесіне қанық екенін айтты. Алайда жұрт Айдар Омаровтың жаттанды жауабынан әбден жалыққан болып шықты. Ұлттық кино орталықта вице-директор қызметін атқаратын Айдар Омаров БАҚ өкілдеріне қазақ тілінде сұхбат беруден ашық бас тартып, орыс тілінде түсіндірме жасады.

- «Алтын адам» жобасы бойынша Ұлттық киноны қолдау орталығы 2020 жылы бұл мультфильмге тапсырыс берген. Алайда бұл фильмнің тапсыру мерзімі екі рет өзгертілді. Себебі 2020 жылы карантин болды. 2021 жылы тапсыруға түсірілім тобы үлгермеді. 2022 жылы тағы да түсірілім тобы жобаны тапсыруға үлгермеді. Ал 2023 жылы тапсырыс беруші жұмысты қабылдамады. Бізде сот процесі жұмыс істеп жатыр. Біз жалақыны төлейміз. Бізде осы қызметтер төленбеді. Кино орталығымен соттасып жатырмыз. Біз бір сотта жеңілдік. Бірақ аппеляциялық шағым түсірдік. Бізде Қазақ анимациясының жетекшісі жұмыс істеп жатыр. Ал біздің ішкі тексеріске тоқталсақ, ол заттар мемлекет ақшасына сатып алынған.  Ол жақта компьютерлерге тексеріс жүреді, - дейді Омаров.

Вице-директордың жауабына қанағаттанбаған жұрт директор Азамат Сатыбалдыны шақыруға тырысты. Алайда киностудияның бір қызметкері «басшы орнында» десе, екінші бірі «басшылық кетіп қалған» деді. Азамат Сатыбалдыны таба алмаған БАҚ өкілдеріне анимация бөлімінің жетекшісі сұхбат берді. Оның сөзінше, қазір қаражатты қайтаруға қатысты құжаттар реттелуде.

- Қазір министрлікпен келісім шарт дайындап жатырмыз. 11 шілде күні министр келісімге қол қойды. Енді жұмысты бастаймыз. Бүкіл аниматорларды жинап, жұмысты бастамақпыз. Мен 27 сәуірден бері жұмыс істеп отырмын. Осы ай ішінде мен ең аз жалақыны алып отырмын. Маған алтыншы айдан бастап жалақы төлеп жатыр. Қазақ анимациясын өлтіруге жол бермейміз. Бұл тек «Қазақфильмге» ғана қатысты қиындықтар емес, министрлікте де осы мәселе күйіп тұр. Бұл ортақ мәселе деп айтуға болады. Қазақ анимациясы даму үшін тәуелсіздік керек. Ол өз мәселесін өзі шешуі керек. «Қазақфильмде» отырған анимация дамымайды, - дейді анимация бөлімінің жетекшісі Айбике Рақымжан.

Осылайша басшылықтан оңды жауап ала алмаған шерушілер тағы да үмітпен тарқасты. Ал «Қазақфильм» басшылығы тиісті адамдардан жауап алуға келген БАҚ өкілдерін қолына мылтық ұстаған күзетшімен шығарып салды.

Оқиғаның видеосын желідегі парақшамыздан қарай аласыз!

Сымбат Наухан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер