Ақтауда ұлттық киімдер шеруі өтті

774
Adyrna.kz Telegram
Фото: Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығы
Фото: Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығы

22 қазан күні Ақтауда Республика күні қарсаңында ұйымдастырылған ұлттық киімдер шеруіне Маңғыстау облысының 500-ге жуық тұрғыны қатысты. Бұл туралы Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар орталығы мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Ұлттық киімнің әсемдігі мен даралығын көрсетуге бел буғандардың қатарында дизайнерлер, тігіншілер, сән үйлері, сондай-ақ қаладағы ірі мекемелер мен білім беру ұйымдарының өкілдері, облыс орталығының тұрғындары бар. Шерудің басты мақсаты – қазақтың ұлттық киім үлгілерін қоғамда кеңінен насихаттап, заман талабына сай жаңғыртып, сән әлеміне енгізу.

Шара ерекше форматта басталды. Бүркіттің қауырсынымен безендірілген ұлттық бас киім киген қыз-келіншектер мен аналар қазақтың ұлттық киімдерімен қоғамдық көліктерге мініп, халық әндерін шырқап, жолаушыларға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Шерудің негізгі бөлігі теңіз жағалауында жалғасты. Дәстүрлі шапан мен тақия киген қариялар ұлттық мәдениеттің көрнекті бейнесін паш етсе, мектеп оқушылары ұлттық нақыштағы киімдерімен шеруге ерекше сән берді. Сонымен қатар, әже бас киімдері – кимешек пен мерекелік киімдерден бастап, қалыңдық киетін сәукелеге дейін ұлттық киімдердің өзіндік және заманауи үлгілері көпшілік назарына ұсынылды.

Шара аясында асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қазақша күрес сияқты дәстүрлі ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы марапаттарға ие болды.

Айта кетерлігі, ұлттық киімдер шеруін ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Маңғыстау» жергілікті бастамаларды қолдау орталығы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Пікірлер