Ақтөбедегі балабақшаларда 240 млн теңгеден астам бюджет қаражаты жымқырылғаны айтылды

264
Adyrna.kz Telegram
Сурет: norma.uz
Сурет: norma.uz

Ақтөбе облысының Хромтау және Мұғалжар аудандары прокуратуралары мектепке дейінгі мекемелерде 240 млн теңгеден астам бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілерін анықтады. Бұл туралы бүгін, 21 қазанда облыстық прокуратураның баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Бюджет қаражаттары жұмысшыларға қосымша сыйлықақы беруде бюджеттік өтінімдерді негізсіз жоғарылату арқылы иемденiлген. Бақылаусыз өзгерістер енгізіліп, оның ішінде басшыларға сыйлықақы беру туралы бұйрықтарға сомаларды асыра көтерген.Иемденіп алу схемалары жалақыны белгіленген нормадан тыс аудару, аударымдарды қайталау, жалған іссапарлар арқылы жүзеге асырылған.

Сонымен қатар, есепшілердің бірі кейбір қызметкерлерге жоғарылатылған жалақы, қосарланған еңбек демалысы мен іссапар төлемдерін заңсыз есептеу арқылы жалпы көлемі 24 млн теңгеден астам қаражатты иемденген»,—делінген хабарламада.

Аудан прокуратураларымен аудандық білім бөлімінің бұрынғы басшыларына, 3 балабақша меңгерушілері мен 4 есепшіге қатысты ҚК-тің 189-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен (аса ірі мөлшерде cенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Барлық көрсетілген факті бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметімен сотқа дейінгі тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр.

Пікірлер