16 жастағы Шерзаттың өлімі. Сенатор қылмыстық іске қатысты пікір білдірді

1639
Adyrna.kz Telegram
Фото: jebeu.kz
Фото: jebeu.kz

Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасы, сенатор Жақып Асанов кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әлеуметтік желіде сенатордың "Хутор" бандасының басшысымен туыстық қатынасы бар деген ақпарат тараған. Жақып Асанов “Хутор” бандасының басшысы деген күдікке ілінген Хасан Қасымбековке туыстық қатынасы бары туралы ақпаратты жоққа шығарды.

“Бұл ақпарат туралы бірінші күні-ақ естідім. Мен бұған қатысты пікір білдіруден бас тарттым. Өйткені мұның бәрі өтірік, жалған. Оны танымаймын, білмеймін, көрген емеспін. Қазір әлеуметтік желіде жалған ақпарат көп. Оның бәріне сене беруге болмайды. Бірақ кім біледі? Біреу менің атымды шығарайын деген шығар. Мәселе тек менде емес. Жалпы өтірік нәрсе көп. Оның барлығы тергеу амалдарын жүргізуге кедергі жасайды”, – дейді сенатор.

Жақып Асанов Шерзат Болаттың айуандықпен өлтірілуіне байланысты пікір білдірді.

“Талғардағы өте қиын жағдай. Қиянаттың қиянаты. Жап-жас мектептегі баланы ересек бірнеше еркектер жабылып ұрып, әке-шешесінің қолын байлап, көзінше өлтіргені өте ауыр. Қазаның жеңілі жоқ дейді. Десе де бұл ауыр жағдай”, – дейді Жақып Асанов.

Сенатор 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты соттың ашық режимде, онлайн өтуіне қатысты пікір білдірді.

“Прокуратура соттың ашық өтуін сұраймыз деп айтып қалды. Бірақ оны судья шешеді. Ол туралы менің айтқаным орынсыз болады. Өйткені оны сол іс бойынша төрағалық ететін судья шешеді”, – деді Жақып Асанов.

Пікірлер