Соңғы үш жылда 237 әскери қызметші қаза болып, оның 50-і суицид жасаған - Сенатор

4032
Adyrna.kz Telegram

Сенатор Дана Нұржігіт еліміздің Премьер-Министріне жолдаған депутаттық сауалында Үкіметті әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау жөніндегі жұмысты күшейтуге шақырды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Депутаттың айтуынша, соңғы үш жылда 237 әскери қызметші қаза болды. 2020 жылы -77, 2021 жылы -96, 2022 жылы 64 адам көз жұмған. Оның 89-ы аурудан, 62-сі жол апатынан, 50-і суицид салдарынан қайтыс болды.

Сенатор жағдайды жақсарту үшін әскерге шақырылушылардың ғана емес, жасөспірімдердің де психологиялық жағдайын бақылау маңызды екенін атап өтті.

«Біз 13-14 жастағы ер балалардың денсаулығы, тән саулығы, психикасы, психологиясы үнемі бақылауда болуы керек деп есептейміз. Әскерге шақыру комиссиясының алдына келгенше ол баланың бүкіл психо-физикалық портреті, барлық ақпарат арнайы электронды кітапшада  жиналып тұрғаны дұрыс. Қазірге кезде міндеттелген квотаны толтыру үшін әскер қатарына денсаулығы жоқ бозбалалар да кетіп жатыр», - деді Дана Нұржігіт.

Сенатор әскери қызметшілердің қоғамдағы мәртебесін көтерудің маңыздылығы және олардың әл-ауқатын жақсарту туралы да айтты.

Оның айтуынша, мұнда өз шешімін талап ететін көптеген мәселе қордаланып қалған.

«Қарулы күштер қатарындағы келісім-шарт бойынша қызметке келген бірінші жылдағы солдаттың жалақысы 82 мың теңге. Қазақстан дәрігерлерінің жалақысы көтерілгенде, еліміздің әскери дәрігерлері бұл үлестен қалыс қалып, бүгінде олардың жалақысы 200 мың теңгені құрайды. 2021 жылдан бері «Әскери баспана» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» алғашқы жарнаны 5%-дан  20%-ға дейін өсірген. Ал әскери жалақы 100 мыңға да жетпейтін жас әскери маман баспананың алғашқы 20 пайызын қалай төлемек? Осыдан кейін барып, әскери адамның қоғамдағы мәртебесі туралы қандай сөз қозғауға болады?!», - деді депутат. 

Дана Нұржігіт әскерге шақырылатын және әскерге шақырылғандардың денсаулығын сақтау және қадағалау, олардың денсаулығының электрондық тіркелімін жасау және әскери қызметшілердің әл-ауқатын жақсартуға байланысты ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін бірқатар ұсыныстар айтты.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер