Тар жол, тайғақ кешкен тағдыр

1318
Adyrna.kz Telegram
esquire.kz
esquire.kz

Ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына – 130 жыл. 

Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысы Ақадыр (қазіргі Шет ауданы) ауданы Қарашілік қыстағында дүниеге келген. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш сыныпты училищеде оқыған.1914 жылы Қазан қаласында«Өткен күндер» атты тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарды. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берді. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсетті.

“Беташар” қойылымынан кейін маусым айында ақтар көтеріліс жасап, Ақмола совдепшілерін тұтқынға алған. Сәкен 47 күн отырған атаман Анненковтың «азап вагонынан», 1919 жылдың 3 сәуірінде адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шықты. 1920 жылдың 7 мамырында Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болды. Солжылы қазан айында Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезіне қатысты, Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланды. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылықжасады.

Саналы ғұмырында С.Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары КеңесініңТөрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жаңа әдебиет» журналының басшысы, Қазақ мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған.

Сол жылдары жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары, «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқынында» атты поэтикалық жинақтары жарық көрген. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалықтар енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.

С.Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғаларын сынға алды. «Ақсақ киік», «Аққудың айырылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттеді.

С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында да көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі - Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық, шығармасы. «Жемістер, «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романында көрсетті.

Одан бөлек, С.Сейфуллин қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері -Ақтоқты», «Ләйлі - Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы - осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі. Онда қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды.

С.Сейфуллин қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға көп күш салды, сол тұста әдебиетке келген қаламгерлер М.Қаратаев, К,Бекхожин, Ж.Саин және тағы басқалары С.Сейфуллиннің көмегіне сүйенген. С.Сейфуллин олардың алғашқы кітаптарын бастыруға көмектесіп, алғысөздерін жазған.

Жазушының шығармалары бірнеше рет шет тілдеріне аударылған. Ол 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өткен бірінші онкүндігіне қатысқан. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармалары туралы С.Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, Ә.Тәжібаев,А.Тоқмағанбетов, Қ.Бекхожиндердің поэмалары, Е.Ысмайылов, С.Қирабаев, Т.Кәкішев және өзге де ғалымдардың әдеби зерттеулері, естеліктері жарық көрген. 1938 жылы қуғын-сүргінге ұшырап, Алматыда атылды.

Жазықсыз жапа шеккен ұлт қайраткерінің есімі 1958 жылы ақталды.

Пікірлер