Мәжіліс кулуарында депутат Азат Перуашев бұған дейін Қазақстанды «Штрафстан» деп атаған мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Өткен жылы осындай мәлімдеме жасаған кезде мен бұл сөздің қате екенін мойындадым. Парламентарийлер сөзді абайлап әрі салмақтап айтуы тиіс. Мен мұны бір жыл бұрын айтқанмын. Кеше президент тек мені ғана емес, басқа адамдарды да сынға алды. Бұл – жұмыс, бұл – өмір. Біз мемлекет басшысының сынын қабылдап, одан сабақ алып, әрі қарай жұмыс істеуіміз керек», – деді Перуашев.
Сондай-ақ ол Қазақстанның «Штрафстан» емес екендігін атап өтті.
«Біздің еліміз – Қазақстан, ол «Штрафстан» емес. Біз – өркениетті мемлекетпіз», – деп қосты депутат.
Перуашев бұған дейін кәсіпкерлерге салынатын шамадан тыс үлкен айыппұлдарды сынау барысында Қазақстанды «Штрафстан» деп атаған еді.
Еске салайық, кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте «Штрафстан, Айыппұлстан» дегендерді сынға алған болатын.
