Кішісі былтыр дүниеге келген. Жітіқарадағы өрттен бес бүлдіршін қаза тапты

3187
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйде шыққан өрт салдарынан үй шатыры опырылып түсіп, бес бала қаза тапты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Облыстық әкімдіктің хабарлауынша, өрт таңғы сағат 4:29-да басталған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 7 минут ішінде жеткенімен, үй толығымен өртке оранған. Сағат 6:08-де өрт сөндірілді.

«Өкініштісі, үйіндіні тазарту нәтижесінде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған кәмелетке толмаған балалар үйден табылды. 2011 жылы туған үлкен баласы ғана аман қалған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен. Күйеуі түрмеде отыр», - делінген облыстық әкімдіктің мәлімдемесінде.

Алдын ала мәлімет бойынша, пеш қараусыз қалып, жалын содан пайда болуы мүмкін. Оқиғаның себептерін мамандар анықтауда. Өрт – техникалық зерттеуге тапсырылды.

Еске сала кетейік, осыған ұқсас жағдай бес жыл бұрын Астана қаласы маңындағы Көктал шағын ауданында да болған еді. Ол кезде ата-аналары түнгі ауысымда жұмыста жүріп, үйінде жалғыз қалған бес бала өрт салдарынан қаза тапқан. Көршілері өртті көріп көмекке ұмтылғанымен, жалынның күшті болғаны сонша, балаларды құтқарып үлгермеген. Бес қыздың үлкені небәрі 13 жаста, ал ең кішісі үш айлық сәби болатын. Осы оқиғадан кейін, тұрмыстық жағдай мен пештің қауіпсіздігі мәселелері талқыға түсіп, қоғамды бей-жай қалдырмады. Бұл жағдайлар балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тұрмыстық жағдайдың жақсаруына үлкен мән беру қажеттігін тағы бір рет көрсетіп отыр

Пікірлер