Фото: Uteka.ru
Иранда соңғы 10 күн ішінде алкогольдік ішімдіктерден 466 адам уланып, олардың 32-сі қайтыс болған. Улану деректері елдің бес провинциясында тіркелді. Бұл туралы Иран құқық қорғау органдарының өкілі Саид Монтезеруль Мехди мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tasnim агенттігіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, соңғы 10 күнде елдің бес провинциясында алкогольдік ішімдіктерден жаппай улану жағдайлары анықталған. Зардап шеккендердің 32-сін аман алып қалу мүмкін болмаған.
Сонымен қатар соңғы сегіз айда Иран аумағында қолдан жасалған 4,5 миллион литрден астам алкогольдік өнім тәркіленген. Заңсыз алкоголь өндіру және тарату күдігімен 41 мыңнан астам адам қамауға алынған.
Айта кетейік, бұған дейін, 22 қарашада Иранның солтүстік-шығысындағы Нишапур қаласында да жаппай улану оқиғасы тіркелген. Сол кезде алкогольдік ішімдіктерден 33 адам зардап шегіп, олардың үшеуі көз жұмған.
Осылайша, Иранда соңғы уақытта қолдан жасалған алкоголь өнімдерінен улану деректері жиілеп отыр. Құқық қорғау органдары заңсыз алкоголь өндірісі мен таралуына қарсы шараларды жалғастыруда.
