Ұзынағаш ауылы 5 миллионнан аса қаржыға дауыс беру кабиналарын сатып алмақ

831
Adyrna.kz Telegram
Сурет: zakon.kz
Сурет: zakon.kz

Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылдық округі 5 178 571 теңгеге дауыс беру кабиналарын сатып алмақ, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі satypalu.gov.kz сайтына сілтеме жасап.

17 қыркүйек күні Жамбыл ауданы әкімдігінің Ұзынағаш ауылдық округі әкімінің аппараты "Ұзынағаш ауылдық округіне (Ұзынағаш, Жаңақұрылыс, Ынтымақ елді мекендері) дауыс беру кабиналарын сатып алу және орнату" деген тақырыппен тендер жариялаған. Мемлекеттік сатып алу жеңімпазы 24 қыркүйек күні анықталады.

Ұзынағаш ауылдық округі бюджеттен бөлінген 5 178 571 теңгеге қанша дауыс беру кабинасын сатып алмақ болып отырғанын білу үшін мемлекеттік сатып алудың техникалық сипаттамасын аштық. Өкініштісі техникалық сипаттамада түсініксіз әріптер мен сандардан басқа ештеңе жүктелмеген. Яғни, тапсырысты орындаушы дауыс беру кабинасын қалай жасайтыны, құрамында бірнеше елдімекен бар ауылдық окургке қанша кабина қажет екені жұмбақ күйі қалған.

6 қазанда Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Сонда референдумда дауыс беретін кабина үшін Алматы облысының бір ғана ауылы бес миллион теңгеден астам қаражат жұмсамақ па? Бұл қаржыға қанша кабина сатып алынбақ? Қазақстанда соңғы жылдары сайлаулар жиі өтті. Бұрынғы сайлаудағы кабиналар қайда кетті?

Бұл сұрақтарды тиісті мекемеге жолдадық. Олардан жеткен жауапты алда жариялайтын боламыз!

Асыл Абай
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер