Нұрлан Смағұлов зейнетақы қорындағы қаржысын алатын болды

2603
Adyrna.kz Telegram

Табысы, дәулеті, байлығы бойынша Қазақстанда 12-орында тұрған кәсіпкер  Нұрлан Смағұлов зейнетақы қорындағы ақшасын шешіп алып, кәдеге жарататынын айтты.

Алайда оның зейнетақы қорында қанша ақшасы бар? Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Нұрлан Смағұлов зейнетақы қорындағы қаржысының қанша екенін білмейтінін айтты.

–Жағдайым жақсы. Үйім бар. Маған қосымша пәтердің керегі жоқ. Бірақ зейнетақы қорымдағы ақшаның көлемі өте үлкен деп шамалаймын, – деді Нұрлан Смағұлов  журналистерге берген сауалында.

Бірақ қордан ақшасын алғысы келіп отырған кәсіпкер оны қайда жаратады?

Қазақстанда ата-анасыз жетім қалған балалар баршылық.  Айта кету керек, Смағұлов «Қазақстанның балалар деревниясы» қамқоршылар кеңесінің мүшесі екені белгілі.

–Жалпы қамқорлықсыз қалған балалар мемлекеттен тезірек үй алуы тиіс. Алайда бұл жеңілдік жүзеге аса бермейді. Жетім балалар әр жерде жұмыс істейді, пәтер жалдап тұруға жағдайы келе бермейді. Сондықтан біз «Қазақстанның балалар деревниясын» құрдық. Әзірге Алматы қаласында осындай екі үй бар. Біздің компания қамқорлықсыз қалған балаларға көмектеседі, оларды жұмысқа орналастырады. Бірқатар балалар бізде жұмыс істейді және балалар деревниясында тұрып, жаңа мамандықтарды игереді. Олардың алаңсыз өмір сүруі үшін мен зейнетақы қорындағы ақшамның біраз бөлігін «Қазақстанның балалар деревниясы» қорына аударамын. Балалар үйінен келген баспанасыз жасөспірімдер біздің пәтерлерде тұратын болады. Мен сондықтан да зейнетақы қорындағы қаржымды олар мұқтаждық көрмес үшін қорға аударамын,-деді кәсіпкер Нұрлан Смағұлов.

Ескерте кетейік, еліміздегі бірқатар сауда үйі мен танымал компанияның иесі Нұрлан Смағұловтың қазынаға төлейтін салығы да қомақты. Дерекке жүгінер болсақ, 2020 жылы оның Astana Motors компаниясы бюджетке 29,4 млрд тенге салық төлеген. Ал жұртшылық көп баратын MЕGA сауда үйі биыл  пандемияға байланысты 140 күн жабық болып, 13 миллиард теңге шығынға ұшырады.

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер