Банк қызметкерлеріне қанша млрд теңге сыйақы төледі?

191
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/3ebY9FpCTDaKPt2bEdQ4SooEPOxY0fn25M54ZM8Y.jpg

Қазақстандағы алты банк 2025 жылы атқарушы орган мүшелеріне 1 млрд теңгеден астам сыйақы төлеген, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Finprom.kz-ке сілтеп.

Ең көп сыйақыны Halyk Bank төлеген. Банктің атқарушы орган мүшелеріне берген жалпы сыйақысы 4,47 млрд теңгені құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 4,06 млрд теңге болған.

Екінші орында Bank RBK – 3,85 млрд теңге. Бір жыл бұрын банк басшылығына 3,3 млрд теңге төленген. Үшінші орынға ForteBank жайғасты. Оның 2025 жылғы сыйақы қоры 1,86 млрд теңге болды. Бұл 2024 жылғы 3,97 млрд теңгемен салыстырғанда айтарлықтай аз.

Үздік алтылыққа сондай-ақ Еуразиялық банк (1,69 млрд теңге), Home Credit Bank (1,32 млрд теңге) және Altyn Bank (1,28 млрд теңге) кірді. Бұл сомалар әр басшының жеке табысын көрсетпейді. Себебі банктердегі атқарушы орган мүшелерінің саны әртүрлі, ал бір банктің өзінде басшылардың сыйақысы көлемі бойынша айырмашылық болуы мүмкін.

Finprom.kz есептеуінше, бір атқарушы орган мүшесіне шаққандағы орташа сыйақы көлемі Bank RBK-де ең жоғары болған. Мұнда бір басшыға орта есеппен 770,1 млн теңгеден келген. Бұл айына шамамен 64 млн теңгеге тең.

Halyk Bank-те бір басшыға шаққандағы орташа көрсеткіш 446,5 млн теңге болды. Банктің атқарушы органында 10 адам бар.

Home Credit Bank-те бұл көрсеткіш 329,5 млн, Еуразиялық банкте – 241,3 млн, Altyn Bank-те – 212,7 млн, ForteBank-те 154,7 млн теңгені құрады.

Банк ЦентрКредитте бір басшыға орта есеппен 243,1 млн теңге, KMF-те – 208,3 млн, Bereke Bank-те – 153,9 млн, Alatau City Bank-те 124,1 млн теңгеден келген.

Ал ең төменгі орташа көрсеткіштер ICBC-де – 21,6 млн теңге, Bank of China-да – 25,1 млн теңге және KZI Bank-те – 31,8 млн теңге болды.

Жалпы, 2025 жылы атқарушы орган мүшелеріне төленген сыйақы көлемі банктердің басым бөлігінде өскен. Төлем көлемі төрт қаржы ұйымында азайған. Олардың ішінде ең елеулі төмендеу ForteBank-те байқалды: 3,97 млрд теңгеден 1,86 млрд теңгеге дейін.

2026 жылғы шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істеген. Оның 10-ы шетелдік банктердің еншілес ұйымы. Елде 283 банк филиалы және бейрезидент банктердің 19 өкілдігі болған.

Пікірлер