Айдағаны қос сиыр, ысқырығы жер жарар!

3965
Adyrna.kz Telegram

Жасымыз бар, жасамысымыз бар, сиыр, сиыр деп сайрағалы бірнеше күннің жүзі болды. 30 жыл ел басқарған абыз ақсақалдың ақылын келемеждеу кімге керек? Бала бауыр етің, оны асырап бағу, өсіріп жетілдіру отағасының тікелей міндеті деп білемін! Жақсылық жасаймыз деп мемлекет әр балаға 21 мың теңгеден беріп жатыр. Оны кім қалай бағалауда? Мәселен, таныс-тамырымыз  алты баланы асыраса да, 21 мың теңге белгіленген күннен бастап әйеліне біз осы күнге дейін осы тиын-тебенсіз өмір сүрдік, отбасын бағу менің міндетім. Ақшаны әр ай сайын алмай жинайық, ол ақшаны жоқ деп санайық деп келіседі. Күні кеше жиылған қаржыға жер алғанын айтып қуануда. Енді тағы үй салуға әрекеттенеміз деп берік шешім қабылдап отыр.  Қалай қуанбайсың? Ал, бір көршім бар он баланың әкесі,(246 000) , әйелі 11-балаға аяғы ауыр. 21 мың теңгеге дейін тіршілік істеп еңбектенетін. Қазір оны да ұмытқан.  Тіпті өткенде естісем тұтынған электр энергиясына төлемей келіпті. Көп балалы әкемін деп. Ал, не дейсіздер? Осы масылдықты көрген балалары кім болады? Баяғыда ауылда жағдайы қанша төмен болсада, тікелей апарып көмек көрсетсең арланып «бізде бәрі бар, әуре болмаңыздар» деп отырушы еді. Қазір адамнан ар кетті ме? Сиыр әңгімесінен шығады. Кезінде одақ тарағанда 16 баланың ата-анасы, колхоз қызметкеріне жайылымдық жер мен он қой береді. Басқалары 100-150 қойдан, 15-20 сиырдан алып жатқан кез. Сол малдарын "жигули" мен "москвичке" айырбастап уақытша қызық көріп жатқан қатарластары. Ал, ағамыз бен тәтеміз он қойды алға салып таудан берген жайылымдық жерге жол тартқан. Ал, қазір 4 мыңдай қой, үш табын сиыр, 6 үйір жылқы. Міне, еңбек! Тырнақ қимылдатқан адамға тіршілік бар! Келтіре берсек мысал көп. Еңбектенейік, ерінбей.

 

Бақтияр МЫРЗАХАНҰЛЫ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер