Көкпар мен көкбөрі: қызықтар мен шыжықтар. Талдау

1199
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Туризм және спорт министрлігі
Сурет: Туризм және спорт министрлігі

5 күндік көшпендердің (көшмен/көшпен – көш адамы) әлемдік аламанында басты назарды аударған көкпар мен көк бөрү ойындарына қатысты өз талдауымды ұсынып отырмын.

Себебі, осы спорт түрлері бойынша өзімді сарапшы сезінемін. Оған бір дәлел: КӨКПАР СПОРТЫН ЖЕТІЛДІРУДІҢ ТҰЖЫРЫМДАМАСЫн жасап, 2021 жылы арнайы авторлық патент алдым. Ондағы мақсат – қайткенде өзіміздің өмір салтымызды дүниеге паш ететін бірден бір спорт көкпар екендігін байқай отырып, оны адамзат игілігне спорт ретінде жаратуға үлес қосу.

Жалпы тарихи мәлімет. 

Көкпар тарту тарихшылардың пайымына сүйенсек, сонау Заратуштра кезеңінен  басталған  екен. Бұған ұқсас ойындар негізінен  атты төрктер және олармен араласқан парсытектес халықтарға тиесілі.

Ойынды спортқа айналдыру қазақ жерінен басталған. Қазақстанда 1949 ж. көкпар тартудың жаңа ережесі бекітіліп, оған сәйкес көкпарды арнаулы алаңда, командалық сипатта өткізу белгіленген. 1958 жылдан бері көкпар аламан алаңдарда атшабарда, 1990 жылдардан бері арнайы көкпаралаңда өткізілуде.

Қысқаша ғана көкпар мен көк бөрі атауларының этногенезіне соға кетейік, оны бұрын да айтып жүрмін. «Көкпар» сөзі (пар – бірдеңенің бөлігі, бөлшегі, жыртысы: пар,пара,парақ...) аса ежелгі Көктің бөлшегі, жыртысы деген мағынаны білдірген, соған таласу арқылы Көкке табынған төрктер Аспанның, Тәңірдің батасы мен сыбағасын алуға таласқан ежелгі рәсімнен шыққан. Ал «көк бөрі» тіркесі ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап қолданысқа енгізілді, бұған дейін қырғыздар ұлақтартыш атап келді, оны белгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов «Қош бол,Гүлсары» деген орысша хикаясында «козладрание» деп алды. Көкбөрі атауы болғанда жазушы орысша «кокбори» деп келтірген болар еді, яғни бұл жасанды атау.

Тайқазанды кім тікті?

Көкпардағы қазан-ошақ қашан шықты?

Көкпарды спортқа айналдыру үшін тәуелсіздік қарсаңында, 90-жылдары жаңа ереже  нұсқасы шықты. Оған түрткі болған қырғыздың белгілі режиссеры Болот Шамшиев еді. Ол кісі футбол тұжырымына сүйеніп, екі қақпаның орнына екі қазанды шығарды. Сосын командалар 11 адамнан тұратын еді. Кейін алаң тарлық еткесін әр команда алаңға 4 ойыншы шығаратын болды.


Бұл көкпарды спорт ретінде дамытудың алғышарты болғанын мойындайық, бірақ футболға ұқсағаны сондай, әр команда салымды қарсыластың қазанына салып жүрді. Бұл жағдай 2016 жылға дейін, біздің  абай.кз сайтына «Көкпар ойынында көне салт көрінбей барады» деген мақаламыз шыққанша жалғасты.

Осы мақаладан кейін көкпаршылар да, көкбөрішелер де естерін жинап, салымды өз қазандарына салатындай ережені өзгертті.

Осы жерде бірден айта кетейік, көкпар тарихында ойынға қазан-ошақ қолданылған емес, ешқашан қазан атрибут та, реквизит те болған емес.

Спорт деген не, ойын деген не?

Енді қазыр шеңберге серке салынатын көкпар мен қазанды қолданатын көкбөрінің өзара бәсекесіне тоқталайық. Әңгімеміз  шынайы әрі логикаға сай болу үшін оған аздап ғылыми сипат береміз.

Бірден айтатын нәрсе мынау: біздің кешегі көшпендер ойынына қатысқан барлық ұлттық ойындар ойын емес спорт екенін жария еттік. Олай болса спорт пен ойынның ара жігін ажыратып, сол критериймен көкпар мен көкбөріні талдайық:

Спорт пен ойынның айырмасын көрсететін кемінде 13 талап бар, атап айтқанда:

СПОРТ:

  1. Бапкер

  2. Бапталған ат

  3. Атрибут/серке

  4. Ресми Бекітілген ереже

  5. Бапталған команда

  6. Жүлде

  7. Нақты критерилер

  8. Арнайы киім

  9. Қорғаныштар

  10. Көрермен

  11. Арнайы көкпаржай/стадион

  12. Терминдер

  13. Қауіпсіздік

 

ОЙЫН:

  1. Тәжірибелі көкпаршы

  2. Қолда бар ат

  3. Бауыздалған серке

  4. Ойыншылар келіскен ереже

  5.  Қабылетті топ

  6. Жүлде – міндетті емес

  7. Келісілген талап

  8. Арнайы киім жоқ

  9. Қорғаныш міндетті емес

  10. Көрермен жоқ

  11. Қолайлы далалық алаң

  12. Ұғымдар

  13. Қарала бермейді

Осы жерде көкпардың спортқа айналғандығы көкбөріге қарағанда 2-3 қадам алда екені көрініп тұр.

1.Қазанның орнына жерге тастау,

2. Бауыздалған серкенің орнына тұлыпты/ муляжды пайдалану.

Бірақ оны әрі қарай пісіретін бізде ыждағаттылық болмай келеді.

Ал енді термин жағына келейік. Көкпарда әлі күнге ойыншыны қалай атайтынымызды білмейміз, комментаторлар біресе палуан дейді, біресе шабандоз дейді. Оның бірі бәйгенің енді күрестің терминдері екенінде ешкімнің шаруасы жоқ. Шеңбер дейді, ау қазан деп айтсақ, кім тілімізді кесіп алады?  Қырғыздар тастай қылып, ұлақшы сөзін орысшаға да енгізіп термин етіп алған. Ал біздің орысша комментатор «тушка» дейді, серке демейді.

Қысқасы ғылым араласпаған ойын спортқа айналмайды. Дау-дамайдан көз ашпайды.

Жарайды әзір көкпаржай туралы айтпай-ақ жай ғана алаңға тоқталайық. Көкпар алаңы барынша спортқа жуық, қауіпсіздік жағынан да қолайлы. Бірақ жіппен тартылған қазанымыздың түрін қараңдаршы! Көз тарта ма? Жоқ, құмға көміліп жатыр. Серке түскенде шеңбер жиегінің қай жағында екенін комментаторлар көрмей, аңдамай не айтарын білмей жатыр. Көрермендер тіпті көрмей отыр. Ал төрешілер мен көкпаршылар  үшін ол даулы тақырыпқа айналуы әбден мүмкін.

Балықша шоршып, түсі шошқаға ұқсаған муляж/тұлып жөніндегі әңгіме тіпті басқа.

«Командалық» не, «жаппай» не?

Енді «командалық көкпар», «жаппай көкпар» деген ұғымдарға келейік. Негізі командалық емес – «спорт-көкпар», жаппай көкпар емес – «ойын-көкпар» деу керек. Өйткені, команданы неліктен құрдық, көкпардан спорт  шығару үшін құрылды. Ал жаппай көкпар - қазақтың төл әрі дәстүрлі ойыны, сондықтан ойын-көкпар. Жаппай көкпарда спортқа тән ештеңе жоқ. Тек серкеге таласып, тігілген бәйгені қолға түсіру ғана мақсат. Қырғыз да, қазақ та дәстүрлі ойынның қандай екенін ұмыта бастады. Біреуі қазан-ошақ кіргізді, енді бірі нағыз көкпарды «жаппай көкпар атады».

Ал енді қырғыздың қазан-ошағына келсек, ол - спорттың емес, этноойынның атрибуты, егер қырғыз үшін тайқазан көкбөрінің ұлттық атрибуты деп танылса. Бірақ олай да емес. Ол футбол қақпасының калькасы ғана! Көкбөріні серке бауыздап, қазан-ошақ орнатып, ойнайтын Ауғанстан болмаса, басқа елдер өздерінде оны дамыта қоймайды. Өйткені, ондай дәстүр қырғыз бен қазаққа ғана тән, спорт ретінде басқа аудиторияда ол қабылданбайды. Бірақ қырғыздар барын салып тырысып жүр, бапкерлері мен ойыншыларын АҚШқа жіберіп, өзбек командасына қосып,  Ресей командаларында қырғыздарды ойнатып дегендей барын салып жатыр. Ал біз өзімізбен өзіміз отырмыз. Көкпарды біреу әлемге таратып, дамытып беретіндей.

Көкпарға келген ковбойлардың сөзін тыңдасақ, оларға ешкім көмектеспеген, дайындық кезінде қиналдық деп отыр. Сонда көкпарды Азия ойындарына кіргіземіз деушілердің ісі қайда?

Біз неге 25-ке жуық төрк халықтарына көкпарды үйретіп, команда жасақтап бермейміз? Біз неге өз алтынымызды алуға ғана барымызды салып, жанталасамыз? Сондақ қазақтың мотивациясы тек жүлде ме? Ұлттық құндылық қайда қалады?

Енді қазақ пен қырғыз командалары туралы бірер сөз айтайық. Шындығына келгенде, қырғыздардың деңгейі анағұрлым жоғары екенін мойындайық, ол көкпаршылар арасында мойындалған да. Бірақ бұл қырғыздар ерекше жаралған халық деген сөз емес. Екі жыл бұрын Түркияда көкпардан қырғызды 4:3 пен зорға ұттық. Көкбөріден 5:0 болып ойсырай жеңілдік. Биылғы «әлемпиадамызда» өз алаңымызда ұтыла жаздап барып, қосымша уақытта бір салыммен зорыға ұттық. Ал көкбөріден 4:10 болып  ойсырадық.

Мәселе неде?

Мәселе: қазақтардың жүйесіз бабында, қырғыздардың жыл бойы ойнап, бала кезден есек мініп, жабағы мініп, көкпарды тұрақты әрі дәстүрге сіңіруінде. Біздің спорт-көкпарды былай қойғанда, ойын-көкпардың өзі тек қана байдың тойын күтіп жатады, былайғы кезде көкпар да, көкпаршы да өз беттерінше жайында қалады.

Арнайы ат баптау сол себепті де дәстүрімізден үзілген, жалғамай отырмыз. Сондықтан қырғыздың аты бабында, көкбөріші әбжіл, тактикасы мен бірлігі қанға сіңген. Бізде бір-екі көкпаршыға күш түседі, тактика сақталмайды, себебі шеберлік пен командалық жуысу жоқ, әдіс пен әдет сіңіспеген. Жарыстан жарысқа ғана ойнаймыз, бітті.

Біз неге оңтүстіктегі 4 облыста қысы-жазы көкпарды ойната алмай отырмыз? Біз неге осы облыстарда 4 көкпаржай салып, қар мен жауыннан қорғайтын төбесін жауып, салмай отырмыз? Біздің байларымыз мыңдаған долларды, автоны, пәтерді көкпарға тіккенше, неге жеке көкпаржай салмайды? Сосын арендаға беріп, өз командаңды құрып, қысы-жазы, балаларды тайға мінгізіп, тартыстырып неге отырмасқа. Осы жобаны неліктен Туризм және спорт министрлігі қолға алмайды? Неліктен осыған байларды тартпайды? Не себепті осыны Федерация қоғамға бастама етіп көтермейді?

Кешегі көкпар мен көкбөріге қатысқан аттардың бәрі де жекеменшік жылқылар. Неліктен арнайы көкпар жылқысын баптайтын жеке мен мемлекеттің біріккен жобасын іске асырмаймыз? Бұл деген қып-қызыл пайда мен табыс қой, тәрбие мен спорт өз алдына!

Жарыс мәресінде көкпар ойнаған кешегі қырғыздар үш бірдей айыпты бетімізге басты:

  1. Серкені алдын ала бермей, көрсетпей, жаттығуға кедергі жасады деді.

  2. Серкенің салмағы 30 келі емес 33 келі деді.

  3. Ережеге байланысты әңгімелерін тағы айтты.

Кез келген айыптаудың артында бір кінәрәт бар.Мен қырғызды жақтап отырған жоқпын, қазақтың көкпар ойыны әлемге таралып спорт бола ма, жоқ па? дегенге бас қатырып отырмын.

Әсіресе, бұл жағынан Көкпар федерациясы мен  Туризм және спорт министрлігі бастарын мықтап ауыртуы керек. Білім мен білікті, қолда бар ресурсты шашау шығармай, жарата білулері қажет.

Көкпарды дамыту бойынша соңғы бір жыл ішінде кемінде бір конференция, бір дөңгелек үстел өтуі тиіс еді. Өткен шығар, бірақ нәтиже қайда?

Оларға неге сарапшылар мен мамандар, білікті ғалымдар шақырылмады?

Қысқасы, Бәріміз жабылып ойланайық, ағайын.

С.Ерғали,

«Көкпарды жетілдіру тұжырымдамасының» авторы

Пікірлер