Құмар ойынды насихаттайтын 7 мыңға жуық интернет-ресурс бұғатталды

930
Adyrna.kz Telegram
фото: tolqyn.kz
фото: tolqyn.kz

Заңсыз лотерея қызметі мен интернет-казиноға қарсы күресте 6 639 ресурс бұғатталды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Мәлімет бойынша, ведомство заңсыз лотерея қызметін анықтау және тосқауыл қою бойынша белсенді жұмысты жалғастырып жатыр. Биыл жыл басынан бері заңсыз лотерея ұйымдастыратындарға қатысты 103 әкімшілік хаттама толтырылды. Сот талқылауы нәтижесінде 48 жеке тұлға жауапқа тартылып, қалған істерді қарау жалғасып жатыр.

Заңсыз интернет-казинолармен және букмекерлік кеңселермен күрес аясында түрлі ведомстволар Бас прокуратурамен, Қаржы мониторингі агенттігімен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, заңсыз қызмет белгілері бар 11 417 интернет-ресурсты анықтады. Оның ішінде 6 639 ресурс бұғатталды, 1 237-сі өңдеу сатысында, 1 961-і қолжетімсіз, 1 353 ресурста құқық бұзушылық белгілері жоқ, ал 227-сін Мемлекеттік техникалық қызмет пилоттық режимде бұғаттады.

Туризм және спорт министрлігі азаматтардың құқықтарын қорғап, онлайн-қызметтер нарығында тәртіпті қамтамасыз етіп, сондай-ақ аталған саладағы заңсыз қызметтердің мониторингі мен тосқауыл қою бағытында жұмысын жалғастырады.

Пікірлер