Дуровтың ұсталуы сөз бостандығына кері әсер етуі мүмкін - Қазақстан журналистер одағы

1087
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан журналистер одағы танымал Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың ұсталуы сөз бостандығына кері әсерін тигізуі мүмкін екенін айтуда, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Қазақстан Журналистер одағы Франция билігін Павел Дуровтың негізгі құқықтары мен бостандықтарын сақтауды қамтамасыз етуге және осы іс бойынша объективті тергеу жүргізуге шақырады», - делінген ҚЖО жексенбі күнгі мәлімдемесінде.

Қазақстанның бас журналистік ұйымы Дуровтың ұсталуы бостандық, демократия және сөз бостандығы принциптері үшін күресетіндердің барлығын алаңдатқанын атап өтті.

«Ресми тіркелген тәуелсіз демократиялық БАҚ тұрақты түрде қудалауға ұшырайтын немесе мүлдем жұмысын тоқтататын, интернет сайттары үнемі бұғатталып тұратын бірқатар елдерде Павел Дуров жасаған Telegram қазіргі уақытта ақпараттың жалғыз  көзі екенін ескеру маңызды. Еске салайық, Павел Дуров 2018 жылы дәл цензураға қарсы принципті ұстанымы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды және оның қамауға алынуы демократиясы әлсіз дамушы елдердегі сөз бостандығы мен адам құқықтарына кері әсер етуі мүмкін», - деп атап өтті Одақ.

Франция тарихи түрде бүкіл әлем үшін демократияның берік негізі және жетекшісі болып табылады,  сондықтан Қазақстан Журналистер одағы демократия қағидасына жауап беретін әділ шешім шығаратындай тергеу амалдары объективті түрде жүргізіледі деген үмітте.

Еске сала кетейік, 24 тамызда Дуров Францияның Ле Бурже әуежайында ұсталған болатын. Француз ақпарат құралдарының хабарлауынша, Дуров Telegram-ның негізін қалаушы ретінде есірткі саудасы, балаларға қарсы қылмыстар мен алаяқтықтардың сыбайласы болып саналады.

Дуров цензураға және азаматтардың интернеттегі еркін хат алмасуына үкіметтің араласуына қарсы ұстанымды ұстанымы үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Пікірлер