Мәдениет және ақпарат министрі сайлау кезеңінде БАҚ пен блогерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды

147
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/UoK6sR8THpl9WQck6QnxWVokn6bHAGVI6SMYeMWg.webp

Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сайлауалды науқан кезінде журналистер мен блогерлердің қызметіне қатысты пікір білдіріп, олардың заң аясында еркін жұмыс істеуге құқығы бар екенін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Министрдің сөзінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фото, аудио және бейнетүсірілім жүргізіп, ақпарат тарата алады.

«Ең алдымен, журналистер мен блогерлердің заң шеңберінде өз қызметін еркін жүзеге асыруға, соның ішінде фото және бейнетүсірілім жүргізуге құқығы бар екенін атап өткім келеді. Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңына сәйкес журналистер кәсіби қызметі барысында фотоға, аудиоға және бейнеге түсіруге, сондай-ақ ақпарат таратуға құқылы», – деді Аида Балаева.

Ол сондай-ақ бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлердің әлеуметтік желідегі парақшаларының бұғатталуына қатысты пікір білдірді.

«Журналистер мен блогерлердің кәсіби қызметіне немесе сөз бостандығына негізсіз шектеу қойылды деген пікір туғызатын кез келген әрекет тек жекелеген журналистер мен блогерлерге ғана емес, мемлекеттік органдардың беделіне де нұқсан келтіреді. Бұл мәселе сайлау науқаны кезінде айрықша маңызды. Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желі қолданушыларының, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистердің аккаунттарын бұғаттамайды. Мемлекет те мұндай әрекеттерге немесе сөз бен пікір еркіндігін шектеуге мүдделі емес. Керісінше, мұндай әрекеттер мемлекет пен оның институттарының беделіне нұқсан келтіріп, оларды қоғам алдында теріс көрсетуге пайдаланылуы мүмкін», – деді министр.

Ол әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар әкімшіліктерін заңға қайшы контентті уақытылы анықтап, жою жұмыстарын күшейтуге шақырды. Сонымен бірге заңсыз контентпен күрес сөз бостандығын негізсіз шектеуге ұласпауы тиіс екенін ескертті.

Пікірлер