Теміртаудағы Qarmet металлургия комбинатында екі жұмысшы қаза тапты

1347
Adyrna.kz Telegram
фото: ашық дереккөз
фото: ашық дереккөз

Теміртаудағы Qarmet металлургиялық зауытында мердігер ұйымның екі қызметкері қаза тапты, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Компанияның хабарлауынша, 25 тамызда Теміртаудағы "Qarmet" АҚ нысанында ЛПЦ-2 (№2 листопрокат цехы) қайғылы оқиға орын болған. Таңғы сағат 9:20 шамасында химиялық ұстау блогы (ХҰБ) ғимаратының шатырын бөлшектеу жұмыстарын орындау кезінде техника қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан "Қазмеханомонтаж" ЖШС мердігерлік ұйымының екі жұмысшысы биіктен құлап кеткен.

Екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмған.

"Qarmet" компаниясы қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жазатайым оқиғаның себептері мен мән-жайларына жан-жақты тергеу жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлайды.

Қаза тапқан Д. Иманғалиев 19 жаста, Ю.Самойлов 38 жаста болған.

Сонымен қатар, компания өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейтуге бағыт алып, өз нысандарында қызметкерлерінен де, мердігерлік ұйымдардың қызметкерлерінен де барлық қауіпсіздік нормалары мен ережелерін мүлтіксіз сақтауды талап етпек.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың қазан айында "АрселорМиттал Теміртау" кенішіндегі апат елдің тау-кен тарихындағы ең ірі апат болды. Апат болған кезде шахтада 252 адам болған, 208 кеншіні құтқарушылар жер бетіне алып шыққан, 46 адам қаза тапқан еді.

Ал бұған дейін 2006 жылы Ленин атындағы шахтада болған апаттан 41 кенші жер астында қалған болатын.

Пікірлер