Алатау ауданы, Дарабоз ықшамауданының тұрғындары жол бойындағы бетон тосқауылдарды өздері қолмен алып тастады. Алматы әкімдігі бұл аумақта жөндеу жұмыстары жүргізілетінін еске салды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Момышұлы көшесін күтпеген жерден жөндеуге кіріскен алматылық мердігерлер Алатау ауданындағы Дарабоз ықшамауданының тұрғындарына ескертпестен, тұрғын үй кешенінен шығатын барлық негізгі шығу жолдарын бетон тосқауылдармен қоршап тастаған», - делінген EGOV.PRESS Telegram-каналындағы видеоның сипаттамасында.
Кадрлардан бетон бөгеттердің кесірінен жүре алмай тұрған көліктердің ұзын-сонар кептелісін байқауға болады. Артынша бір топ ер адамдар қозғалысты босату үшін блоктарды қолмен жылжыта бастайды.
Бейнежазбаға түсініктеме берген Алматы әкімдігі бұған дейін Момышұлы көшесінің жабылатыны туралы сызба жарияланғанын және онда айналма жолдар көрсетілгенін, тұрғындарға шаралар туралы ақпарат хабарланғанын еске салды. Бүгінде жөндеу жұмыстары жалғасуда.
«Рысқұлов даңғылынан «Дарабоз» шағын ауданына дейінгі учаскеде жұмыстар аяқталып, көлік қозғалысы ашылды, «Дарабоз» ықшамауданынан Мөңке би көшесіне дейінгі учаскеде асфальтбетон төселді, бірақ қоспаның салқындауына уақыт қажет. Бұл учаскеде қозғалыс 15 тамыз күні таңертең ашылады. Рысқұлов даңғылы бойымен және Ф.Оңғарсынова, Универсиадная, Мөңке би және Ақбұлақ шағын ауданы көшелері бойымен айналма жол қарастырылған. Сондай-ақ, 14 тамыз сағат 23:00-ден 16 тамыз 11:00-ге дейін Райымбек даңғылынан Рысқұлов даңғылына дейінгі аумақта көлік қозғалысы шектеледі. Айналма жол Талдыарал, Еспаев және Қ.Шәріпов көшелерінің бойымен жүзеге асырылады», - дейді қала әкімдігі.
Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйекке дейін Сұлтанбек Қожанов көшесінің бойында Алмагүл ықшамауданының 15-ші ғимаратынан Тайыр Жароков көшесіне дейін көліктер үшін қозғалыс жабылған болатын.
Тіпті 15 қыркүйекке дейін Радостовец көшесінен Гагарин даңғылына дейінгі учаске жабық болады. Алматының Түрксіб ауданында 31 тамызға дейін 57 жыл бұрынғы құбырды ауыстыруға байланысты Сүйінбай даңғылы бойымен No375 үйден No419 үйге дейін көлік қозғалысы шектелді.