Сейсмикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесте Президент Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігіне өз қызметін сыни тұрғыдан қарау керек екенін тапсырды, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Елбасы Сырым Шәріпхановқа қарата сөз сөйлеп, оның осы саланың маманы екенін, теориялық білімі бар екенін, бірақ нақты жұмысқа келгенде еңбегінің жемісі көрініп тұр деуге болмайтынын атап өтті.
“Қазіргі жұмысты көңілден шығады деп айтуға келмейді. Министр Шәріпхановқа ескертемін. Егер сіз өз жұмысыңызды ауыр санайтын болсаңыз, ашығын айтыңыз, ғылыми-оқытушылық қызметіңізге қайтарамыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі ахуал өте күрделі және жауапты, еліміздің қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз жинақы, ұқыпты және белсенді болуымыз қажет. Басқа жол жоқ. Президент Әкімшілігі бүгін айтылған барлық мәселені бақылауда ұстайды”, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ ол қаладағы сиреналардың қосылмағаны дұрыс шешім болғанын да атап өтті.
“Дабыл қосылмады. Бұл дұрыс шешім болды. Әйтпесе, қалада дүрбелең туындайтын еді. Бірақ халықты басқа байланыс арналары арқылы хабардар ету қажет болатын. Құлақтандыру бірнеше негізгі міндетті шешуі керек”, - деді Тоқаев.
Сөзінің соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының тұрғындарын сабырлы болуға шақырды.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қаңтарда Алматыға жұмыс сапарымен келген еді.