30 жылдағы өрлеу мен тоқырау. Қазақстанның Олимпиададағы жолы

1467
Adyrna.kz Telegram
Коллаж: adyrna.kz
Коллаж: adyrna.kz

Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан туы Олимпиада төрінде желбірей бастады. Яғни, 1994 жылы 12 ақпанда Қазақстан құрамасы тұңғыш рет Олимпиада ойындарында өнер көрсете бастады. Содан бері отыз жыл өтті. Қазақстан қандай нәтижеге қол жеткізді? Олимпиада жұлдыздары кім?

АЛҒАШҚЫ ЖЕТІСТІК

XVII Қысқы Олимпиада ойындары 1994 жылы 12-27 ақпан аралығында Норвегияның Лиллехаммер қаласында өтті. Қазақстанның спортшылары спорттың 8 түрінен бәсекеге түсті. Еліміздің абыройын арқалап, шетел асқандар саны отыз жыл бұрын 29 еді. Оның 19-ы ерлер болса, 10 әйел Олимпадаға қатысты. Ел спортшылары биатлон, шаңғы тебу, коньки, мәнерлеп сырғанау, шорт трек сынды спорт түрлерінен бақ сынады. Сол жылы-ақ ел қоржынына 1 алтын мен қос күміс түсті. Үш жүлдені де шаңғышы Владимир Смирнов алды. Ол – Олимпиада ойындарының 4 дүркін күміс және екі дүркін қола жүлдегері. КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атанған спортшы.

Қазақстан 1996 жылы Атлантада өткен Жазғы Олимпиада ойындарына өз тарихында алғаш рет қатысып, үш алтын, төрт күміс және төрт қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама сапында 96 спортшы, 72 ер, 24 әйел болды. Нәтижесінде бокстан Василий Жиров, ерлер арасындағы жеке бессайыстан Александр Парыгин, грек-рим күресінен Алтын Юрий Мельниченко  алтын алды. Ал ел қоржынына бокстан күміс сыйлаған Болат  Жұмаділов болды. Одан бөлек, нысана көздеу мен винтовкадан ату бойынша Сергей Беляев қос күмісті еншілеп, ауыр атлетика бойынша  Анатолий Храпатый екінші орын алған еді. Қола жүлдеге қол жеткізгендер Болат Ниязымбетов (бокс), Ермахан Ибрагимов (бокс), Владимир Вохмянин (нысана көздеу), Мәулен Мамыров (еркін күрес) болды.

ҚОС ҚОЛА

Ал 1998 жылы Жапонияның Нагано қаласында болған Қысқы Олимпиада Қазақстан құрамасы үшін сәтсіз болды деуге болады. Себебі аталмыш халықаралық жарыста қазақ спортшылары қос қоланы қанағат тұтты. Павлодарлық конькиші Людмила Прокашева әйелдер арасында 5 000 метрге жүгіруден үшінші орынды иеленді. Ел қоржынына екінші қоланы белгілі спортшы Владимир Смирнов шаңғымен еркін әдіс бойынша 15 шақырымға жүгіруден сыйлады. Бұл Олимпиадаға елден 60 спортшы аттанған еді.

ЕСТЕ ҚАЛҒАН ОЛИМПИАДА

2000 жылғы Олимпиада Қазақстан үшін жаңа ғасырдың жақсы бастауы болды. Себебі дәл Сидней Олимпиадасында біздің құрамадан бокс бойынша төрт бірдей спортшы финалға шықты. 24 жыл бұрынғы Жазғы Олимпиадада еліміз 3 алтын, 4 күміс иеленіп, жалпы командалық есепте 22 орынға тұрақтады. Олимпиадада көк туымызды желбіреткендер - Бекзат Саттарханов, Ермахан Ыбыраймов, жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина.

Араға екі жыл салып, ел спортшылары 2004 жылы Афиныға аттанды. Себебі 20 жыл бұрын Жазғы Ойындар сол елде өткен еді. Бұл Олимпиада да жанкүйерлер үшін тартысты бәсекенің бірі болды. Оған себеп ел атынан аттанған 119 спортшының қарсыластарымен сайысуы еді. Ақтық сынға шығып, көк туымызды желбіреткен тек 8 спортшы болды. Олардың ішінде бокстан Бақтияр Артаев Олимпиада алтынына қол жеткізсе, күмісті боксшы Геннадий Головкин, грек-рим күресінен Георгий Цурцумия, еркін күрес балуаны Геннадий Лалиев алды. Қолаға онсайысшы Дмитрий Карпов, боксшы Серік Елеуов, грек-рим күресінің шебері Мхитар Манукян қол жеткізді.

ҚАЗАҚСТАН ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЙТТЫ...

2006 жылғы Қысқы Олимпиада Италияның Турин қаласында өтті. Бұл сайысқа 67 спортшы аттанып, Қазақстан жүлдесіз қалды.

Делегацияны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері комитетінің төрағасы Дәулет Тұрлыханов басқарды.

АЛМАЛЫ-ТӨКПЕЛІ ЗАМАН

2008 жылы Қытайда өткен Олимпиадада бокстан Бақыт Сәрсекбаев алтын алып, ел жанкүйерлерін қуантты. Оның артынша ауыр атлет Алла Важенина да Олимпиадада үздік атанып, алтын алды. Дзюдо бойынша Асхат Житкеев моңғолдық балуанға есе жіберіп, күмісті еншіледі. Ал Олимпиадада төртінші орын алған жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен қолаға қол жеткізген грек-рим күресінің балуаны Нұрбақыт Теңізбаевтың бағы жанды. Себебі қос спортшының қарсыластары допинг дауына ілініп, халықаралық олимпиада комитеті еліміздің спортшыларына күмісті берді. Ал Қытайда қоланы таеквондошы Арман Шылманов пен боксшы Еркебұлан Шынәлиевке, әйелдер күресінің балуаны Елена Шалыгина мен еркін күрес балуаны Марид Муталимовке алды.

Дәл 14 жыл бұрын, 2010 жылы Ванкуверде өткен Қысқы Олимпиада Ойындары да Қазақстан үшін «нашар көрсеткішпен» аяқталды. Себебі жүлде тақтасында тек биатлоншы Елена Хрусталеваның жалғыз күмісі бейнеленді. Сол жылы Канадаға аттанған 37 спортшының 36-сы жанкүйер үмітін ақтай алмады. Екінші орын алған Елена Хрусталева Ресейден келген легионер болды.

ДОПИНГ ДАУЫ

2012 жыл Қазақстан үшін Олимпиаданың «алтын жылы» болды деуге де болады. Себебі Лондонда өткен сында спортшыларымыз 7 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдені иеленіп, барша қазақ жұртын шулатты. 115 спортшы шетелге шығып, өзге елде Қазақстанның намысын қорғады.

Алайда ауыр атлетика бойынша сынға түскен 4 спортшы допинг дауына ілініп, алтындарынан айырылды. Олар Зульфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова мен Илья Ильин еді.  Лондонда бокстан Серік Сәпиев, велошабандоз Александр Винокуров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова алтынға қол жеткізіп, абыройын сақтап қалды. Жалғыз күміс жүлдені 81 келіде шаршы алаңға шығып, жұдырықтасқан Әділбек Ниязымбетов алды.

Ал қола жүлдегерлер арасында еркін күрес балуаны Ақжүрек Таңатаров, грек-рим күресінен Даниял Гаджиев, әйелдер күресінен Гюзель Манюрова, боксшылар Иван Дычко мен Марина Вольнова болды. Одан бөлек, еркін күрестен Дәулет Шабанбайдың да қарсыласы допинг дауына ілініп, біздің спортшы қоланы иеленді.

ДЕНИС ТЕННІҢ ҚОЛАСЫ

2014 жылы Ресейдің Сочи қаласында өткен Қысқы Олимпиада ел жанкүйерлерінің есінен шықпас. Себебі дәл сол жылы Қазақстан құрамасына тек жалғыз қола бұйырды.

Мәнерлеп сырғанауда Денис Тен үздік үштікке еніп, қазақстандық жанкүйлерді қуантты. Өкінішке орай, спортшы елге келген соң кейінірек көлігінің айнасын ұрлаушылардың үстінен түсіп, солардың қолынан қаза тапты.

17 ЖҮЛДЕ

Ел спортшылары Жазғы Олимпиадада тағы да жанкүйерлерін қуанта білді. 2016 жылы Бразилияның Рио-де Жанейро қаласында өткен сайыста боксшы Данияр Елеусінов, ауыр атлет Ниджат Рахимов, суда жүзуден Дмитрий Баландин алтын алып, жанкүйерлер қалпағын көкке лақтырды.

Еліміз сол жылы күміске де қарық болды. 2024 жылы Олимпиада чемпионы атанған дзюдошы Елдос Сметов 2016 жылы күмісті қанағат тұтты. Одан бөлек,ауыр атлет Жазира Жаппарқұл, еркін күрес балуаны Гюзель Манюрова, боксшылар Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левит күміс жүлдегер атанды. Қола жүлдегерлер қатарынан дзюдошы Отгонцэцег Галбадрах, ауыр атлеттер Фархад Харки, Карина Горичева, Александр Зайчиков, әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова, боксшылар Иван Дычко мен Дариға Шәкімова көрінді.

ҚОЛА ДӘУІРІ

2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчханда өткен Қысқы Олимпиада Ойындарында қазақстандық фрийстал шебері Юлия Галышева ғана қолаға қол жеткізіп, ел үмітін ақтады.

Ал мезгілі бойынша 2020 жылы өтуі тиіс болған Токио Олимпиадасы кейінге шегерілді. Себебі сол жылы коронавирус әлемді шарпыды. Сол жылы қазақ спорты құлдырады деуге де болады. Себебі Олимпиадаға спорттың 19 түрінен аттанған 93 спортшының ешқайсысы да алтынға қол жеткізе алмады. Ел спортшыларына екінші орын да арман болды.

4 жыл бұрын Олимпиадада ел спортшылары тек 8 қоланы алып, елге оралды. Олар - дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Зүлфия Шиншанло, Игорь Сон, боксшылар Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев, каратэ бойынша Дархан Асаділов пен Софья Берульцева  және еркін күрес балуаны Нұрислам Санаев сынды спортшылар.

ЖҮЛДЕСІЗ ЖЫЛ

2022 жылы да ел бюджетінен қыруар қаржы бөліп, Бейжіңге аттандырған спортшылар халық үмітін ақтамады. Қысқы Олимпиада Ойындарына Қазақстаннан 34 спортшы аттанса да алтын, күміс, тіпті қолаға қол жетпеді. Тек шорт-трекші Абзал Әжіғалиев төртінші орынға тұрақтап, жұбаныш болды.

БИЫЛ

2024 Парижде ХХХІV Жазғы Олимпиада Ойындары өтті. Алайда бұл сайыс әбден дауға ілікті.  Ең әуелі халық ел құрамасына тігілген арнайы формаға ашуланды. Оны мектеп оқушысының киім үлгісіне теңеді.  Бұл сайыста ел үміт артқан кей боксшыларымыз жұбаныш кезеңінен өте алмады. «Алланың қалауымен», «бұйырмады» деген спортшылардың сөзі де жұрттың ашуын тудырып, дайындықтың шикі болғанын дәлелдеді.

Олимпиада ойындарының алғашқы күндерінен-ақ теледидарға телміріп, әр спортшыға шын жанкүйер болған қазақстандықтарды нысана көздеушілер Александра Ле мен Ислам Сатпаев қуантты. Қос спортшы қола жеңіп алды. Артынша ел үміт артқан дзюдошы Елдос Сметов қарсыластарын түгелдей тізе бүктіріп, алтын иеленді. Бұл қазақстандықтар үшін үлкен қуаныш болды. Бірақ, осыдан соң ел қоржынына ешқандай алтын жүлде түспеді. Боксшы Нұрбек Оралбай, гимнаст Нариман Құрбанов пен грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраевтың күмісі халықтың көңіліне медеу болды. Ал қоланы дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, боксшы Назым Қызайбай, нысана көздеушілер Александра Ле мен Ислам Сатпаев жеңіп алды. Осылайша Қазақстан соңғы Олимпиадада 7 медаль жиынтығымен 43-орынға табан тіреді.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер