Орманнан табылған қыруар қаржы. Бұрынғы министрге қатысты тергеу басталды

149
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/P7jSrPLofWbvOKpvapMwfZbDO4frjtngCNbiko8Z.webp

Фото: Shutterstock

Венгрия билігі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу барысында жасырын орындардан 20 миллион долларға жуық қолма-қол ақша тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы AFP агенттігіне сілтеп. 

Қаражат орман ішінен, қоймалардан, тұрғын үйлерден және ауыл шаруашылығы нысандарынан анықталған. 

Венгрияның активтерді қайтару және қорғау жөніндегі ұлттық басқармасының мәліметінше, тінту жұмыстары екі күн бойы Будапешт қаласы мен елдің үш өңірінде жүргізілген. Тергеушілер ақшаның бір бөлігін орманға көміп, қалғанын қоймалар мен тұрғын үйлерге жасырғанын анықтады. Сондай-ақ оқшау жерде орналасқан қымбат сейфтен де ірі көлемде қаражат табылған.

Тәркіленген ақшаның ішінде 5,07 миллиард венгр форинті (шамамен 13,3 миллион еуро), 2,66 миллион еуро және 1,26 миллион АҚШ доллары бар. Венгрияның қаржы министрі Андраш Карманның айтуынша, мемлекеттік қазынашылықтың 12 қызметкері бес ақша санау құрылғысын пайдаланып, банкноттарды сегіз сағат бойы санаған.

Қазір тәркіленген қаражат мемлекеттік қазынашылықтың есепшотына аударылған.

Тергеу елдің бұрынғы ұлттық даму министрі Миклош Шештакқа қатысты жүргізіліп жатыр. Ол 2014–2018 жылдары Виктор Орбан үкіметінде қызмет атқарған. Бұрынғы министр 37 миллион доллардан астам пара мен заңсыз комиссия алды деген күдікке ілінген. Тергеу нұсқасы бойынша, қаражат мемлекеттік көлік компанияларының пайдаланылған автобустарды қымбат бағаға сатып алуына және мемлекеттік құрылыс жобаларына байланысты болуы мүмкін.

Шештак қыркүйек айының соңында ұсталған. Алайда ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды. Бұрынғы министрдің адвокаты Габор Папп журналистердің табылған ақшаға қатысты сауалына әзірге жауап бермеген.

Венгрия премьер-министрі Петер Мадьяр бұл оқиғаны Виктор Орбан билігі тұсындағы ықтимал сыбайлас жемқорлықпен күрестегі маңызды бетбұрыс деп бағалады. Ол Facebook парақшасында ақшаның табылуын «Фидес – Христиан-демократиялық халық партиясы мафиясының ресми аяқталуы» деп атаған.

Пікірлер