Алматы облысында 2016 жылы салынған мектеп жарамсыз болып қалды

1444
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысы, Іле ауданы, Боралдай ауылы, Жайнақ ықшам ауданының тұрғындары 2016 жылы салынған жаңа мектептің жарамсыз болып қалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Аталған ауылдың тұрғындары журналистерден көмек қолын созуды сұраған.
Себебі 2016 жылы қолданысқа берілген мектеп, 2024 жылы ақпан айындағы жер дүмпулерінің салдарынан ірге тасы жарылып, керегелері айырылып, оқу ғимараты жарамсыз болып қалған.

Мектеп басшылары ақпан айында болған жайды жасырып, балаларды апатты мектепте әрі қарай оқыта беруді жөн санапты. Бірақ, сергек ата-аналардың жанайқайымен бұл мәселе жария болып, оқушылар қашықтан оқытуға жіберілген. Яғни мектеп оқушыларды 2023-2024 оқу жылының соңғы екі тоқсанын қашықтан оқытқан.

Ауыл халқы "2016 жылы ғана қолданысқа берілген жаңа мектеп неге бұлай жарамсыз болып қалды?" деген сұраққа жауап ала алмай отыр.

Соңғы уақытта мемлекет қаржысынана 1 млрд теңге бөлініп күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген ақпарат тараған. Десе де, бүгінгі күні, яғни 2024 жылдың шілде айының 23 жұлдызында мектепті жөндеу жұмыстары әлі басталмапты.

Ата-аналар "Мектеп оқушылары 2024-2025 оқу жылын тағы да қашықтықтан оқытылмақ па?" деп алаңдап отыр. Оның сыртында іргетасы ыдырап, апатты жағдайда тұрған мектептің күрделі жөндеуден кейін де жер дүмпулеріне шыдас береріне сенбейді. Сондықтан да, бейсенбі күні ата-аналар жиналып, наразылық білдірмек.

Пікірлер