Коронавирустан жазылған Баталов індеттің не себепті өршіп кеткенін хабарлады

3270
Adyrna.kz Telegram

Коронавирус инфекциясын жұқтырып, астанаға барып емделіп келген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірде  індеттің не себепті өршіп кеткенін хабарлады. Бұл туралы Facebook парақшасында түсіндірді.

"Құрметті жетісулықтар!

Соңғы кезде бірқатар аудан, қала әкімдері коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жұмыстарын босаңсытып алды. Әрине, оған кейбір облыстық бақылаушы құрылымдар басшыларының сырқаттануы сияқты объективті себептермен қатар басқа да факторлар әсер еткені белгілі.

Сонымен қатар белгісіз себептермен оперативті штабтың жұмысы тоқтап қалған, бірақ ең бастысы - инфекциялық және провизорлық бөлімдердің жұмыс алгоритмі бұзылған. Жекелеген жағдайларда коронавируспен ауырған азаматтармен байланыста болған, "қызыл аймақта" саналатын медицина мамандары қоғамдық көлікпен қатынап, отбасы ортасына оралып жүрген.

Мұндай жағдайлардың мен аудан, қала әкімдерімен өткізген селектор жиыны барысында Талдықорған, Текелі қалалары мен кейбір аудандарда орын алғанын анықтадым. Бұл ең алдымен жергілікті жерлердегі әкімдердің, денсаулық сақтау басқармасы басшылығының олқылығы, медицина мекемелері бас дәрігерлерінің санитарлық нормаларды өрескел бұзуға жол бергенінің салдары.
Осының барлығы және басқа да факторлар, әсіресе, Талдықорған мен Текелі қалаларында індеттің жылдам артуына себеп болды, бұл қалаларда коронавирустың өсімі сəйкесінше 11-12% құрап отыр.

Сондықтан барлық аудан, қала әкімдеріне халық арасында вирустың одан әрі таралуына жол бермеудің тиісті шараларын қабылдауды, облыс тұрғындарына тиісті деңгейде ем жасауды ұйымдастыру, стационарларды қажетті төсек санымен, медикаменттермен, барлық қажетті құрал-жабдықтармен, соның ішінде ӨЖЖ аппараттарымен қамту тапсырылды. Қысқа мерзім ішінде халық үшін ПЦР талдау жасайтын тағы бірнеше қосымша зертханалар ашу жүктелді. Осы жұмыстардың барлығын тез арада бастауды, оның нәтижелері туралы жедел штабты күнделікті хабардар етіп отыруды тапсырдым.

Мұндай шараларды қабылдауға қажетті барлық мәселелер шешілген, облыстық бюджет қайта қаралып, барлық қажетсіз бағдарламалар қысқартылып, мұқтаж адамдарға медициналық көмек көрсетуге және медицина мамандарын қолдауға қажетті көлемде қаржы бөлінді. Жалпы коронавируспен күрес шараларының өзіне ғана жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Осы ретте қазіргі ауыр кезеңде сырқаттарға, медицина мамандарына қайтарымсыз, шын пейілмен азық-түлік, дəрі-дəрмек, құрал-жабдық жəне басқа да қажеттіліктер əкеліп беріп, қолдау көрсеткен барша жандарға шын жүректен алғысымды айтамын. Рахмет сіздерге!

Құрметті жерлестер, карантин талаптарын қатаң сақтап, өз денсаулықтарыңыз бен жақындарыңыздың денсаулығына жауапты қараңыздар. Қазіргі кезде көп нәрсе өзіміздің саналы əрекетімізге байланысты. Өздеріңізге, жақындарыңызға жанашыр болыңыздар!
Құрметпен,
Амандық Баталов, - делінген фейсбук  жазбасында

Пікірлер