«Жаңа заң қадағалануы керек». 12 жыл лудоманияға шалдығып, айыққан азаматтың хикаясы

1383
Adyrna.kz Telegram

Қазір лудоманияға әйелдер де шалдығуда. Бұл туралы Атырау қаласындағы лудомания дертіне шалдыққандарға көмектесетін  “Жаңа өмір” қолдау орталығын қалаушы Нұртас Нұрғалиұлы айтып берді.

Нұртас Нұрғалиұлының ойын құмарлықтан арылғанына 2 жыл болған. 12 жыл бойы лудоманияның арбауында қалып, жақындары теріс айналғанын айтады.  

- Құмар ойындарға тәуелділік немесе патологиялық құмар ойындар - ауыр психикалық бұзылыс. Бұл бұзылыс жеке және кәсіби өмірде елеулі проблемаларға, қаржылық қиындықтарға және психикалық және физикалық денсаулықтың нашарлауына әкеледі, - дейді ол.

«ӨЗ - ӨЗІМЕ ЕКІ РЕТ ҚОЛ ЖҰМСАДЫМ...»

Өз тәжірибесімен бөліскен Нұртас «Ойыннан айыққаныма 2 жылдан асты. Оңалту орталықтарында болдым, біршама мамандармен жұмыс істедім. Енді міне, өзім де лудоманияға шалдыққандарға көмектесудемін» дейді.

- Мен 12 жыл ойын ойнадым. 9 сыныпта бастадым. Өзім футбол жақсы көрген соң, футболға бәс тігіп көрдім. Өкінішке қарай, алғашқы бәс тігуім ұтыспен болып, сол ұтыстың дәмін сезген соң, ойынды жалғастырдым. Сөйстіп сол ойыным 12 жылға созылды. 12 жыл ішінде өз-өзіме екі рет қол жұмсадым, жұбайыммен ажырастым, достарыммен айырылдым, туыс алдында абыройым кетті. Абыройыммен қоса, еркектік мінезім кетіп, сөзімнің салмағы қалмады. Қазақта “тірі өлік” дейді ғой, дәл сондай киіпте өмір сүрдім, - деп еске алады Нұртас Нұрғалиұлы.

Нұртас Нұрғалиұлының айтуынша, «Жаңа өмір» орталығының  ашылғанына 9 ай болған.

- Қазірге дейін шамамен 100 адам келді. Айға бөлсек,  айына 10-ға жуық адамнан келіп отырады. Өкінішке қарай, қазір ер азаматтар ғана емес, әйел адамдар да келуде. Бұл қоғамның дертіне айналып отыр, - дейді маман.

Оның сөзінен ұққанымыз кемшілігін өзі мойындап келетін адамдардың келуі де бір қуаныш.  

- Бізге келген адамды емдейтін сиқырлы дәрі жоқ. Ең бірінші оған ұғым береміз. Яғни, ойынға неге кіріп кетті, немен айналысып жүр, одан қалай шығу керек жолдарын көрсетеміз, - дейді Нұртас Нұрғалиұлы.

«ОЙНАЙТЫН АДАМ АМАЛЫН ТАБАДЫ»

Нұртас Нұрғалиұлы таяуда қабылданған «ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да адамдардың игілігіне қызмет етсе екен дейді.

- Осы заңда жұбайыңсыз несие алуға болмайтыны және өзін-өзі шектеу 10 жылға ұзартылғаны ұнады. Заң бар, дегенмен, ол қадағалау деген де болуы керек, - дейді ол.  

- Менің кезімде 25 жасқа дейінгілерге ойнауға болмайтын еді. Өкінішке қарай, мен 13 жасымда бастап ойнадым, - деп салыстырады ол.

Айтуынша, ойнайтын адам амалын табады.

- Әкесінің шотымен ойнайды, болмаса басқа мемлекеттердің букмекеріне кіріп ойнайды. Сондықтан қабылданған жаңа заңды қатаң ұстанып, қадағалау қажет, - дейді «Жаңа өмір» орталығының басшысы Нұртас Нұрғалиұлы.

Аталған заң бойынша құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер