Лудоманға мына заңның дөп келгені айтылды

1028
Adyrna.kz Telegram

8 шілде күні  Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Аталған заң қоғамға үлкен өзгеріс әкелмек. Бұл туралы белгілі заңгер Тілеужан Кішкенебаев айтып берді.

- Жақында Президент қол қойған лудоманияға қатысты заң - қоғамға үлкен өзгеріс әкелмек. Өйткені, заң жүзінде тыйым салынып, ойын бизнесі тыйылады.  Ойын бизнесі тыйылса, ойыншылар да, өмірде өз орнын таппай жүрген жастарымыз бұл жолға түспейді. Заң бойынша, қала ішіндегі ойын-сауықтар, автоматтар қоғамдық орындардан алыстатып жатыр.Бұған дейін талай ұтыс ойындарына қатысып, әбден қарызданған тұлғалар енді букмекерлік кеңселер мен казиноларға кіре алмайды. Бүгінде қара тізімге енген 3,5 млн қазақстандық бар. Мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым басшыларына да бәс тігуге тыйым салынды. Шектеуге 280 мың адам іліккен. Талапты бұзса, ешқандай ескертусіз жұмыстан шығаралады. Заң жобасына бұл норманың енуі тегін емес. Себебі, бұған дейін мемлекеттік қызметкерлердің 507 млн теңгесін құмар ойынға жұмсағаны белгілі болған. Бас-аяғы 305 адам. Онлайн-казино ұйымдастырушылар да қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 7 жарым млн теңге айыппұл төлеп, немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен онлайн-казиноларды Бұқаралық ақпарат құралдары, кино, видео арқылы жарнамалауға ішінара тыйым салынады. Ал құмар ойынын насихаттаған блогерлер мен қоғам белсендірі кемі 200 мың теңге айыппұл төлейді, - деді заңгер.

Практик-психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сәндібекқызының айтуынша, лудоманияға шалдыққан адам үшін заңмен тыйымнан бөлек, онымен толыққанды жұмыс істеу қажет.

- Лудоманиядерт. Оны тыю үшін толыққанды жұмыс жүргізілу керек. Заң толығымен жояды деп айту қиын. Бірақ алдын алуға орасан көмегі болмақ. Себебі, әрбір адам өз әрекетінің алып келер салдарын ескерер болса, қорқыныш сезімін ұялату арқылы  өзін бұл дерттен шектеуіне ықпал ете алады. Лудомания- “ессіздікке жеткенше ойнау” - деген  мағынаны береді. Азарттықтәуелділіктің бұзылысы. Азарттық тәуелділік сәтінде адам өз сезімдерін және өзін бақылай алмау себебінен қаржылық және әлеуметтік қиындықтарға тап болады. Лудомандар әдетте өзінің ішкі қажеттіліктерін ойын арқылы жабуды көздейді. Ойын  барысында бір сәттік эйфорияны бастан өткізеді. Ақшаны ұтылып қалғанда депрессия, мазасыздық, қауқарсыздық, кінә сезімін кешеді. Сол кінә сезімін жеңілдету мақсатында ұтылған ақшаны қайтарамын деген алдамшы оймен қайта-қайта ойнап, шырмауықтан шыға алмай жатады. Бастапқыда тез байып кетуді көздесе, әрі қарай сол серпіліс, эмоцияны қайта бастан өткізу үшін ойнайды, - дейді психолог маман.

Сондай-ақ, психолог лудомания дертіне шалдыққан адамнан бөлек, оның толық отбасына да топтық терапия жасалу қажет екенін айтады.

- Лудоманияны емдеу ұзақ уақытты және адамның саналы түрде дайындығын талап етеді. Лудомания тәуелділіктің түрі болғандықтан, тек лудоманды ғана емес, оның толық отбасына жеке және топтық терапия жүргізілген дұрыс. Өйткені бұл дерт отбасылық дерт. Лудоманға алғаш қол созып, көмек беріп, аяушылық танытатын да жақындары. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстану, тұрғылықты орнын ауыстыру, қызығушылықтарын көбейту, рухани байлықты, кітап терапиясы, адами құндылықты дамытуды басты назарға алған жөн. Қазіргі таңда лудоманияны емдеуде, лудомандарды қолдау мақсатында көп көмек беретін оңалту орталықтары және құмар ойыншылардың анонимді клубтары бар. Үнемі өзін бақылауда ұстап, өз энергиясын пайдалы арнаға бағыттауға дағдыланса дерттен айығады. Қазіргі таңда лудоманияны жеңіп, басқа жандарға жол көрсетіп жүрген тұлғалар да баршылық. Ең бастысы уақытында дабыл қағып, уақытылы көмек қолын созу қажет, - дейді Ұлмекен Сәндікбекқызы.

Пікірлер